Ажалға асыққандар
Ажалға асыққандар
248
оқылды
 

Қай аймақта суицид көп?

«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры «Қазақстан жастарының суицидке баруы: әлеуметтік және психологиялық триггерлер» атты әлеуметтік зерттеу жүргізген. Әсі­ресе, жастары суицидке жиі баратын аймақтарға жіті назар салған. Бү­гінде өз-өзіне қол жұмсау бойын­ша антирейтинг мынадай болып отыр: Алматы қаласы, Алматы облысы, Қарағанды, Қос­танай және Шығыс Қазақстан аймақтары. Міне, осы бес облыста жағдай мүш­кіл. Алты ай бойы, наурыздан та­­мызға дейін аталған аймақтарда тұратын 2 мың­дай адамнан сұрау салып, сауалнама жүргізілген. Ұлты, білім, отбасылық жағдайы, діни көзқарасы сынды түрлі белгі бойын­ша сұ­ралған. Нәтижесінде, әр ай­мақ­тағы жас­тардың суицид жай­лы ойы, оған бе­рер бағасы да әртүрлі екені белгілі болды. Негізі, суицидке барудың ген­­дер­лік спецификасы барын да ескеру керек. Өйткені зерттеу қоры­тындысына қарасақ, қыздар бұл мәселеге келгенде сезімтал болса, жігіттер олай емес екен. Әлбетте, бұған біздегі тәрбие де әсер ететіні белгілі. Олай дейтін себебіміз, қазақ отбасында көбіне қызды қамқор, ұқыпты, нәзік етіп тәрбиелесе, ер балаға қатал, сұсты болуды, сезімін сыртқа шығар­мауды, айтқанынан қайтпауды үйретеді. «Жігіт бастаған ісін тастамауы керек» дейтін тәрбие осы суицидке келгенде де орын­далады екен. Мысалы, Бас проку­ратураның мәлімет­терін қарасақ, қыздар өзіне қол салуға шешім қабылдағанымен, аяғына дейін апаратын көбіне ерлер екені белгілі болып отыр. Тіпті, қыздар сияқты ұзақ ойланып, бірнеше рет ұмтылыс жасап жатпай, бірден шорт кесуге даяр тұрады.  

Жігіт деген жылай ма?

Осы ретте гендерлік норма тура­лы айтпасқа амал жоқ. Өйткені қоғамдағы тәрбие тікелей әсер етеді. Ер адамды қайтпас қайсар кейіпте ғана көріп, солай ғана қа­былдауды шарт қылып қойған соң, әлсіздігін сыртқа шығара алма­ған­нан мойын­ға артылған жүктің ша­мадан тыс екенін сол күйі білдіре ал­май, іштен тынады. Оның соңы сарайға ілінген сары арқанға әкеліп соғып жатқаны өкінішті. «Ей, Қа­дір, мұңайма! Жігіт деген жылай ма?» демекші, көздің жасын бұлауды априори қызға тән қасиет көре­тініміз рас. Осы зерт­теуді жүргізген сарапшылардың айтуын­ша, жігіттер отба­сындағы қысым жайлы көп айт­қан. «Көп­шілігі жан­ұядағы ахуал­­дың ауыр екенін айтты. Қы­сым көп екен. Біз бала­ларды ба­қы­лап, оларға еркінен тыс әрекеттер жасатуға әбден үйре­ніп кеткенбіз. Ал қазіргі заманның жас­тарына бұлай етуге болмай­ды», – дейді әлеу­мет­танушы Татьяна Рез­ву­шкина. Зерттеу қатысушыларына «Суи­цид жай­лы ойланып көрдіңіз бе?» деген сауал қойы­лыпты. 82,3 про­­­­центі ондай ой мүлдем кел­мегенін айтқан. Бірақ қалған 17,7 пайызы кемінде бір рет болсын, ойға алғаны белгілі болып отыр. Ал суицид жа­сауға бара ала, жоқ па дегенге кел­сек, респонденттердің 2,7 про­центі ол қадамға бара алатынын айтқан. 12 пайызы «мүмкін» десе, 11,7 про­центі «жағдайға қарай» депті.  

