«Zoom-да мұндай жағдайдың болып жатқанына – екінші күн. Неліктен үш ай ішінде дұрыс мектеп бағдарламасын жасай алмадық? Балам да, сыныптастары да мына жағдайдан есеңгіреп қалды. Бұл қандай бағдарлама? Неге әлі күнге дейін дайын бағдарлама жоқ?» деп алаңдайды ата-ана. Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасы да бұл оқиғаны растап отыр. «Zoom платформасында 5-сынып оқушыларына сабақ беру барысында бейтаныс адамдар араласып, балалардың компьютер экранында ұятсыз слайдтар мен сөздер айтып, математика сабағын бұзды. Ата-аналар мен мұғалімдерден хабарлама алғаннан кейін мектеп әкімшілігі балалармен және ата-аналармен онлайн-кездесу жасап, оқушыларға чат пен алаңдарда жұмыс істеу кезіндегі этика туралы тәрбие сағатын өткіздік», – дейді Білім басқармасы.Кешкілік ата-аналар да балаларының телефондарын тексеріп көрген екен, артық ештеңе таба алмаған. 4 қыркүйектен бастап, балалардың сабағын Microsoft Teams платформасына өткізе бастаған.
Алматылық тұрғын баласының мектепте оқығанын қалайды
Көп ұзамай, 7 қыркүйекте алматылық тұрғын да қашықтан оқу кезінде ұятсыз сөздер мен порнографиялық бейнежазбалардың таралуына қатысты шағым жасады. «Білім және ғылым министрлігіне, санитар дәрігерлерге және қала әкімдігіне айтар шағымым бар. Менің балам бесінші сыныпта оқиды. Қашықтан оқып жатыр. Бейсенбі күні Zoom платформасында балалар ұятсыз сөздер мен бейәдеп әндерді тыңдады. Жұма күні оларға порнографиялық бейнежазбалар көрсетілді», – дейді алматылық тұрғын Татьяна Голубева. Ол мұндай жағдайдың болып жатқанына ата-аналардың алаңдаулы екенін жеткізді. «Бұл – балаларды қорлау. Бұған кім жауап береді? Біз балаларымыздың мектепке барып, білім алғанын қалаймыз», – дейді тұрғын. Осы оқиғадан кейін директор да, мұғалім де арнайы түсініктеме беріп, тиісті органдарға шағымданған. 7 қыркүйекте мектеп директоры С.Айдарованың атына математика мұғалімі А.Тасылбаевадан түсініктеме келген. Мұғалім Zoom платформасында онлайн сабақ беріп жатқанда белгісіз біреулер бұзып кіріп, былапыт сөз айтып, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға порно сурет, бейнежазбаларды көрсеткен. Мектеп директоры бірден бұл оқиға туралы Алмалы аудандық полиция басқармасына хабарлады. «Қазір полиция сотқа дейінгі тергеу ісі реестрінде №207511035003305 іс тіркеді. Педагог ұжымымен ұжымдық түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Мектеп әкімшілігі жақында оқу платформасын қауіпсіздігі жоғары сапалы платформаға ауыстыруды ойластырып жатыр», – деп мәлімдеді Алматы қаласы әкімдігі. Ақтөбелік ата-аналардың да министрлікке айтар шағымы бар. Олар да қашықтан оқу кезінде алаяқтардың шабуылына тап болған. 6-сынып оқушыларының математика сабағы кезінде біреу оқушының атынан бейәдеп сөздер жаза бастаған. Мұғалім амалсыз сабақ беруді тоқтатқан. Бұл оқиғаға ата-аналар да алаңдап отыр. Олар мұндай іс-әрекеттерден балаларының психологиясы бұзыла ма деп қорқады. «Өткен аптада сабақ кезінде әртіс ән айтып кетті. Оның себебі, мұғалім платформаны ашық қалдырған. Сол кезде бөтен адам кіріп кеткен. Отыз жылдық тәжірибесі болса да, онлайн сабақты өткізуді білмейді», – деп шағымданады ата-аналар. Ал облыстық білім басқармасы «бейәдеп сөз жазып, балағаттаған жазбаны қалдырған оқушы емес. Бұл оқиға бойынша тексеру жүргізілуде. Анық-қанығын айтатын боламыз», – дейді.
