Шымкенттіктер праймеризге тастүйін дайын
Партия хатшысы Арман Қырықбаев және «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасы оңтүстік өңірлерді үш күн аралады. Осы күндері олар праймеризге қатысушы үміткерлермен кездесіп, келелі кеңес өткізді. Алдымен Шымкент қаласындағы «Тұран» бастауыш партия ұйымының жұмысымен танысу және партия мүшелерімен кездесу өтті. – «Тұранның» осы күнде 1 000-ға жуық мүшесі бар. Олардың дені – жастар. Партияішілік сайлауға түскен азаматтардың 37 пайызы осы белсенді жастардан тұрады. Жалпы, праймериз жастардың суырылып алға шығуына үлкен мүмкіндік береді, – деді партия жақтастары лигасының мүшесі Ерлан Сайыров. №7 колледж директоры Альбина Елшиева төрайымдық ететін бұл ұйым Еңбекші ауданына қарасты 15 мекемеден 888 партия мүшесін біріктірген. Бастауыш партия ұйымында өткен кездесу барысында негізгі әңгіме еліміздегі жалпыреспубликалық ауқымдағы саяси оқиға болып тұрған «Nur Otan» партиясының партияішілік сайлауы ‒ праймериз төңірегінде өрбіді. Содан соң әл-Фараби ауданына қарасты «Мұз сарайы» ғимаратындағы №11 дауыс беру учаскесінің дайындық жұмыстарына бақылау жүргізілді. Шымкент қаласында дауыс беру толығымен онлайн форматта өткізіледі. Жалпы, сайлау учаскелеріне келіп дауыс беремін деушілер үшін Шымкент қаласында 33 орын дайындалған. Партия хатшысы №11 дауыс беру учаскесінің дайындық жұмыстарын көру барысында дауыс беру кезінде сырттан қысым көрсетуді болдырмауға, заңдылықты толық қамтамасыз етуге, бақылаушыларға жағдай жасауға және санитарлық талаптың сақталуына көңіл бөлді. Ал Абай аудандық филиалының жария дебат өтетін орнының дайындық жұмысымен танысу кезінде праймеризге қатысушылармен кездесу өтті. Онда жер-жердегі сайлау өткізудегі дайындықты праймеризге қатысушылардың талап-тілектерін білу мақсатында партия аппаратының өкілдері аймақтарға іссапармен шығып жатқанын атап өтті. Басқосуда додаға түсіп жатқандар тарапынан сұрақтар қойылды. Барлық сауалдарға рет-ретімен жауап бергеннен кейін партия хатшысы додаға түсушілерге қандай да бір шектеу болса хабарласу керек екенін, бұл саяси додаға жергілікті биліктің араласуы мүмкін еместігіне сендірді. Сондай-ақ «Jastar Otanga» бағдарламасын талқылау мақсатында белсенді жастармен кездесу өтті.Праймеризге қатысушылардың көпшілігі – Түркістан облысында
Шымкентттегі кездесулерден кейін «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасы Түркістан облысына жұмыс сапарымен келді. Басты мақсат – праймеризге дайындықты тексеру және өңірдегі партия белсенділерімен кездесу. Алдымен Отырар аудандық Мәдениет сарайында праймеризге қатысушылармен кездесу өтті. Ал Арыс ауылында «Отырар» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен өткен жүздесуде саяси науқанның маңызы айтылды. Жиын барысында партия хатшысы отырарлық партияластардың сұрақтарына жауап берді. Бүгінде «Nur Otan» партиясының праймеризі қоғам назарында тұр десек қателеспейміз. Іріктеудің таза әрі әділ өтуін қадағалау үшін партияның жақтастары лигасы құрылды. Осы лига жетекшілерінің бірі, саясаттанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров еліміз үлкен өзгеріс қарсаңында тұрғанын айтты. – Саяси өзгерістер ауылдан, ауданнан, облыстан басталады. Аудандық мәслихаттарға өзіндік ұстанымы бар, жергілікті басшылықтың заңсыз әрекеттеріне жол бермейтін қоғам белсенділері келуі керек. Бүгінгі таңда Қазақстанда 210 мәслихат құрамында 3 335 депутат бар екен. Соның тек 2 проценті ғана – жастар. Сондықтан әділеттілікті алдымен жергілікті елді мекендерде орнатуымыз керек. Сіздер, яғни праймеризге қатысушылар үлкен өзгерістердің бастауында тұрсыздар, – деді Е.Сайыров. