Осыдан кейін ниеті қарау, қолы арам жемқорлар төл қалтасын қампайтар тетіктерді жаппай заңдастырып алмауы үшін заң жобаларына алдын ала антикоррупциялық сараптама жүргізу рәсімі енгізілді. Кейін ол үлкен жанжалмен алып тасталды.
Неге?
Өйткені заң жобалары мен нормативтік-құқықтық актілерге (НҚА) «сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама» (СЖҚС) жүргізудің өзі ел қаржысын талан-тараж ету құралына айналып кеткен. Мұны Парламент депутаттары қатаң сынға алды. Бюджеттің қыруар қаржысы шығындалып, арнайы тапсырыс беріліп жасалған сараптаманың көбі шынында іске алғысыз, жұмысқа жарамсыз дүние болып шықты. Үкіметтен заң жобасына ілесе келетін бір бума қағазды әрлі-берлі аударыстырып, оң қорытындыдан басқа ештеңе таппаған депутаттар оны қоқысқа тастай салатынды шығарды. Сараптаманың жойылуына бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптаманың көбісі заң жобасының ғылыми-құқықтық сараптамасының көшірмесі ғана болатын. Соған қарамастан, осы екі сараптамаға жеке-жеке ақша төленеді. Бұл қос сараптаманы жүргізу әдістемелеріндегі олқылық, сарапшылар біліктілігінің төмен деңгейі, олардың жауапсыздығы, бюджет қаражатын бөлу тетігінің адал болмауы кесірінен орын алды. Екіншіден, СЖҚС өткізу бойынша тендерді күмәнді ұйымдар ұтып алып жүрді: олардың штатында мүйізі қарағайдай ғалымдар, заң ғылымдарының докторлары есепте тұрады, әйткенмен сараптаманы біліктілігі әлдеқайда төмен қатардағы сарапшы жүргізеді. Соған қарағанда, азуын айға білеген академик-ғалымдар ұйымда жай тіркеліп тұрғаны үшін жалақы алатынға, бірақ онда нақты жұмыс істемейтінге ұқсайды. Нағыз «мата атымен бөз өтедінің» кері. Үшіншіден, сарапшы ретінде таңдалған ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамы Білім және ғылым министрлігімен тығыз ынтымақтасқан, грант игеретін, «дәмдес» тұлғалар екені құпия емес. Салдарынан олар тәуелсіз емес: шенеуніктер бұл сарапшыларға кез келген уақытта ықпал ету, қысым жасау, сөзін өткізу мүмкіндігіне ие. Төртіншіден, белгілі заңгер ғалым Мереке Ғабдуәлиевтің пайымдауынша, жемқорлыққа қарсы сараптама өткізу рәсімін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің өзі сондай сараптамаға зәру болатын. Бұдан бөлек, мұндай сараптаманы баю көзіне айналдырған, пышақтың қырындай «еңбек» жазғаны үшін миллиондап табыс табуға маманданған профессорлар қаптады. Ақыры Парламенттің сұрауымен билік пайдасыз СЖҚС-тан бас тартты.Ақшасы қанша?
Алайда аталған тетіктің жойылуы сарапшылар мен ғылыми қауымдастық тарапынан сыни пікірлердің толқынын туғызды. Осылайша, Президент Қ.Тоқаевтың СЖҚС-ны қалпына келтіру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2019 жылғы 26 қарашада ел Парламенті «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдады. Бұл заң жобаларын және Үкімет пен әкімдіктер шешімдерінің жобаларын коррупцияға жол беретін нормалардан әзірлеу сатысында-ақ арылту үшін жасалыпты. Заңға сәйкес, нормативтік-құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу енді қайта жанданбақ. «НҚА жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың мақсаты – сыбайлас жемқорлық нормаларын анықтау, сондай-ақ оларды жоюға бағытталған ұсынымдар әзірлеу» деп жазылған заңда. Сараптама жүргізу тәртібі мен мерзімін Үкімет айқындайды. Тиісінше, биылғы жыл бюджетінде «Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу» деген №015 бюджеттік бағдарлама енгізілді. Ол бойынша сарапшылар арасында биыл 3 миллиард 470,8 миллион теңге бөліске салынады. Келесі жылы қаржыландыру көлемі біршама аз: 2 миллиард 74,2 миллион теңге. Себебі сараптама жүргізілетін құжаттар саны екі есе кемиді. Мәселен, 2020 жылы 6 545 заң жобасы мен қаулы-шешім коррупцияға қарсы сараптамамен қамтылса, 2021 жылы бұл сан 3 785-ке дейін азаяды. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, 1 құжатқа СЖҚС жүргізген ғалым орташа есеппен 550 мың теңгедей сыйақы алады.Сараптаманы сағынды...
