Ішкі әуе рейстері: Шымкенттен Таразға 23 сағатта жетесіз

Ішкі әуе рейстері: Шымкенттен Таразға 23 сағатта жетесіз

 

Пойызбен бірдей уақытта баратын әуе рейстері бар

Әрине, ішкі нарықта әрқай­сысында 1-2 миллион халқы бар республикалық маңызы зор қа­ла­лар – Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент бағыттарына сұ­раныстың тұрақты түрде жоғары ек­е­ні даусыз. Ал маусымдық ту­ристік бағыттар бойынша жағ­дай қалай? Биыл пандемияға бай­­ланысты халықаралық рейс­тер тоқтаған соң, Үкімет те ішкі рейстерді жандандыруға мән бе­ріп отыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан  – Токио бағытындағы субси­дия­ланатын рейстер уақытша тоқ­тап қалған соң, Индустрия және ин­фрақұрылымдық  даму  министрлігі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаржының бір бөлігін, атап айтсақ 385,1 млн теңгені ішкі туристік бағыттардағы тасымалды өтеу үшін жұмсауға шешім қабылдаған. Ми­нистрлік мәліметінше, кон­курсқа SCAT, Qazaq Air, «Южное небо», «Жезказган Эйр» сияқты әуекомпаниялары қатысып, нә­ти­жесінде Qazaq Air жеңімпаз атанған. Осылайша, Нұр-Сұлтан – Балқаш, Нұр-Сұлтан – Үшарал, Алматы – Жезқазған әуебағыты бойынша жолаушы тасымалы жан­дана түсумен қатар, ішкі ту­ризмнің дамуына серпін берген. Бірақ қалааралық әуе­қаты­насының әлі де ақсап тұрған тұс­тары бар. Мәселен, кейбір ба­ғыттар бойынша тікелей рейс жоқ немесе кейінге шегерілген, сол се­бептен географиялық тұрғыдан бір-біріне жақын орналасқан қа­лаларға үшінші, тіпті төртінші бағыт арқылы жетуге мүмкіндік бар. Мәселен, Павлодар – Қоста­най бағытын алайық. Билет сата­тын сайттағы мәліметтерге келсек, SCAT әуекомпаниясы Павлодар – Нұр-Сұлтан – Қостанай ба­ғытындағы әуе рейсін ұсынады. Жол ұзақтығы – 9 сағат 25 минут. Себебі Павлодардан таңертең астанаға ұшсаңыз, әуежайда біраз уақыт күтіп отыруға тура ке­леді. Қостанайға рейс кешке белгіленген. Ал дәл осы бағыт бойынша Air Astana арқылы ұш­саңыз, межеленген жерге дейін жету үшін 22 сағат 15 минут кетеді. Qazaq Air ұсынысы бойынша, жолға 20 сағат 30 минутты сарп етесіз. Ал пойызбен жүрсеңіз Пав­ло­дардан Қостанайға дейін 21 са­ғатта баруға болады. Тағы бір мысал айтайық. Шым­­кент пен Тараздың арасы ав­то­көлікпен жүргендер үшін 180 шақырымға жуық. Ал әуежолының қашықтығы – 158 шақырым. Келесі дүйсенбіде, яғни 22 қыркүйекте  ұшақпен Шымкенттен Таразға барғысы келген адамға екі нұсқа ғана ұсынылған. Екеуі де SCAT әуекомпаниясының рейстері. Екеуі де Нұр-Сұлтан арқылы ұшады. Бір рейстің ұшу ұзақтығы 4 сағат 35 минут болса, тағы біреуінің ұзақтығы 22 сағат 55 минут. Содан болар, әлемде ең қауіпсіз транспорт түрі – ұшақтар боп саналса да, азаматтар арасында қалааралық бағыттар бойынша жеңіл көлік, автобуспен жүру дағдыға айналған. Бұл екінші мәселенің басын ашып тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылда еліміздің жолдарында 10 мың адамның қаза табатынына алаңдап, бұл санның соғыс немесе қарулы қақтығыстар кезіндегі статистикамен бірдей екенін айтқан болатын. Бұл тұр­ғыдан, әрине қалааралық темір­жол, әуеқатынастарын күшейте түсу маңызды. Бастысы – жол қа­­уіп­сіздігі.  

FlyArystan лоукостері өз миссиясын орындады ма?

