«Мамунов» ісіндегі миллиондар
«Мамунов» ісіндегі миллиондар
208
оқылды
Ақтөбе облысы әкімнің бұрынғы орынбасарына Қыл­мыстық кодекстің үш бірдей бабы (190 - «Алаяқ­тық», 218 - «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)», 367 - «Пара беруге арандату» баптары) бойынша айып тағылып отыр. Мамунов 2015 жылы «аса ірі көлемде пара алды» деген күдікпен ұсталып, 2016 жылы 13 жылға бас бостандығынан айырылған Ахметбек Ахмет­жановтың туыста­рына үкімді қайта қарауға және сот тәркілеген мүлікті қайта­руға көмектесе алаты­нын айтқан. Мамуновты айып­таушы тараптың мәлім­деуінше, 2016 жылдың 7 мамырында Р.Мамунов Нұр-Сұлтан қаласындағы дәмха­на­лардың бірінде Ахмет­жа­новтың ағасымен кезде­сіп, 1 миллион доллар­ға жа­за­ны жеңілде­туге бола­ты­нын, бұл мәселені Жо­ғарғы соттағы таныс судья­лары арқылы шеше алаты­нына сендірген. Ахмет­жановтың ағасы ке­лінімен, яғни қостанайлық экс-әкімнің әйеліне Маму­новтың ұсынысын жеткіз­ген. Ахметжановтың жа­қын­дары бұл ұсынысты қа­был алып, Мамуновқа әуел­гіде 200 мың АҚШ дол­ларын береді. Ал 2016 жыл­дың маусым және сәуір ай­ла­рында Мамунов олардан тағы 250 мың доллардан алады. Ең қызығы, Қостанай облыстық соты Ахмет­жа­новқа қатысты үкімді өзге­ріссіз қалдырады. Осы кезде Мамунов Ахмет­жановтың туыстарына енді істі «шешу» үшін көп ақша кететінін айтып, «ставканы» 2 мил­­лион долларға көтереді. Қыс­қасы, айыптаушы жақ Ма­мунов Ахметжановтың әйе­лінен 1 миллион 200 мың доллар алды деп отыр. Ақ­шаны алғанымен, Мамунов уәдесін орындау үшін сауса­ғының ұшын да қозғалтпаған секілді. Себебі ол Ахмет­жа­новтардан алған ақшаға өзі мен әйеліне жап-жаңа Lexus көліктері мен Нұр-Сұл­таннан үлкен пәтер сатып алған. Ал Жоғарғы сот Ах­мет­жановтың ісін 2017 жыл­дың маусымында қайта қарап, оның колониядағы мерзімін 13 жылдан 5 жыл 8 айға дейін қысқартты, бірақ босатқан жоқ. Бұл, әрине Ахмет­жа­новтың әйелінің ашуына тигені даусыз. Мамуновтың «аферасына» түсіп қалғанын сезген ол Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметке барып, оның үстінен шағым түсі­реді. Сөйтіп, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қыз­метіне тағайын­дал­ғаны­на небәрі үш ай толған Ма­му­нов пара алу кезінде қолға түседі. Шотлан­диядағы Эдин­­бург менеджмент және маркетинг мектебін бітірген Мамуновтың ісі бүгіндері сотта қаралып жатыр. Айтқандай, Руслан Ма­му­новтың Ахмет­жан­ов­ты түрмеден босатып бермек болып пара алғаны үшін қол­ға түскені туралы шық­қан ақпаратты Мамуновтың «өзі» жоққа шығарып, Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырған. Ол жаз­басына өзінің төрт жыл бұрынғы факт бойынша тергеуге куәгер ретінде ғана барғанын, өзін ешкім ұс­тамағанын, Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс бабымен жүргенін жазып, «Менің ар-намысым мен абы­ройыма кір келтіретін басы­лымдарға келетін болсақ, мен бұл істің шынайылығы мен рас­­тығына көз жет­кізбей, осы ақпаратты жа­рия­лаған және таратқан адамдарға қатысты сотқа жүгінетін боламын» деп сес көрсетуді де ұмыт­паған. Бірақ ел ара­­­­сында тараған әлгі сыбыс соңында рас болып отыр. Енді осы тұста Қостанайдың бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжа­новтың әйелі пара бергені үшін жауапқа тартыла ма, жоқ па деген сұрақ туын­дайды. Себебі бізде пара алушы ғана емес, пара беру­шінің де сотта­латыны туралы бап бар.  

Айдана БЕГІМ