Стратегиялық әріптестік нығая бермек
Стратегиялық әріптестік нығая бермек
334
оқылды
Тараптар екіжақты ынтымақ­тастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы ықпалдастықты, COVID-19 індетінің таралуын болдырмау жөніндегі іс-қимылдарды үй­лестіру мәселелерін тал­қылады. Қасым-Жомарт Тоқаев тығыз саяси диалогке және өзара тиімді сауда-эко­но­микалық ынты­мақтастыққа негізделген қазақ-қытай қа­тынастарының даму қарқыны мен достық бай­ланыстарды жо­ғары баға­лады. Мемлекет басшысы эконо­миканың түрлі салаларындағы инвестициялық жобаларды, соның ішінде ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларды жүзеге асырудың маңызды екенін атап өтті. «Қазақстандық өнім өндіру­шілердің ауыл шаруашылығы бойынша Қытайға экспорттай­тын өнімдерінің, атап айтқанда дәнді және майлы дақылдардың номенклатурасы үлкен». Президент жан-жақты стра­те­гиялық серіктестікке қосым­ша серпін беру мақсаты­мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді Қа­зақстанға сапармен келуге ша­қырғанын нақтылады. Ван И өз кезегінде Қытай басшысының жылы лебізі мен ауызша сәлемдемесін жеткізді. Си Цзиньпиннің айтуынша, «Қа­зақстан – аймақтағы маңыз­ды стра­тегиялық серіктес және Қытай екі ел халықтарының игі­лігі жолында өзара ынты­мақ­тас­тық­ты жан-жақты нығайтуға әзір». Қытай дипломаты «ҚХР бас­шылығы Қазақстан Президенті жариялаған Қазақстан қоғамы­ның қажеттіліктерін ескере оты­рып, саяси және әлеуметтік-эко­номикалық жаңғыртуларға бағытталған реформаларды құп­тайды», – деді. Сонымен қатар Ван И ҚХР-дің екіжақты күн тәртібінің маңызды бөлігі болып табылатын Қазақстанмен сауда-экономи­калық байланыстарды кеңейтуге зор көңіл бөлетінін атап өтті. Осы орайда, Ван И Қазақстан делегациясын Қытайда өтетін EXPO Халықаралық импорт көрмесіне қатысуға шақырды. Әңгімелесу барысында та­рап­тар халықаралық өзекті мәсе­лелер бойынша, атап айт­қанда корона­вирус инфек­циясына қарсы іс-қимыл сала­сындағы ынтымақтас­тық жө­нінде де пікір алмасты. Мем­лекет басшысы Қытай тара­пына уақы­тылы көрсетілген гуманитарлық және медициналық көмек үшін алғыс білдіріп, пан­демияға қар­с­ы күресте бірлескен шара қол­дануға әзір екенін айтты. Кездесу соңында тараптар ұзақмерзімді жан-жақты стра­тегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін біл­дірді.