FlyArystan лоукестерінің пайда болғанын қазақстандықтар қуана қабылдаған еді. Қазіргі таңда бұл компанияның COVID-19 пан­демиясына байланысты жұмысы да сыналып жатады. Мәселен, ма­мыр айында бұл әуекомпаниясы Алматы – Тараз, Нұр-Сұлтан – Тараз бағытындағы әуе рейстерін уақытша тоқтататынын жариялады. Бұған себеп – экономикалық табыс табу мүмкіндіктеріне басымдық беру болса керек. Мамандар FlyArystan әуекомпаниясының әлі де болса өз миссиясын орындай алмай отырғанын сын тезіне алады.   Мақсат СЕРАЛЫ, экономист: – FlyArystan лоукостерін эко­ном-сегмент ретінде ашты. Бірақ бағаның тұрақсыздығы байқалады. Әрине, ұшу күні жақындаған сайын бағаның қымбаттайтыны тү­­сінікті. Бұл жерде ең алдымен бекі­тілген баға қажет. Себебі баға­ның тұрақтылығы жолаушылар мен рейстің санының көбеюіне әкеледі. Екінші фактор – рейстің тұрақтылығы. Бұл жерде ұшу жиі­лігі деп айтпай-ақ қояйын, себебі кейбір қалалар арасында ұшақтардың жиі ұшуы қажет бол­мауы да мүмкін. Мысалы, күніге Семейге ұшу қажет болмаса керек. Бірақ «күні өзгеріп кетті, рейс болмай қалды» дегендей сылтау болмауы тиіс. Әрине, ауа райына байланысты рейстердің өзгертілуін түсінеміз. Бірақ ішкі менеджментке байланысты рейстер ауыспауы ке­рек. Алғашқы уақытта жаңа рейс­тер компанияның өзіне шығын әкелуі мүмкін. Себебі оған әлі адам үйренген жоқ, ұшаққа адам тол­майды. Бірақ бірнеше ай өткеннен кейін бұл рейстерде тұрақтылық пайда болады. Яғни, азаматтарда бел­гілі бір маршруттық сана қа­лып­тасады, – дейді. Экономист маманның айтуын­ша, халық FlyArystan сияқты орта сегменттегі отандық компанияны ұзақ күтті. Соның өзінде ол не­гіз­гі құрылған миссиясын әзір­ше орындап жатқан жоқ. Әри­не, әуекомпаниясының бір артық­шылығы – барлық ұшақтардың жаңаланғаны. Ескі ұшақтар аты­мен жоқ. Бірақ бұл секторға тек пандемиядағы жағдай ғана емес, әу бастан әуе керосинінің қымбат болуы, мұнай бағасының өзгеруі де әсер етеді. – Түсінеміз, пандемия жағ­дайында ұшақтар тоқтап, бұл са­ла­дағы жалақы 45 процентке дейін төмендеді. Көптеген адам жұ­мыссыз қалып жатыр. Бірақ пан­демияға қарамастан, Аллаға шүкір, ішкі рейстер қайтадан жанданып келеді. Ішкі рейстерді қосқан кезде қай рейстер басым бағытқа ие, солардан бастау керек. Олардың жиілігін біртіндеп көбейту керек. Одан кейін екінші «Б» категориялы рейстерді айына төрт рет қойып, біртіндеп қалыптастыруға болады. Жолаушылар саны көбейген са­йын рейстерді де көбейтуге не­месе ұшақтың сыйым­дылығын арттыруға болады, – дейді. Біз отандық лоукостердің баға сая­сатын бағамдап көрген едік. Ең арзан билет құны Атырау – Орал бағытында қатынайтын ұшақта. Жеңілдікпен 2 999 теңгеге билет алуға болады. Бұл дегеніңіз – ірі мегаполистегі такси құны. Ақтау – Ақтөбе бағытындағы рейстің билет құны – 6 999 теңге. Әрине, мұндай баға қуантарлық, бірақ маман айтпақшы, әлі де болса тұрақты баға саясаты қажет.  

Түркістандағы әуежай жылына қанша турист қабылдайды?

Түркістан қаласындағы Hazret Sultan Airport халықаралық әуе­жайы­ның құрылысы жылдың со­ңына дейін аяқталуы керек. Түр­кістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің берген мәліметіне сен­сек, жаңа әуежайдың жолаушы өткізу қабілеті сағатына – 450 адам, жылына – 3 млн адам. Жос­парланған әуе рейстері бірінші кезекте – Нұр-Сұлтан, Алматы, Стамбұл бағыты бойынша, ке­йін­гі кезекте – Қарағанды, Ақ­тау, Атырау, Ақтөбе, Меккеге қа­тын­айды. Бүгінгі күні әуежай­дың құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тары­ның 75 проценті аяқ­тал­ған. Түркістан облысы әк­імі­нің орынбасары Сәкен Қалқамановтың мәліметінше, алдағы уақытта ин­вестор бұл нысанды әлемде қысқа мерзімде салынған әуежай ретінде Гиннесс рекордтар кітабына ұсын­бақ екен. Жоспар бойынша, бүкіл түркі әлемінің рухани аста­насына туристер 2021 жылдың қаңтар айы­нан бастап келе алады. Туризм саласының мамандары жаңа бағыттарды дамытуда ұшақ қатынасының маңызды екенін алға тартады. Бір ғана мысал, биыл қазақстандықтар арасында Ақтау бағыты үлкен сұранысқа ие болды. Себебі отандық туристер жаңадан ашылған бесжұлдызды қонақүйді көріп, Каспий теңізінің жағасында демалғанды жөн санады. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы пандемияның ең кемі 2 жылға созылатынын жеткізеді. Яғни, келер жылғы демалыс маусымы да ішкі туризмге деген сұраныстың артуымен жалғасуы мүмкін. Сон­дықтан ішкі бағыттардағы рейстерді жандандыру, қалааралық тікелей рейстерді көбейту мен баға саясатын тұрақты жүргізу уақыт талабы болып тұр.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