Министрлік неге үнсіз?
Министрлік неге үнсіз?
© коллаж: Елдар Қаба
272
оқылды
Мақаланың әлқиссасын Дидар Смағұловтың мәлімде­месінен бастасақ. Ұлттық тестілеу орталығы директорын жазба жа­риялауға UStudy тарапынан «жасалған» ақ­параттық шабуыл әсер еткен. Даудың басы «ми­нистр­лік Дү­ние­жүзілік банктен 8 миллиардтан ас­там несие алып, 35 тестілеу ор­та­лығын салады» деген ақпарат. Ес­керер жайт, Білім және ғылым министрлігі осы тақырып тө­ңі­регінде ресми жауап берген жоқ. Әлеуметтік желідегі тікелей эфирге де жауапты орган аты­нан Дидар Смағұлов қатысып жүр.  

ҰТО vs UStudy

Әлеуметтік желіде Ұлттық тесті­леу орталығы директоры жазған жазбаға UStudy басшылығы жауап беріп үлгерді. Дидар Смағұлов 2019 жылдың қарашасында педа­гогтердің алғашқы ҰБТ-сын тап­сыра алмай, тесттің 10 күнге ке­шік­кенін жазған. Салдарынан 600 педагог UStudy-дің елордадағы және Көкшетау қаласындағы ай­мақтық орталығына келіп, жұмыс істемейтін бағдарламаны көрген. Ауылды жерден келген ұстаздар алыстан келгенде біршама уақыт компьютердің іске қосылуын күтіп отырған. Еліміздің әр өңірінде осы­ған ұқсас бірнеше жағдай тір­келген. Ал UStudy компаниясы бұл айып­таулардың негізсіз екенін алға тартады. Олардың айтуынша, мұндай ақаудың пайда болуына тікелей БҒМ кінәлі. Өйткені олар тестілеуді уақытымен әрі қа­­те­сіз өткізу үшін алдын ала бір ай бұрын мемлекеттік әріптес (БҒМ) жеке әріптеске (UStudy) те­с­­тілеу тапсырмалар базасын беруі шарт. Себебі тапсырмада кез­­­десетін суреттер, формулалар, кес­телердің дұрыс шығуы үшін ма­мандар тапсырмаларды жүйеге ен­гіз­іп үлгеруі керек. Ал аталған заттар алдын ала берілмесе, эк­ранда тапсырма шықпай қалуы мүм­кін. Осының бәрі мінсіз іске асуы үшін UStudy БҒМ-нан тес­тілеу базасын, республикалық апелля­циялық комиссия мен пән­­­­­дер тізімін беру туралы 12 хат жі­берген екен. Алайда тест бас­талғанға дейін қарсы тараптан жауап келмеген. Нәтижесінде, жо­­ғарыда жазылғандай, тест өткізу 10 күн­ге кешігіп, 600 педагог тест тап­сыра алмаған. Қос тараптың әлеуметтік желі­дегі сұрақ-жауабы осындай фор­матта суреттеледі. Белгілісі, UStudy компаниясы мен ми­нистрлік 2019 жылы МЖӘ ке­лісімшартын жасас­қан. Шарт бойынша компания 3 тестілеуді тегін өткізуге құқылы. Олар: пе­­дагогтердің ұлттық білік­тілік тесті (ҰБТ), орта және жоғары білім берудегі оқу жетістіктерін сырттай бағалау тестілеуі (ЖБ және ОБ ОЖСБ). Осыған қатысты Дидар Сма­­ғұлов­­тың жазбасында UStudy-дің жоғары білім берудегі ОЖСБ тестін өткізе алмағанын көрсет­кен. Кейіннен 60 мың студент емти­ханды қағаз форматта тапсырған. Бұл сынға компания «Біздің желі 3 120 орынды қамтиды. Қара­пайым арифметикаға салсақ, ме­млекеттен бір тиын шығынсыз, 60 мың сту­денттң екі ағыммен 10 күн ішінде қабылдай аламыз» деп жауап бер­ген. Оның алдында не үшін тестті өткізе алмағанын ашып айтпаған.  