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев партия мүшелері праймеризге арналған бағдарламаға арнайы тіркеліп, олардың дауыс беруіне жағдай жасалып жатқанын баяндады. Кездесуде сөз сөйлеген Отырар аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Ә.Жүнісов ауданда 15 бастауыш партия ұйымы, онда 3 287 партия мүшесі бар екенін айта келе, бүгінгі таңда олардың 1 788-і дауыс беруге арналған жүйеге тіркелгенін жеткізді. Партия хатшысы Отырар ауданынан кейін Кентау қаласына барды. Кентауда бастауыш партия ұйымы төрағаларымен және ұйымдастыру комитетінің мүшелерімен, сондай-ақ праймеризге қатысушылармен кездесті. Ол сондай-ақ Кентаудағы жастар ресурстық орталығының ғимараты мен «Қарнақ» БПҰ ғимаратында болған партия өкілдері дауыс беретін орындарды аралап, дайындық барысын пысықтады. Кентау қаласындағы БПҰ төрағалары да көкейде жүрген ойларын айтып, праймеризге дайын екенін жеткізді. Түркістанға барған сапарында «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев белсенді жастармен жүздесіп, еркін пікір алмасты. Өз кезегінде облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Амалбек Өміртай өзі басқаратын мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырса, «Jas Otan» Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман праймеризге қатысты ойын айтты. Праймеризге қатысушы өзге өрендер де көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Жастармен жүздесуден кейін «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалында қалалық ұйымдастыру комитеті өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде облыста праймериз жоғары деңгейде өтуі тиіс екені айтылып, партия филиалына бірқатар тапсырма берілді. Ұйымдастыру барысындағы мәселелерді тыңдап, ой бөлісті. Жалпы, Түркістан облысы праймеризге қатысушылар саны бойынша республикада 1-орында тұр. Өңірде оффлайн өтініш бергендер саны – 513, онлайн өтініш бергендер – 631. Дауыс беруге және дебатты өткізуге арналған 209 орын белгіленді. Дауыс беру форматы бойынша электронды бюллетень арқылы онлайн форматта 170-орында, дәстүрлі қағаз бюллетенімен 39-орында өтеді.Үміткерлерге тең мүмкіндік қарастырылуы тиіс
Сыр өңіріне іссапар кезінде өңірлік партия филиалының партияішілік іріктеуге дайындығы пысықталып, арнайы есеп комиссиясы мүшелерімен, кандидаттармен кездесу ұйымдастырылды. Әуелі Жаңақорған ауданында болып, жария пікірсайыс орындарының үміткерлерге қолайлылығы, дауыс беретін орындардың сақадай-сай екеніне көз жеткізді. Одан әрі облыстық перинаталды орталығында орналасқан Қызылорда қалалық партия филиалына қарасты «Ана мен бала» бастауыш партия ұйымында болып, партияның ядросы саналатын ұйымның мүшелерімен пікірлесіп, олардың партияішілік бәсекелестікке көзқарастарын білді. Партияішілік ірктеуге тіркелген кандидаттар 7 қыркүйектен бастап үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті. Үгіт жұмыстарының ең бір маңызды әрі барлық кандидаттар үшін міндетті саналатын қадамының бірі – жария пікірсайыс. Облыстық партия филиалы бұл бағытта барлық үміткерлердің қатысуымен онлайн режимде, онлайн генератор көмегімен пікірсайысқа түсетін азаматтарды топтарға бөлу жұмыстары жүргізілген. Өңірде пікірсайыс 14-28 қыркүйек аралығында өтпек. Осы орайда, партия хатшысы қаладағы үміткерлер жария өтетін орынды көріп, партияішілік додаға түсіп жатқан азаматтармен бас қосып, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Кездесу соңында партия хатшысы Арман Қырықбаев праймеризді шын мықтының бағы сыналатын айтыс өнеріне теңеді. Сондай-ақ елдің мұңын астарлап билікке жеткізіп жүрген ақын, айтыстың ақтаңгері атанған жерлесіміз, екі мәрте «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовқа Конституцияның 25 жылдығы мерекелік медалін табыстады.Әбілмансұр ЖАСАН