Қос пән бірікті, ал сабақты кім үйретеді?
Қос пән бірікті, ал сабақты кім үйретеді?
761
оқылды
Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес, 2017 жылдан бері жалпы білім беретін мектеп­терде «Бейнелеу өнері» мен «Тех­нология» пәндері біріктіріліп, «Көркем еңбек» пәні «дүниеге келді». Аталған пән 1,2,5,7-сы­нып­тарда сынақтан өтті. Ал қазір бұл пән респуб­лика бо­йынша барлық мектептің сабақ кесте­сінде көрсетілген. Байқағаныңыздай, бүгінде мектеп бағдар­ламасында «Бейнелеу өнері», «Сызу», «Техно­логия» пәні жоқ. Демек, бірқатар мұғалім са­ғатсыз қалып, жұмыстан босатыл­ды деген сөз. Өйткені бұрын 1-6-сы­нып арасында «Бейнелеу өнері», 9-сыныпта «Сызу» пәні оқыты­латын. Осыған сай кейбір мектепке бір ғана «Сызу» пәні мұғалімі жететін-ді. Қазіргі жайды ескер­сек, ауылды жерлерде аталған пән мұға­лімі жұмыссыз қалғаны белгілі. Ал «Көркем еңбек» пәнінен кім сабақ береді? «Технология» әлде «Бей­нелеу өнері» пәні мұғалімі ме? «Көркем еңбек» пәні мұғалімдері неге Білім министр­­лігіне ашықхат жазуға мәжбүр болды?  

Хат жаздым қалам алып...

 Үш пән тағдырын, екі пәннің мазмұнын «бойына сіңірген» жаңа «Көркем еңбек» пәнін сынағандар көп. Шымкенттегі ОҚМПУ Кә­сіптік-шығармашылық факуль­те­­тінің деканы Медеубек Тәңірберге­нов «Көркем еңбек» пәні ертеңіне алаңдау­шы­лардың бірі. Профессор БАҚ бетінде кітап­тағы олқылық­тарды, мәселе мен сағат бөлі­нісі жайлы бірнеше рет жазған-ды. Айта кетерлігі, педагогика ғылымдары­ның докто­ры «Көркем еңбек» пәні кітабындағы Бейне­леу өнері бө­ліміндегі кемшіліктерді жіпке тіз­ген­дей көрсеткен. 5-сыныпқа ар­нал­­ған кітаптағы сөйлем, сурет түр­лерінің бері­­­луіндегі қатені, кі­тапта 19 өзге ұлт және 5 қа­зақ сурет­шісі жайында мәлімет барын атап көр­сеткен. Содан кейін аталған пәннен нақты қай пәннің оқытушысы сабақ берерін нақтылауды сұраған еді. Пәндік курстар мен мұғалімді даярлауды қолға алуды ұсынды. Осыдан кейін сала басшылары «Көркем еңбекке» көңіл бөлгендей болған. Алайда биыл тағы да жік шықты. Бұл жолы мұғалімдер әдістемелік нұсқау­хаттағы тармаққа наразылық білдірді. Нұр-Сұлтан қаласындағы №82 «Дарын» маман­дандырылған лицейі мұғалімі Роза Шәріпқызы мен Түркістан қаласындағы №27 IT мектеп-лицейі оқытушысы Бауыржан Айтжанұлы министрлікке ашық хат жазды. Хат мазмұнында көрсетілгендей, жаңа оқу жылынан бастап «Көркем еңбек» пә­нінде оқушы санына бай­ланысты ұл, қыз деп бөліп оқытпайды. Яғни, сы­нып­тағы бала 24-ке толса (ауыл мек­тебінде 20), пәнді бөліп оқытуға болады. Мұғалімдердің айтуынша, бұл тосын шешім. Нұсқау хаттағы топқа бөлу мәселесі БҒМ-ның 2020 жылғы №182 бұйрығы, 57-тар­мағына сай өзгертілген. Бұрын 2018 жылғы 31 қазандағы №604 бұй­рығына сай жүзеге асырылған-ды. Айта кетер тұсы, «министрлік өзгеріс енгізер алдында мұғалімнен, оқушы мен ата-анадан сауалнама алмаған». Мұ­ғалім­дер осылай деп жауапты органның ісіне реніш білдірді.
«Ұл мен қызды бірге оқытқанда то­лыққанды білім алу мүмкін емес. Оның үс­тіне, мектептердегі технология ка­бинеті толық сыныпқа арналып жаб­дықталмаған. Ұлдар мен қыздарға арналған кабинет 12-15 балаға лайық­талған. Ұзақ жылдан бері қалалық жерде сабақ беріп келе жатқан мұ­ғалім ретінде бұлай істеу жөнсіз деп есеп­теймін. Жалпы, стандартқа өзгеріс енгізу үшін алдымен дайындық керек. Ал «Көркем еңбек» пәнін интеграциялап оқыту үшін жаңа бағдарлама мен жаңа оқулық қажет», – дейді Бауыржан Айтжанұлы.
Нұр-Сұлтан қаласы Білім беруді жаңғырту орталығының басшысы Әлия Мақышова да ұстаз пікірімен келіседі. Ол мемлекеттен қаржы бөлініп, жаңар­тылған бағдарлама бойынша пән мұ­ғалімдерінің курстан өт­кенін, жаңа оқу­лық шыққанын растап отыр.
«Бұл пәннің өмірге қажетті дағды­ларды оқушы бойына қалыптас­ты­ратыны баршамызға аян. Осы уақытқа дейін бұл пән сынып толым­дылығына қарамастан 5-сыныптан бастап, ұлдар мен қыздар тобына бөлініп оқытылып келді. Бұл – дұрыс. Енді министрліктің бұйрығына сай, қалалық білім беру ұйымдарында білім алушылар саны – 24 және одан артық, ауылды жерлерде 20 және одан артық болғанда ғана «Көркем еңбек» пәні бөлініп оқытылады. Айта кетерлігі, елорда бойынша мектептерде 24-тен төмен класс комплектісі жоқтың қасы. Сон­дықтан қалада сағат қысқару мәселесі туындап тұрған жоқ», – дейді Әлия Мақышова.
 

