Тағы бір орынбасар тұтылды
Тағы бір орынбасар тұтылды
© коллаж: Елдар Қаба
171
оқылды
13 қыркүйекте, жексенбі күні Қарағанды қаласының маман­дырылған тергеу соты қала әкімі­нің орынбасары Жақсылық Ша­ла­бековті АК 159/1 тергеу изо­­ляторына қамау туралы шешім шы­ғарды. Шенеунік  12 қыркүйекте Михайлов полиция бөліміне жет­кізіліп, 48 сағатқа жабылып, ар­наулы прокурор жауап алған бо­латын. Ж.Шалабеков 2011-2019 жыл­дар аралығында Қарағанды қаласы әкімдігінде Құрылыс бөлімі ММ басқарды. Өткен жылы қала әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Прокурорлардың 2019 жылдан бері жүргізген тексерістері нәтижесінде қылмыстық іс қозғалды. Құзыр­лы орган  Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің мемлекеттік бағдарламалар бойынша көпқабат­ты үйлер салуға жарияланған бай­қауларды заң талаптарына сай жүргізбегенін анықтаған. Ж.Шалабековпен қатар сот орындығына құрылыс компания­лары­ның басшылары отырды. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі араласқан сотқа дейінгі тексерісте шенеунік Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы, яғни бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлау,  иемденіп алу немесе талан-таражға салу бойынша айыпталып отыр. Қорғаушының сот шешіміне апелляциялық сатыда шағым жасауға мүмкіндігі бар. Әрі қамалушының жақында ғана коронавирус жұқтырып емделгенін ескерсек, бұлтартпау шарасын үй қамаққа ауыстыруы әбден мүмкін.  

Құрылыс компанияларына «қамқор» болған

«КазМегаСтрой» ЖШС ди­ректоры Ермек Қасенов те осы қыл­мыстық іс бойынша 5 тамызда екі айға тергеу изоляторына жабылған болатын. «ҚазМегаСтрой» ЖШС – Қа­ра­ғандының оңтүстік-шығыс ауданында бірнеше тұрғын үй құрылысының бас мердігері. Оң­түстік-батыс ауданының 1-ке­зектегі ірі панельді тұрғын үйлері мен «Трилистник» ТК 25 қабатты тұрғын үйлерін салу үшін 2017 жылы «ҚазМегаСтрой» ЖШС жалпы сомасы 5,4 млрд теңгелік бес тендерді жеңіп алған. Дегенмен үйлер салынып бітпеген. Қала әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабеков осы компаниямен қосымша келісімдер жасап, алдын ала заңсыз төлем аударғаны үшін айыпталып жатыр. Маусым айында Қарағанды об­лысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «04.10.2017 жылғы №116 Мем­лекеттік сатып алу туралы шартқа 25.10.2017 жылғы №1 қосымша келісімді» жарамсыз деп таныды және тапсырыс берушіден алынған аванс сомасын – 60 млн теңгеден астам соманы жергілікті бюджет кірісіне қайтаруды міндеттеді. Осы қаржыны құрылыс бөлімі Оңтүстік-батыс ауданның 1-кезектегі ірі панельді №4 тұрғын үйдің 1-3 блок-секциясын салуға шарт бойынша қамтамасыз ету үшін берген. Шарт сомасы ҚҚС есебімен 721 717 200 теңгені құрады», – делінген сот материалдарында. Прокурорлар тексеріс кезінде 2017 жылғы 22 қарашадағы №4672262/17-831 шотқа сәйкес 60 297 030 теңге аванс сомасының ЖШС шотына аударылғанын анық­тады. Бұл ретте шарттың орын­далуын қамтамасыз етуді құрылыс компаниясы «Банк Астана» АҚ-ның 2017 жылғы 28 қарашадағы кепілдік міндеттемесі арқылы алған. Дегенмен конкурс шарттары бойынша бұл кепілдік 2017 жылғы 17 қазанға дейін алынуы тиіс екен. «ЖШС осы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ететін кепілдікті ақ­ша­лай жарна немесе банктік ке­пілдік түрінде енгізу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған. Шарттың орындалуын қамтамасыз ету «Банк Астана» АҚ 28.11.2017 жылғы ЖО-КЛО126 кепілдік міндеттемесі түрінде жүргізілді. Ол белгіленген мерзімнен кеші­рек алынған», – делінген сот ше­шімінде. Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі ММ  мен «ҚазМегаСтрой» ЖШС арасында 2019 жылдың наурыз айында келісімшарт бұ­зылған, алайда артық төленген ақ­ша­ны компания бюджетке бірден қайтармаған. Қарағанды қаласы әкімдігінде құрылыс жүргізуге байланысты заңбұзушылықтардың орын алуы бірінші рет емес. Осыған дейін де құзырлы орган тағы бір құрылыс ком­паниясына негізсіз төлем жасау фактілерін анықтаған болатын. Бұған дейін осындай талапты прокурорлар DCT KAZAKHSTAN ЖШС-ға қатысты қозғаған бола­тын. Бұл іс бойынша шешім заңды күшіне енді. Былтыр құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғалары мен құрылыс­шылардың үстінен сотқа дейінгі тексеру жүріп, қылмыс құрамы анық­талмағандықтан тоқтаған еді. Биыл арнайы прокурорлар  құ­жаттарды жіті зерделей келе, істі қайта қозғады. Қазір прокуратура DCT KAZAKHSTAN ЖШС-ның да Қарағандының Оңтүстік-батыс ауданының 1-кезектегі үйлерін са­луды заңсыз ұтып алғанын анық­тады. DCT KAZAKHSTAN бас­шысы Дамир Досжанов  көпқабатты үйлер салу кезінде жалған құжаттар ұсынған. 2018 жылдың маусым айында Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі DCT KAZAKHSTAN ЖШС-мен оңтүстік-батыс ауданының 1-кезектегі ірі панельді №5 тұрғын үйдің 1-5 блок-секциясы және №6 тұрғын үйдің 1-5 блок-секция құрылысы үшін №64 және №65 шарттар жасасқан. Екі шарт бо­йын­ша сома – 2 млрд теңге. Үй­лер­дің құрылысы 2019 жылдың со­ңы­на дейін аяқталуы тиіс еді. Бұл жолы да әкімдік қосымша келсімшарт жасап, компанияға  120 млн теңге көлемінде аванс аударады. Ал компания 10 жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың орындалуын қамтамасыз етуді ақшалай жарна немесе банк кепілдігі түрінде енгізуі тиіс еді. Алайда шарттардан да, заңнан да прокурорлар мемлекеттік қызметтерді жеткізуші – DCT KAZAKHSTAN ЖШС-не аванс беруді көздейтін тармақтарды таппаған. Нәтижесінде, прокурор­лар таққан айып дәлелденіп,  DCT KAZAKHSTAN ЖШС бюджетке 120 млн теңгені қайтарды. Сонымен қатар тергеу барысын­да берілген банк кепілдіктері жалған екені дәлелденді. «НұрБанк» АҚ прокурорларға құрылыс ком­паниясына 10 425 000 теңге со­ма­сында кепілдік бермегенін ха­барлаған. Бірақ бұл заңсыздық әкімдіктің құрылыс компаниясын байқауда жеңімпаз деп тануына, содан кейін оған қомақты аванстық төлем жасауына кедергі болмаған. Енді прокурорлар екі байқаудың нәтижесін де заңсыз деп тануды талап етіп отыр.  