Дүниежүзілік банктен несие алмаймыз

Басты факт ретінде көр­сетілген министрліктің Дүние­жүзілік ба­нк­тен бөлінетін 8,074 млрд тең­ге­ге 35 тестілеу орталығын жаб­­­дықтайтыны шындыққа жа­наспайды. Бұған министрлік өкілі Дидар Смағұлов жа­уап берді. «Алыс ауылдарда тұратын ба­ла­ларды тестілеуден өткізуді емес, жалпы балалардың цифр­лық сауаттылығын көтеруді ой­лағанымыз жөн. Осы мақсатта Олжас Хайроллаұлына сондай 35 ауылды елді мекеннің тізімін бергенмін. Дүниежүзілік банкпен компьютерлік жабдықтау туралы жоба болды. 35 цифрлы құзыретке ие орталықтардың ашылуы жос­парланғаны рас. Қаржысына кел­сек, бағасын 1,5 млрд теңгеден асатын сомаға белгілегенбіз. Бі­рақ компьютер сатып алуға бюд­жет­тен ақша бөлінгендіктен, Дү­ниежүзілік банктен несие ал­маймыз. Қашықтан оқыту біткен соң оқушылар таратып берген құрылғыларды қайтарады. Сон­да осы база арқылы аудан мен ауылда орталық ашамыз. Осы­лайша, ол­ардың цифрлық сауатын көтереміз. Бұл біліктілік тестін аталған орта­лықта өткіземіз деген сөз емес», – дей­ді Дидар Смағұлов.  

Біліктілік тестілеуі өтеді

Жалпы, қос тарап орта білім комитетімен онлайн кез­десу өткізген. Нәтижесінде, UStudy біліктілік тестін қайта өткізуге рұқсат алған. Компания бас­шылығы министрлікке теріс қа­­бақ танытқанымен, рұқсат ал­ғандарына қуанышты. «Біз Президенттен, «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасынан және тағы басқа орындардан көмек сұрадық. Жағдайға бей­жай қарамаған әр­қайсысына ал­ғыс айтамын. Орта білім комитеті, Шолпан Ка­ри­нова, Дидар Смағұловпен бір­ге Zoom-да жиналыс өткіздік. Бәрінен бұрын бұл жағдай мұ­ғалімдерге соққы болды. Педа­гогтер ара­сындағы біліктілік тес­тін жа­қында өткізетін болдық. Ша­ғы­мы­мызға байланысты Орта білім комитетінен хат келді. Ресми хат алғандықтан жағдай түзелді деуге келеді. Хат мазмұнында еш­қандай орталық салуға конкурс жүрмегені жазылған. Ескерер жайт, сұраныс жібергенімізге 14-15 күн дегенде жауабын алдық», – дейді UStudy компаниясының дирек­торы Ол­жас Хайроллаұлы. Ал Ұлттық тестілеу орталығы директоры UStudy компаниясы министрлікке немесе тестілеу ор­талығына мәселенің анық-қа­нығын білу үшін сұраныс жіберсе, жауап беретінін алға тартқан еді. Бірақ компания басшылығы тікелей эфир барысында ми­нистр­лікке бірнеше рет сұраныс жі­бер­генін атап өтті. Оған қоса, кәсіп­керлер палатасы да «министрлік сұ­ранысымызға әлі жауап берген жоқ» деп ке­сіп айтты. Естеріңізде болса, министрліктің баспасөз қыз­меті біздің де сұрағымызды жа­уап­сыз қалдырған-ды.  