Гейткиперлер керек-ақ

Жалпы, есептің ішінен жас­тар­ды «жұлып» алып, баса назар ау­­даруымыз бекер емес. Бірнеше жыл­дан бері жүргізіліп келе жатқан түрлі шаралар кешені жемісін беріп келеді. Демек, әр категория үшін жеке қарау қажет деген сөз. ЮНИСЕФ пен Денсаулық сақтау министрлігінің қол­дауымен Қазақ­станда кәмелетке толма­ғандар арасындағы суицидтің алдын алу бағдарламасы жүргізіліп келеді. Соның арқасында психологқа бару­­дың ұят емесін, көмек алуға бола­тынын ұққандар көбейген. syizid Аталған бағдарламаның бір ба­ғы­­ты — ма­мандарды тәуекел то­бындағы ба­лаларды анықтауға үй­рету. Яғни, бо­ла­шақта өз-өзіне қол жұмсауды ойға алған баланы ерте­­рек анықтап, онымен жұмыс істеуді мақсат етеді. Мұны пси­хо­­ло­гияда гейткипер деп те атайды. Бұл адам­ның рөлінде психолог қана емес, достары, ата-анасы, мұғалімдері де бо­луы мүмкін. Яғни, белгілерді дер кезінде байқап қалса, қалайда райы­­нан қайта­руға көмек­тесетін адам. Көп жағдайда өмірмен қош айтысардан бұрын кім болсын ойланып, таразылайды. Сол сәтте оның іс-қимылынан көп нәрсе байқауға болады. Айталық, бұрын ашық-жарқын, ойнап-күліп жүрген бала әп-сәтте тұйықталып, араласу­дан қалуы мүмкін немесе шамадан тыс ашушаң, сіркесі су көтермейтін адамға айналуы да – белгілердің бірі. Осы бағытта жұмыс істейтін арнайы әдіс­нама да бар. Яғни, суицид жасардың алдындағы жай-күйді зерттеп, алдын алуға бағыт­талады. Енді осы қадам­дардың нәти­жесіне келсек, 2012 жылы Қа­зақ­­­стан жастар суицидінен төртінші орында тұрған. Ал 2016 жылы 13-орынға жылжыды.  

Күрестің нәтижесі қандай?

«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғам­дық қорының сарапшысы Татьяна Рез­вушкинаның айтуын­ша, суи­цид­пен күрестің нақты, дәлел­денген әдісі жоқ дейді. Деген­мен статис­тиканы үнемі бақылауда ұс­тап отыру керек. «100 мың адамға шақ­қанда суицид жасағандар саны 75-100 адамнан аспауы керек. Ас­қан жағ­дайда не­лік­тен адам өмірін қиюға шешім қабылдады деп қа­растырамыз. Бас­қа жағдайда суи­цидті қалыпты жағ­дай дейміз. Бұ­рыннан бар, қазір де бар, болашақта да болады. Бұл ше­шімге келуге әлеуметтік, биоло­гия­лық, пси­холо­гиялық себептер әсер етеді. Онымен күрестің әмбе­бап әдісі жоқ. Біреу кедей­ліктен, біреу байлықтан барады. Екіншіден, Қазақ­станда суицид тақы­рыбын қозғағанды жөн көрмейді. Көбіне ол фактіні ұят деп жасырады. Осы­дан барып статистикалық мәлі­меттер нақты болмайды», – дейді әлеу­меттанушы. Психиатр-дәрігер Әсия Еркім­баева суицидті алдын алу бағдар­ламасының жемісін көріп отырмыз деген пікірде. «15-17 жастағылар арасында суицид өршіп кетіп, 2012 жылдары Қазақстан ондықта бол­­ған. Содан суицид превенциясы бағдарламасы қабылданды. Нәти­жесі қуантты. 2013 жыл мен 2019 жылдағы статистиканы салыстыр­сақ, осы топта­ғылардың өз-өзіне қол жұмсау дерегі 45,3 пайызға азай­ды. Бүгінде жасы бұл катего­риядан үлкендердің арасында көбейіп жатыр. Міне, солармен жұмыс істеп, соларға арналған кешенді шаралар ұйымдастыруымыз керек. Емхана дәрі­герлері, мектеп мұғалімдері дайын­дықтан өтіп, суицидті басынан байқай алатындай дәрежеде тәжірибе жинап алды. Көбіне ересектердің өзіне қолдау қажет болып жатады. Мұндайда Ден­саулық сақтау ми­нистрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі бір­лесіп, ведомство­аралық шаралар жасалғаны дұ­рыс», – дейді ол.  Сөзсіз, елімізде психолог қыз­­метін дамы­ту керек. Мысалы батыс мемлекет­терінде суи­цидті ойға алған адамға ғана емес, оның отбасы мүшелеріне түгел отбасылық пси­хологтан кеңес алу міндет­теледі. Мәселені шешіп, жа­ман ойдан әбден арылту үшін неше рет маман­ға қаралу керегі де белгіленеді. Мұн­дай бағ­дарлама бізге де керек сыңай­­лы. Тек психо­логтармен әңгі­ме емес, жалпы отба­сында бір-бірінің мұңын мұңдайтын институт қа­лыптасуы маңызды. Өйткені әр адам бірін­ші кезекте қолдауды жақындарынан іздейді. Тиісті дәре­жеде ала алмаса, тұйықтала береді. Ал тығырыққа тірелген адамның өзі жалғыз шыңы­­­раудан шыға алмай қалуы әбден мүмкін.  

Жадыра АҚҚАЙЫР