«Жастар-Отанға!» бағдарламасының 5 жылдық жобасы әзірленді
«Жастар-Отанға!» бағдарламасының 5 жылдық жобасы әзірленді
358
оқылды
Нұр-Сұлтанда «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» жастар қанаты 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасын ресми түрде таныстырды. Жасотандықтар жас қазақстандықтар өмірінің негізгі салаларын қамтитын жастар саясатын дамытуға бағытталған жаңа бағдарлама әзірледі.
«Nur Otan» партиясының көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 5 жыл қатарынан жүзеге асырылатын «Жастар-Отанға!» бағдарламасының жобасы әзірленді. Бағдарлама үздік отандық аналитиктер мен саясаттанушылардың қатысуымен, жастар мәселесіне қатысты халықаралық ұйымдар және әлемдік үрдістер мен тәжірибелер ескеріле отырып дайындалды. Бағдарламаны дайындау барысында бізге әлеуметтік желілер, онлайн және оффлайн кездесулер мен талқылаулар арқылы 3765 ұсыныс келіп түсті. Сонымен қатар, жақында jasotan.kz сайтында біз бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар мен нақты көрсеткіштер көрсетілген 216 жол картасын жарияладық", - деді «Jas Otan» ЖҚ жетекшісі Елнұр Бейсенбаев. «Бүгінде біз негізгі бес маңызды бағыт бойынша жұмыс атқаратын боламыз. Олар еліміздің әр жас қазақстандығының өмірінің барлық саласын қамтиды. Бұл – жастардың азаматтық бастамаларын қолдау, білім беру сапасын арттыру, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас қазақстандықтардың бос уақытының тиімді өтуіне атсалысу», - деді «Jas Otan» ЖҚ жастар жобалары және аналитика басқармасының басшысы Нұрзина Қыдыралина.
Партияның жастар қанаты бес жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,7% - ға, NEET үлесін 6,8% - ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Жол карталарында ауыл жастарына, дәлірек айтқанда олардың бос уақытын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, ауылдық жерлерде жалпы 450 мың адамға есептелген спорт нысандары салынатын болады. Жастар студенттер мәселесін де көтерді. Республика бойынша студенттердің 25%-ын жатақханамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Сонымен қатар, брифинг барысында ұйым басшысы жасотандықтар Саяси менеджмент мектебімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жаңа жоба туралы айтып берді. 17 қыркүйектен бастап «Sana» тұлғалық даму мектебі жастарды онлайн-оқытатын болады. Мектеп тыңдаушылары үш модуль бойынша тегін білім ала алады. Олар: Шешендік өнер, эмоционалды интеллект және көшбасшылық, Интернет-маркетинг.