Тәртіп бұзса да, жазаланбаған

Қала әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабеков  құрылыс саласындағы қызметіне байланысты бұған дейін де бірнеше рет сот алдында жауапқа тартылған. 2017 жылдың наурыз айында Қарағанды қаласының әкімшілік соты Ж.Шалабековке МСҚБ-ны хабардар етпестен, «Степной-3» шағынауданындағы тұрғын үйге инженерлік желілер салуға рұқсат бергені үшін 39,7 мың теңге айыппұл салған болатын. Ал 2017 жылдың сәуір айында Белинский көшесі, 2 үй құрылысы кезінде жіберілген заңбұзушылықтар үшін 785 мың теңге айыппұл кесті. Әкімшілік сот Ж.Шалабековке объектілер мен кешендерді қа­былдау және пайдалануға беру тәртібін бұзғаны үшін үш түрлі айып тақты. Объектілерді және олардың кешендерін белгіленген тәртіптегі сараптамадан өткізіл­меген жобалау құжаттамасы бо­йын­ша салуға рұқсат берген деп айыптады. Сондай-ақ құрылысты техникалық және авторлық қада­ғалаусыз жүзеге асыруға жол бер­ген деп таныды. Дегенмен қала құрылысындағы салғырттыққа қарамастан, айыппұлмен құтылған Ж.Шалабеков құрылыс бөлімінің басшысы болып қала берді. Әрі сол жылы қала әкімінің орынбасары лауазымына көтеріледі. Ж.Шалабеков бірнеше рет қыл­мыстық істер бойынша да айыпталушы болды. Мәселен, 2020 жылдың қаңтар айының басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шенеунік пен «Ком­пания АСК-Құрылыс-1» ЖШС  директоры Ардақ Мұқашевқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. 2019 жылы Мемлекеттік ішкі аудит департаменті «Панель-Центр» шағынауданының №4-5 блок-секциясының №1 үйінде орындалмаған құрылыс жұмыстары үшін Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі ММ 62,7 млн тең­геден астам соманы негізсіз ау­дар­ғанын анықтады. Сотқа дейінгі тер­геу Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша қозғалды.  