«Жұмыссыз қалдық»

Нұр-Сұлтан қаласында жағдай тұрақты болғанымен, еліміздің басқа өңірінде пән мұғалімдері «жұмыссыз қалдық» деп шағым айтып жатыр. Мұғалімдер министрлікке ашық хат жолдағасын, ұстаздар әлеуметтік желіде наразылық шеруін бастап кетті. Мә­селен, Тұрсынгүл Тезекбаева өзінің 50 жасқа келгенін, 30 жылға таяу еңбек өтілі барын алға тартты. «Бейнелеу өнері» пәні, «Сызу» қысқарды. «Көркем еңбек» пәнінде ұлдар мен қыздарды біріктіргені болмады. 14 сағатпен қал­дық. Жасы келген ұстаздар орта жолда жұмыссыз қалудың алдында тұр», – дейді ұстаз. Ауылда «Көркем еңбек» пәнінен сабақ беретін Сағила Упекова бір сыныпқа 15 оқушының өзі әзер сыя­тынын алға тартты. «20 балаға жабдық­талған сынып жайы не болмақ? «Мұғалім мәртебесі» қайда қалды? Мек­­­теп жасынан бастап баланы еңбекке баулымасақ, ұлттық өнерімізді қалай дамыта­мыз? Ұл мен қызды қосып алып қалай сабақ өтеміз? 10 минут тігін мә­шинесін, 10 минут станокты меңгеруді үйретеміз бе? Сондықтан бө­ліп оқытуды талап етеміз», – дейді мұғалім.
Иә, «Көркем еңбек» пәні мұғалімдері қашықтан оқыту барысында мұндай қиын­дыққа тап боламын деп ойламаған. Бауыржан Ниязбековтің Facebook-тегі жазбасына мән берсек, «Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Көр­кем еңбек» пәні мұға­лімдеріне өздерің бағдарлама жасап, сабақ өте беріңдер деп нұсқау берген». Шамасы, оқу бағдарламасы енді түзіліп жатқан сыңай­лы. Сонда мұғалімдер оқушы­ларға қан­дай негізге сүйеніп білім бермек? Елі­міздегі аталған пәннен сабақ беретін барша мұғалім жаңа оқу жылында «Көр­кем еңбек­тен» оқушыға нені «шо­қып» берерін білмей дал.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