Бір аудиторияда праймеризге қатысушы – мұғалім, көпбалалы ана мен кәсіпкерлер облыс орталығын көркейту, дамыту мәселелерін шешу туралы ойларымен бөлісті. Дебат кезінде алғашқы болып сөйлеу жеребе тарту бойынша анықталды. Әр қатысушы өз бағдарламасымен таныстырып, халықпен кездесу барысында тұрғындарды мазалайтын сұрақты талқылады. Спикерлер қоғамның барлық саласына қатысты көптеген мәселені қозғады. Көпбалалы отбасыларға берілетін жеңілдіктер, білім беру жүйесі, кәсіпкерлікті қолдау, экономика, спорт, мәдениет және көлік инфрақұрылымын дамыту тақырыптары күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналды.
Дебатта көтерілген тағы бір маңызды әлеуметтік тақырып – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсетіп, жұмысшы мамандығының беделін көтеру. Пікірсайысқа қатысушыларды бір мақсат біріктірді – аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту үшін жағдай жасау, соның ішінде облыс орталығын дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыруды тиімді бақылау.
Саяси пікірталас екі турдан тұрды, жалпы ұзақтығы 90 минутты құрады. Бірінші кезеңде праймеризге қатысушылар аймақтың дамуындағы мәселелерді шешу жолдарымен бөліссе, әрі қарай пікірталас сұрақ-жауап форматына ауысты. Аталған дебат әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетілді.
Пікірсайысты тамашалауға әрі қатысушыларға қолдау білдіруге қоғамдық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері мен партия мүшелері келді. Көкшетау қаласы бойынша праймеризге
93 үміткер тіркеліп, дебатқа қатысу үшін олар 19 топқа бөлінді.
Естеріңізге сала кетейік, праймеризге қатысушылар арасындағы дебат 14-30 қыркүйек аралығында өтіп, әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіледі. «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушыларға дауыс беру 1-3-қазан аралығында өтеді.