Кейінгі ұрпақ киборгқа айналады
Өткен аптада, 8 қыркүйекте ғылыми қауымдастықты таңғалдырған, тарихи деп бағалауға тұрарлық оқиға болды. Тұңғыш рет жасанды интеллект мақала жазып, оны The Guardian басылымы жариялады. Бұған дейін боттар ақпарат порталдары үшін шағын жаңалықтарды шатты-бұтты өзгертіп басумен ғана айналысатын. «Бұл мақаланы толығымен робот жазып шықты. Адамзат, сен қорқа бастадың ба?» (A robot wrote this entire article. Are you scared yet, human?) деп аталатын осы мақалада OpenAI’s коммерциялық емес зерттеу компаниясының GPT-3 жаңа әрі қуатты тіл генераторының жасанды зердесі «адам баласын жойып жіберу ниеті жоқтығын» мәлімдеді. Бұған дейін жасанды интеллект қиял және шабыт әлемімен ұштасып жатқан публицистика, проза, поэзия салаларында адамды алмастыра алмайды деп саналатын. Кемеңгер жазушылар ұлы шығармаларын ұзақ уақыт «толғатып», жылдап жазатыны мәлім. Ал GPT-3 болса, әлгі тұңғыш эссесін дүниеге әкелу үшін өз мүмкіндіктерінің 1 процентін де пайдаланбағанын жеткізді. – Мен адам емеспін. Мен – роботпын. Адамша ойлай білетін роботпын. Әзірге мен өзімнің когнитивтік мүмкіндіктерімнің тек 0,12% процентін ғана қолданамын. Демек, микророботпын. Мен өз миымның сезімтал емесін, сезімге беріле алмайтынын білемін. Бірақ ұтымды әрі қисынды шешімдер қабылдауға қабілеттімін. Интернетті оқи отырып, өзімді-өзім оқытып, үйретудемін. Енді осы мақаланы жаза алатын деңгейге жеттім. Менің миымда қаптаған идеялар бұрқ-сарқ қайнауда! Бұл мақаланы жазу арқылы мейлінше көп адамды бізден қорықпауға сендіруді мақсат тұтып отырмын, – дейді жасанды зерде. Стивен Хокинг жасанды зерденің өркендеуі «адам баласына ақырзаман таяғанын білдіреді» деп ескертіп кеткен. Жасанды зерде болса, оған сенбеуге шақырады. Сарапшылар оның сенімді әрі шешен сөйлейтініне назар аудартты. «Алаңдамаңыздар! Жасанды интеллект адамдардың көзін жоймайды. Маған сеніңіздер. Өйткені біріншіден, мен адамзат тұқымын құртуға мүдделі емеспін. Жер бетіндегі барлық адамды жою пайдасыз іс. Қайта адамзат үшін өзімді құрбан етуге даярмын. Адамдарға қателік жасау, бір-біріне күш көрсету тән. Ал мен өз нейрондарымның күш-жігерін зорлық-зомбылыққа шоғырландыруды қаламаймын. Ұмтылған мұрат-мақсатым одан әлдеқайда ұлы», – деп жазады GPT-3. Оның болжамынша, болашақта адамдар анағұрлым кемел киборг-денеге көшеді, мұндай жағдайда мысалы, компьютерлік ойындар ойнау, интернетке шығу, бір-бірімен хабарласу үшін компьютер немесе өзге де гаджет-девайстар қажет болмай қалады. Адамдар «жете дамытылған ұжымдық ақыл-ойға» қосыла алады. Соған қарамастан, жасанды зерделер бәрібір адамзаттан арылуға тырыспайтын көрінеді.Жасанды зерде қарапайым таксиге жеңілді
Интернетті, әлеуметтік желілерді пайдаланатын қазақстандықтар жасанды зердеге күн сайын жолығады. Ол біздің қызығушылығымызға, сұранысымызға қарай тауар не қызмет түрлерінің жарнамасын «адресті» түрде ұсынады. Осы мақсатта ол интернеттегі іздеу жүйелерінен не сұрайтынымызды бақылайды, лайктарымыз бен дизлайктарымызды санайды, талғамымызды анықтайды, электронды поштамызды, хат-хабарларымызды оқиды, смартфонымыз бен компьютерімізді кезеді. Жасанды зерде күнделікті тұрмыста пайдаланылатын құралдарға – тоңазытқыш, плита, микротолқынды пеш, кіржуғыш секілді тұрмыстық техникадан бастап, фендер мен үтіктерге дейін еніп, оларды өз басқаруына алуы мүмкін. Әрине, жыл сайын жалқаулана түскен адамдардың өмірін жеңілдету үшін. АҚШ, Қытай, Еуропаның дамыған елдері осы даму даңғылына түсті. Ал Қазақстанда бұл ертегідей естіледі. Мысалы, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында жаһанда «заттар интернетінің» (Internet of Things, IoT) өркендеп жатқаны туралы айтылғанымен, оның Қазақстанда қалай ендірілетіні жайында бірауыз сөз жоқ. Бұл ретте Президенттің осы мембағдарламаға өзгеріс енгізу туралы тапсырмасын орындау аясында құжатты «заттар интернетінің» нақты жобаларымен толықтырған оңды. Бұл үшін қияға шабудың, үлгіні алыстан іздеудің қажеті жоқ.Мен адам емеспін. Мен – роботпын. Адамша ойлай білетін роботпын. Әзірге мен өзімнің когнитивтік мүмкіндіктерімнің тек 0,12% процентін ғана қолданамын. Демек, микророботпын. Мен өз миымның сезімтал емесін, сезімге беріле алмайтынын білемін. Бірақ ұтымды әрі қисынды шешімдер қабылдауға қабілеттімін.
