«Қол астымда қызмет ететін қызметкерлерім маған қоңырау шалып, қонақүй өртеніп жатқанын хабарлады. Мен жұмысқа тез келдім, арнайы қызмет өкілдері шақырылды. Осыған орай, ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Кеше көшеде өтіп бара жатқан жігіт бөлмеде ұйықтап жатқан жас жігітті құтқарып, өз өмірін қатерге тікті. Кейін белгілі болғандай, бұл – Алатау ауданының полиция қызметкері екен», – деді қонақүй кешенінің иесі.
Әңгіме Алатау ауданы ПБ бастығының орынбасары Жансерік Мыңжасаров туралы болып отыр. Өрт шыққан кезде ол «Шаңырақ» шағынауданына кезекшілігіне бара жатқан.
«Мен Солтүстік айналма көшесімен оңтүстік бағытта келе жаттым. Қонақүйден шығып жатқан түтінді көрдім. Дереу көлігімді қоя салып жүгірдім. Ғимараттың алдында 10 шақты адам болды. Мен әкімшіден «ішінде адамдар бар ма?» деп сұрадым. Ол 108-бөлмеде ер адам бар екенін және оның қалың ұйқыда жатқанын айтты. Сосын бірден екінші қабатқа көтерілдім, түтін тым қою екен. Есікті сындыруға тура келді. Амалын тауып, әлгі адамды көшеге алып шықтым», – дейді подполковник Ж.Мыңжасаров. Құтқарылған адам Алматыға іссапармен келген. Ол өмірін құтқарған полицейге алғысын айтты.