2 500 теңгенің жыры

Жалпы, жобаның негізін са­лу­шы Жанат Рахмани UStudy-ді жетілдіру үшін кешенді жос­пар құрған.  Атап айтқанда, жоба бүгінгі дәрежеге жетуіне 4,5 млрд салым көмектескен. Оған жаңа технологияларға не­гіз­делген Ноу-хауды қосыңыз. UPARTNER компаниясының бас дирек­торы­ның сөзінше, мұндай орталықтар күл­лі Еуразияда жоқ. «Өзім біраз шетелді ара­ладым. Сонда орталықтарды әде­йі ара­­лайтынмын. Өйткені тест ор­та­­лығын шетелдік тә­жірибеге сай етіп жасағым кел­ді. Біртұтас, бірдей орталық бол­сын деп барымызды салдық. Са­лымшыларға алғыс ай­тамын. HP компаниясынан барлық тех­никаны сатып алдық. Ха­лыққа  ұсындық. Жалпы, 4,5 млрд теңге қаражат құйдық. Тест жү­йесінде жаңа технология ен­гізгіміз келді», – дейді Жанат Рах­мани. Компанияның бас дирек­торы­­ның  бұлай мәлімдеме жаса­уына Смағұловтың жазбасы әсер етті. Өйт­кені ол «компания мемле­кет­тің үнемдеген қаражатын мұ­ғалім­дердің иығына арта салды. Ұлттық тестілеу орталығы өткізіп жүргендей байқау сынағы құнын 260 теңгеден 2 500 теңгеге көтерді» деп жазған. Бұған UStudy компаниясының директоры Олжас Хайроллаұлы 2 500 теңгеге сынама тест тапсыру кей ұстаздың қалтасына салмақ еке­нін түсінетінін жеткізді. Тест тапсыратын педагогтің 80%-ының жалақысы төмен екенін атап өтті. Осыған сай өзіндік ұсынысы мен Смағұловқа жауабын берді. «Мұғалімдердің облыс орта­лығына келіп, тест тапсыруы 10 мың теңге мен 30 мың теңгенің ара­лығында екенін білеміз.  Оған қоса жататын орны бар. Сонымен салыстырғанда 2 500 теңге қым­бат емес. Осындай жайттарды ес­кере келе, аудан орталықтары мен моноқалаларда 33 орталық са­­луды көздеп отырмыз. Сонда мұғалім жол шығынын үнемдейді. Сәйкесінше, біз ұсынған баға ұс­таз қалтасына салмақ салмайды. Ат­алған орталықтарды 2021 жылы салуды бастаймыз. Алдағы уа­қыт­та Еуропамен келісімшарт жа­саймыз. МЖӘ келісімшартында көрсетілгендей, 10 жыл ішінде желіні 153-ке дейін көбейтеміз. Бәрі рет-ретімен орындалып жа­тыр», – дейді Олжас Хайролла­ұлы. Жанат Рахмани болса, сынама тест бағасының ішкі шығындар мен техникалық жабдықтарға бай­­­­ланысты белгіленгенін атап өтті. Оның айтуынша, бизнесте қан­ша салым салсаң, соған бай­ланысты шығынның орнын тол­тыру­ды ойлау керек. Оған қоса ор­талықтағы жаңа технологияға негізделген құрал-жабдықтарды министрлік өкілдерінің өзі бас бар­мақпен бағалаған.  

Құзыретті орган жауап берсін

Тікелей эфир барысында Дидар Смағұлов мәселені дөңге­лек үстел басында-ақ шешуге болатынын бір­неше рет қай­та­лаған-ды. UPARTNER компа­ниясының бас ди­рек­торы Жа­­­­нат Рахмани мұның ашық түр­де талқылауға түсетін жайт екенін кесіп айтты. Компания МЖӘ келісімшартының толық орындалғанын қалайды. UStudy ҰТО қойған бірқатар талапты ке­лісімшарт бойынша мемлекеттік әріптес БҒМ-мен талқылаймыз деп отыр. БҒМ мен UStudy арасындағы дау қалай аяқталатыны белгісіз. Бірақ орталық біліктілік тестін 14 қыркүйектен бастаймыз деп жоспарлап жатыр. Өз кезегінде министрлік те компанияға тест өт­кізуге келісім берген. Ал «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасы қос тарап арасында ашық алаң өткізуге дайын. Демек, оқи­ғаның жалғасы бар деген сөз. Тек БҒМ әдеттегідей үнсіздік режимінде қа­лып кетпесе болғаны.  

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