Соттың шешімімен экс-әкім Қуанышбек Ысқақов үйқамақта болған еді. Оған жазда снарядтардан ойраны шыққан Арыс қаласын қалпына келтіруге арналған ақшаға қол салды деген айып тағылған болатын. Өзімен орынбасарлары мен бірнеше кәсіпкер күдікке ілінген-ді. Олар 80 миллион теңгені құрылыс компанияларына аударып отырған.
Жуырда Қызылорда облысының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақовтың ісіне қатысты сот басталған. Дегенмен әлі үкім шыққан жоқ. Өйткені жинақталған дерек тым көп болса керек. Облыстық соттың бөлім басшысы Ардақ Смағанбетованың айтуынша, экс-әкімге қатысты қылмыстық іс әлі қаралу сатысында екен. «Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-тармағының 2-бөлігі бойынша айып тағылып отыр. Қ.Ысқақовпен бірге оның бұрынғы екі орынбасары мен екі кәсіпкер де осы іс бойынша жауап береді. Қылмыстық іс 52 томды құрап отырғандықтан, сот процесі ұзаққа созылуы мүмкін», – деді сот өкілі.
Биыл көктемде экс-әкіммен бірге оның орынбасарлары Марат Делмұханов пен Мұрат Имандосов та алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталған болатын. Ұстау кезінде Ысқақовтың алдау және сенімге қиянат жасау арқылы «Сыр мейірімі» қоғамдық-әлеуметтік қорында жатқан 80 миллион теңгеден астам соманы иеленгені туралы хабарланған еді. Бұл ақша 2019 жылы әскери қоймалардағы жарылыстардан кейін Арыс қаласын қалпына келтіру үшін жеке және заңды тұлғалардың қайырымдылық шараларынан жиналған болатын. Бізде «Сыр мейірімі» қорының басшылығына қатысты көптеген сұрақ бар. Арысқа жиналған ақша неліктен шағын қайырымдылықпен айналысатын осы қорда болды? Оларды құрылыс компанияларының шотына аударуды нақты кім сұрады? Тергеу барысында бұл адамның аты-жөні аталмады, тек «облыс әкімдігінің лауазымды тұлғалары» деп айтылды. Түсініксіз жайттар көп. 5 айдан бері жүргізілген тергеуден соң іс сотқа жетті. Кінәсі дәлелденсе, Ысқақовқа 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Онлайн режимде өткен сот тағы да кейінге шегерілді. Ал экс-әкім әлі үй қамағында отыр.