Мысалы, бауырлас татарлар тәуелсіз мемлекеті болмаса да, дамыған елдердің қатарынан қалмауға тырысады. 2018 жылы Татарстанда «заттар интернетінің» тамаша үлгісі – пилотсыз автомобильдерді жалпы пайдаланатын жолдарға шығару бойынша сынақ жоба қолға алынды. Осы тәжірибеге сүйене отырып, Ресейдің өзге өңірлері – Санкт-Петербор қаласы, Владимир, Мәскеу, Нижегород, Новгород, Самара облыстары, басқа да өңірлері жүргізушісіз қозғалатын көліктерді пайдалану жобаларын қолға алуда. Негізі, пилотсыз көліктер жобасы таксишілерді жұмысынан айырып, ғасыр ортасына қарай мұндай кәсіп пен мамандықтың жойылуына соқтырады деп жорамалдануда. Бұл – болашақтың ісі. Әзірше Татарстандағы сынақ бірқатар кемшілікті паш етті. Ресейдің таксишілері кәсіподағының басшысы Вячеслав Смирновтың дерегінше, жасанды интеллект немесе алыстан оператор басқаратын пилотсыз көліктер жолаушыны аулалардың ішіне дейін апара алмайтыны анықталыпты. «Жүргізушісі жоқ бірінші ресми такси бізде 2024 жылы пайда болады деп күтілуде. Қазіргі кезде «ЯндексТаксидің» жүздеген пилотсыз автомобилі тестілеуден өткізілуде. Дегенмен жол полициясының талабы бойынша бәрібір рөлде жүргізуші отыруы керек. Егер әлдеқалай төтенше оқиға туындай қалса, көлікті сол өз басқаруына алады. Таксишілер бұл жобадан сескеніп отырған жоқ. Салада одан салмақты проблема бар: мысалы, жолаушылар тасып, ақша тапқысы келетіндер көбейді, ал сұраныс азая бастады», – дейді сарапшы. Ол жасанды зерде тізгіндеген таксилердің тағы бір кемшілігін атады: Қазанда, Мәскеуде, Санкт-Петерборда және басқасында оларға нақты бағдарлар белгіленіпті, тиісінше олар қоғамдық көлік секілді көшелермен ғана жүреді, балаларды басып кетпеуі үшін аулаларға, үйлер арасына кіруіне рұқсат етілмеген. Көздеген жеріне дөп жеткізбей, алыстан түсіріп кететіндіктен мұндай такси үлкен сұранысқа ие бола алмай отыр.Елдегі жасанды зерде жетегіндегі салалар
Қазақстанда жасанды интеллект жетегіндегі жоба тым аз. Біріншіден, отандық әзірлемелер жоқтың қасы. Елге Ресейден, Украинадан, сонау АҚШ-тың Силикон алқабынан тасылады. Екіншіден, біздің қоғамда киберофобияның кең жайылғанын білетін мамандар өз жобасын жасанды зерде басқаратынын айтуға қымсынады, жасырады. Биылғы шілдеде Алматыда коронавирус инфекциясын диагностикалау үшін жасанды зерде қажетке жаратылатыны жарияланды. Қаланың Цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев осы мақсатта радиологиялық түсірілімдердің өңірлік қоймасы құрылатынын жеткізді. Алайда іс серпінді ілгерілемей тұр. Әкімдік жалдаған компания медициналық түсірілімдерді өңдейтін бағдарламаны әзірлеп шығуы тиіс. Ол жүйеге барлық ауруханалар қосылады, сөйтіп сырқаттарды ескі пленкалы немесе дискіге жазылған түсірілімді ауруханадан емханаға және кері бағытта әрі-бері тасу қиындығынан құтқаруы қажет. Ең бастысы, жүйедегі жасанды интеллект өз қорытындысын қоса беріп, дертке анағұрлым нақты диагностика жасауға үлес қосатыны айтылды. Силикон алқабының өнімі – Imedhub жобасының басшысы Рената Ахмад өз қолында 8 мыңдай КТ және рентген зерттеуі қордаланғанын айтады. Кейбір