Бұған министрлік не дейді?
Zoom платформасындағы бейәдеп сөздердің таралуына қатысты министрліктің де айтары бар. «Қыркүйектің алғашқы екі күнінде елде екі миллионға жуық сабақ өткізілді, оның 80 мыңға жуығы бейнесабақ арқылы өткізілді. Өкінішке қарай, сабақтың бірінде ұятсыз материалдар таралып кеткен. Бұл процеске қатысушылардың кінәсінен болып отыр. Бөтен біреуге қалжыңдап, осындай жазба жібергісі келген. Біз де барлық ата-аналар секілді балалардың жағдайына алаңдаймыз. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тиісті органдар шара қабылдайтын болады. Мұғалімдер балалардың оқу үдерісі үзіліп қалмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда», – дейді министрлік өкілдері.Дегенмен кез келген платформаны кибершабуылдан сақтай аламыз ба? Мұндай іс-әрекеттердің қайталанбасына кім кепіл? Күзгі оқу маусымы басталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Бір аптаның ішінде онлайн платформа бірнеше кибершабуылға тап болды. Балалардың қауіпсіздігі үшін қашықтан оқыған тиімді десек те, мұндай шабуылдардан сақтана аламыз ба?
Ақпарат қауіпсіздігі туралы сарапшы Қозыке Сатыбалдиев: «Оқу жылы басталғалы бері Zoom платформасы арқылы осындай бірнеше оқиғаның болғанын естідік. Нұр-Сұлтан қаласында 5-сынып оқушыларының математика сабағына белгісіз бір алаяқтың кіріп, порно бейнежазбаларды қойғаны туралы айтылып жүр. Ол жерде алаяқтар Telegram каналын еркін пайдаланып жатыр. Себебі алаяқтар осы канал арқылы мұғалімдерінің жіберген тапсырмаларын оқушыларды бұзуға шақыртып жатады. Біріншіден, оқушылар сабақты болдыртпауды мақсат тұтып отыр. Ал алаяқтардың мақсаты – көңіл көтеру ғана. Бұл – ойландыратын үлкен мәселе. Ол балалардың психологиясына қатты әсер етуі мүмкін. Таяқтың екі ұшы бар: бірінші себеп – Білім және ғылым министрлігінің Zoom платформасы арқылы дұрыс нұсқаулық бермеуі болса, екіншісі – Zoom бағдарламасында осындай оқиғалардан сақтап қалатын функциялар бар. Онда күту залы бар. Бағдарламаға қосылмас бұрын мұғалім оның нақты оқушысы екенін тексеріп алғаннан кейін конференцияға қосатын болады. Оған дейін қосылушы күту залында болуы тиіс. Көбінесе мұғалімдер мұны біле бермейді. Сол себепті тексермей, конференциялар өткізе береді. Егер мұғалімдерге түсіндіру жұмысы дұрыс жүргізілген болса, мұндай қателіктерге жол берілмес еді», – дейді.Мұғалімдер мен оқушылар тиімді пайдаланып жүрген платформаның бірі – OnlineMektep.org. Бұл карантин кезеңінде қазақстандық оқушылар пайдаланатын негізгі ресурстардың бірі. Платформа негізінде 1 қыркүйектен бастап күн сайын 1,5 миллионнан астам мектеп оқушысы білім алуда. Оқу жылының басынан бастап мұғалім де платформа ресурстарында 3 миллионнан астам онлайн сабақ өткізді. 500 миллионға жуық жаттығу жасалды. Бірнеше күн қатарынан аталмыш платформа Қазақстаннан тыс жерлерден шығатын жаппай DDoS шабуылына ұшырады. Платформа жасаушылар шабуылдың ұйымдастырылғанын әрі пайдаланушылардың сенімін азайту үшін жасалғанын айтып отыр. Онлайн білім алуда қорғаныс мықты болса, ата-ана да, мұғалім де, оқушы да алаңдамас еді. Сол үшін кез келген платформа шабуылға шыдас беріп, сақтанғаны ләзім.
Гүлзина БЕКТАС