Ғайрат Сапарғалиев атындағы мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институты мен оның сарапшылары көп жылдан бері антикоррупциялық сараптама жасап келді. Олар енді бұл ісінің қайтадан қаржыландырыла бастауын асыға күтіп отыр. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр, 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажетін, бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері атсалысуы керегін атап өтті. Тиісті заң да қабылданды. Бірақ оны өткізу тәртібін бекітетін Үкімет қаулысы кешеуілдеуде. Ол қаулы келісімнен өткізу сатысында жатқан болар. Салдарынан ғылыми қоғамдастық нақты жағдайдан құлағдар бола алмай отыр. Осыған орай билік органдары, ЖОО-лар, ғылыми мекемелер және әлеуетті сарапшылар арасында жария диалог орнатуды ұсынамыз. Онда аталған қаулы жобасы талқылануы керек», – дейді ҒЗИ мамандары. Басқаша айтқанда, сарапшылар сараптама жүргізудің жаңа тетігін түсінгісі келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сарапшылар сарғая күткен №451 Үкімет қаулысы 2020 жылғы 16 шілдеде қабылданғанын айтты. Тек НҚА-лардың эталонды банкіне, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне кештеу орналастырылыпты. Антикоррупциялық сараптама жүргізу қағидалары да бекітілді. «Бұл қағидаларда үйлестірушіге, яғни ғылыми мекемеге немесе ЖОО-ға дәл сол жобаны әзірлеуге тікелей қатысқан сарапшыны сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге тартуына тыйым салынды. Бұдан былай сарапшылар ол сараптама қорытындысын қазақ және орыс тілдерінде қатар дайындауға міндеттеледі. Біздің агенттік жаңа заңды қолдану практикасының нәтижелері бойынша антикоррупциялық сараптама институтын ары қарай жетілдіру бағытында жұмыс жүргізетін болады. Сондықтан ғылыми қауымдастықтың қазіргі ұсыныстары қосымша зерделеніп, қағидаларды пысықтау барысында пайдаланылады», – деді Алик Жатқамбайұлы. Ол сарапшыларды конкурстық іріктеу қағидаларының жобасы әзірленгенін жеткізді. Үйлестіруші мен сарапшы арасында бекітілетін сараптама жүргізу келісімшартының бірыңғай үлгісі де дайын екен. Бұл құжаттардың жобалары агенттік жанындағы Қоғамдық кеңес мүшелерінің келісімін алуға ұсынылған және қоғамдық талқылауға шығарылды. Қазіргі кезде агенттік қолданыстағы заңдар мен қаулы-шешімдердегі коррупциялық тәуекелдерді тұрақты негізде әрі өз бетінше анықтауға күш салуда. Осы жылдың бірінші жартысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 121 талдау жүргізілген. Қорытындысында агенттік ұсынымдарының шамамен 70%-ы ескерілген көрінеді.Сарапшы болмай шаттанба!
Қайталай кеткен жөн, әлгі 3 миллиард қаржыдан кез келген адам өз үлесін ала алады. Ол үшін мына өлшемшарттарға жауап беруі тиіс: сарапшы болғысы келетін тұлға біріншіден, жоғары білімді, екіншіден, сараптама жүргізілетін қызмет саласында оның кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы қажет немесе сол салада ғылым кандидаты, ғылым докторы, PhD доктор немесе бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі болған жағдайда кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болса жеткілікті. Үшіншіден, өтелмеген соттылығы болмауы керек. Төртіншіден, әкімшілік жемқорлық құқықбұзушылық үшін 3 жылдан көп әкімшілік жазаланбаған болуы қажет. Бесіншіден, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылығы үшін жұмыстан босатылмауы тиіс. Алтыншыдан, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталмаған болуы шарт. Ғылыми сараптама құнын меморганмен келісе отырып үйлестіруші, яғни ғылыми мекеме не ЖОО белгілейді. Заң жобасына сараптама 15 күнде, ал заңға тәуелді НҚА жобасына 10 күн ішінде дайын болуы міндетті. Сараптама қорытындысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың мәні бойынша дәлелді, ғылыми негізделген, толық және объективті тұжырымдар жазылуы талап етіледі. «Қазақстан заңнамасының еркін институты» жобасының ғылыми жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуәлиевтің байламынша, жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қажет: ол коррупциялық тетіктердің заңға кіріп кетуінің алдын алуы мүмкін. – Парламент қабылдаған қандай да бір жаңа заң жемқорлыққа өріс ашар нормадан тұрса және ол шенеуніктерге билігін теріс пайдалануына мүмкіндік берсе, онда елде әлеуметтік кернеу туындауының қосымша тәуекелі пайда болады. Қоғамның билік органдарына деген сенімсіздігі күшейе түседі. Көркем тілмен түйсек, мұндай заңдар шендінің немесе судьяның кабинетінде жаңа «терезе» ашады және жемқорға сол арқылы халықтан не бизнестен пара қабылдауына жағдай жасайды. Заңнамалық актілер жобаларын жазу кезінде оны әзірлеушілер төл ведомствосының мүдделерін ілгерілетеді, әлдебір мәселеде ықпалды топтар үшін лобби жасайды. Мұның бәрін жемқорлыққа қарсы сараптама әшкерелеп, тосқауыл қоюы шарт, – деді М. Ғабдуәлиев. Бұл ретте сарапшыларды дұрыс іріктеу үлкен мән-маңызға ие болады. «Антикоррупциялық сараптама жүргізу ісі меморгандарға тәуелді шағын топтың, «кезекші сарапшылардың» құзырында қалып қоймағаны маңызды. Енді бұрынғыдай тек заңгер ғалымдар ғана емес, сонымен қатар мамандар, практиктер, іс басындағы заңгерлер мен адвокаттар, сала жағдайын білетін маманданған үкіметтік емес ұйым өкілдері сарапшы ретінде тартылуы тиіс», – деді ғалым.Елдос СЕНБАЙ