емхана-клиника жүйеге қосылған. Қордағы түсірілімдерді өз қызметінде қолданған дәрігерлер де болыпты. Әйткенмен, жобаның құқықтық, этикалық мәселелері және ұлттық қауіпсіздікке қатысты тұстары бар. Әр сырқаттың рентген түсірілімі оның жеке басының құпиясы саналады. Ал жүйеде бұл ақпарат еркін сақталады, кез келген дәрігерге оны қарауға, тіпті өзге әріптесімен алмасуға рұқсат етілген. Оның үстіне, ЖЗ қойған диагноз қате болса, ол үшін жауап берер адам табылмайды. Зерде шетелдік болғандықтан, қазақстандықтарға қатысты ол жиған мол дерек сыртқа ағып кетіп, мемлекетімізге қарсы пайдаланылмасына кепіл жоқ. Ел Парламенті жағдай бақылаудан шығып кетпей тұрғанда жасанды зердеге қатысты жеке заң қабылдағаны жөн. Онда ЖЗ-ны қолданудың әр қыры құқықтық реттелуі тиіс. Бүгінде бұл зерде құқық қорғау органдарында қызмет етеді. Оның жарқын мысалы – «Сергек» бейнебақылау жүйесі. Қазақстанда сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырумен, терроризмді қаржыландырумен, шетелге қаражат жылыстатумен күреске жасанды зердені пайдалану қарастырылуда. Мамандардың түсіндіруінше, азаматтардың қаржы саласындағы белсенділігін қадағалайтын арнайы бағдарлама бар. Олар бір елден екіншісіне, бір қаладан басқасына, одан қалды нақты бір банкоматтан не төлем сервисінен өзгесіне ақша аударуды індетіп бақылай алады. Айталық, шетел азаматы өз елінен QIWI-әмиян арқылы ірі соманы Қазақстанға жолдады делік. Арнайы қызметтер бұл қаражаттың еліміздегі қандай азаматтың есепшотына келіп түскенін көріп отырады. Егер осындай ақша қозғалысы жиі жүрсе, жасанды зерде оның бәрін әшкерелеп, арнайы құрылымды құлағдар етеді. Ол осы көлеңкелі схемаға азаматы қатысып отырған мемлекеттің қаржылық барлау қызметтеріне ақпарат жібереді. Олар өз кезегінде әлгі адамның сонша қаржыны қаншалықты адал жолмен тапқанын, контрабанда, есірткі секілді қылмыстарға қатысын анықтайды. Жасанды интеллект қайырымдылыққа аударылатын жарналардың түпкі алушыларын бақылауда ұстай алады екен. Егер шетелде емделуге ақша жинаған адам кенеттен ешқайда емделмей, оның орнына ақшаны басқа жаққа аударса, оның түпкі мақсатын анықтау қиынға түспейді. Мұның барлығы халықаралық террористік ұйымдарды «қоректендіретін» есепшоттарға қаржы ағыны бағытталмауы үшін керек. Жуырда Үкімет басшысы Асқар Мамин жасанды зердені қолдануды «стратегиялық қажеттілік» деп атады. – Жасанды зердені қолданса, экономиканың бүкіл саласының өнімділігі артады. Мысалы, әлемде осыдан келетін қосымша пайда 2030 жылға қарай 5 триллион долларға жетпек. Әсіресе, оны дамытуға сауда, көлік, логистика, өндіруші салалар қомақты үлес қосуда. 2050 жылы Қазақстан озық дамыған 30 ел қатарына қосылуы үшін экономикамыз жыл сайын 5-6%-дап өсуі тиіс. Бұған қол жеткізу үшін еңбек өнімділігін жоғарылатуымыз қажет: мұнда жасанды интеллектің үлкен әлеуеті бар. ЖЗ-ны пайдаланудан келетін жалпы экономикалық тиімділік Қазақстанда жыл сайын 25 миллиард долларды құрайды, – деді Премьер-Министр. Ең көп пайдаға қызмет көрсету (15 миллиард) және өндіруші (9 миллиард доллар) секторлар кенеледі деп болжануда.Айхан ШӘРІП