Қосымша келісім «көзірі» болса керек

«Панель-Центр» шағын­ауданындағы №1 тұрғын үйдің №4-5 блок-секциясының құрылысын аяқтауға мемлекеттік сатып алу 2016 жылдың желтоқсан айында өткізілген. Бұл шағынаудан 2013 жылдан бері салынып келеді. 2016 жылы «сақалды құрылысқа» қара­жат табылып, осы компания ұтып алады. Үйлердің құрылысына ҚҚС есебінсіз 281 млн теңгеден ас­там қаражат бөлініп, байқау жеңімпазы болып «Компания АСК-Құрылыс-1» ЖШС танылады. Келісімшарт бойынша жұмыстарды 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған. Бірінші жылы бюджеттен 8,9 млн теңге, ал 2017 жылы қалған қаражат бөлінді. Алайда Қарағанды қаласының құ­рылыс бөлімі қосымша келісім жа­сап, нысанды тапсыру мерзімін 2018 жылға созған. Әрі компанияға 475,57 шар­шы метр ғимарат бөлмесін жекеменшік­ке беруді көздеген. Дегенмен бұл жеңілдік те компанияның үйді уа­қытын­да тапсыруға ынтасын оят­пайды. 2018 жылдың қаңтар айының соңында Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі «Компания АСК-Құрылыс-1» ЖШС-ін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатыс­ушысы деп тану және 441 мың теңгеден астам сомада тұрақсыздық айыбын өндіріп алу үшін сотқа талап арыз береді. Алайда сот арызды қараудан бас тартады.  Себебі  әкімдік құрылыс компаниясын сотқа бергенде мерзімінен бір айға кешігіп берген. Шенеуніктер сот шешіміне қарсы болмайды. Керісінше, уәдесінде тұрмайтын компаниямен әріптестікті жалғастыра береді.  Қосымша келісім жасасып, жұмыс ақысын жүйелі түрде төлеуді жалғастырады. 2019 жылғы 8 тамызда Қараған­ды қаласының құрылыс бөлімі тағы да сотқа жүгінеді. Сот отырысын­да талапкердің өкілі «құ­рылыс компаниясы іс жүзінде 2019 жылдың қаңтарынан бастап объектіде жоқ. Бірнеше рет жұмыс мерзімінің кешіктірілгені туралы хабарлама жіберілді. Үйдегі 4 блок-секция басқа қосалқы мердігерлік ұйымдардың күшімен пайдалануға берілді. 5-блок-секция бойынша жауапкер ешқандай жұмыс жүр­гізбейді, онда жұмысты басқа тұлғалар жүргізеді, бірақ өте баяу, Шартта көрсетілген мерзімге объект дайын болмайды. Бұл нысан әл­еу­меттік маңызды нысан», – деп мә­лімдеген. Алайда «Компания АСК-Құ­рылыс-1» ЖШС сотта Atlant­building KZ ЖШС-мен 2019 жыл­ғы 9 қаңтардағы қосалқы мер­дігерлік шарттарын көрсетіп, объектілерде жұмыстың барлық көлемін орындағанын хабарлайды. Сот әкімдіктің талабын қана­ғаттандырудан тағы да бас тартады. Қарағанды қаласының құ­рылыс бөлімінің мемлекеттік бағ­дарлама бойынша салынатын үй­лердің құрылысына салғырттық танытқанына тағы бір факті дә­лел. 2019 жылы қала әкімдігі  Atlant­­building KZ ЖШС  мен 25 қабаттық «Трилистник» ТК №10 үйінің құрылыс-монтаждау жұмыстарының 1 млрд теңгеге жуық орындалғанын растайтын актілеріне қол қойды, бірақ көп­қабатты үйдің тек үш қабаты ғана тұрғызылған еді. Нәтижесінде, 2019 жылдың қараша айында мамандар «№10 үйді аяқтау мүмкін емес, өйткені үй қабырғасындағы жарықтар құрылымның тұтастығын бұзады. Салынған үшқабатты бұзып, іргетасын нығайтып, қайта­дан бастау керек» деген қорытынды жасайды. Қарағанды қаласы әкімдігі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ламасына бөлінген қара­жат­тың талан-таражға түсіп, көп­қабатты үйлердің мерзімінде тапсырыл­мауына, сапасыз салынуына жол берген. Әкім орынбасары Жақсылық Шалабековтің сыбайлас жемқорлыққа қатысы дәлелденсе, заң бойынша 6 жыл шаһарға бас­шылық етіп отырған Нұрлан Әубәкір­ов орнын босатуы ықтимал.  

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,  Қарағанды облысы