Жетпіс жігіт, мың қыз: кәмелеттік жасқа толмастан үйлену азаймай тұр
Жетпіс жігіт, мың қыз: кәмелеттік жасқа толмастан үйлену азаймай тұр
518
оқылды
Былтыр 18 жасқа толмай жа­тып 70 жігіт үйленіп, 984 қыз тұр­мысқа шыққан. Ерлерге қарағанда, қыздар арасында бұл тенденция жыл өткен сайын өршіп барады. Жалпы, портретін жасап көрсек, ерте тұрмыс құратын қыздардың дені негізгі мектепті, 9-сыныпты аяқтаған, ауылда тұрады. Басым көпшілігі қатарына емес, өзінен әлдеқайда үлкен жігіттің жары атанады. Мектепті енді бітірген қыз алдағы отбасылық сынаққа дайын­мын деп ойлағанымен, іс жүзінде байыбына бара бермеуі мүмкін. Соның салдарынан алғаш­қы түсініспеушіліктен кейін-ақ қолды бір сілтеп, ажырасуға бел буады.  

Жасөспірім қыздардың жүктілігі жөнінен антирекорд жасадық

Сандарды сөйлетсек, осы жылдың бірінші жартысында 15-18 жас аралығындағы 3 398 қыз жүктілікке байланысты есепке тұрған. 552 қыз аборт жасауға шешім қабылдаған. Демогра­фиялық ахуалды көтеруді мақсат еткен Қазақстандай ел үшін жарты жылда 500-ден аса болашақ сәбиден айырылу – үлкен қатер. Бұдан бөлек, жас қыздардың алғашқы жүктілікті аборт арқылы тоқтатуы оның болашақта бала сүю мүмкіндігіне де кері әсерін тигізеді. Акушер-гинеколог Раушан Бердібекова кәмелетке тол­маған қыздардың ағзасы жүк­тілікке толық дайын болмайды деген пікірде. «19 жасқа дейінгі қыз­дарда жүктілік көбіне жоспар­дан тыс болып қалады. Ондайда алдын ала дайындық та болмайды. Ана болатынын толық сезінбеуі мүмкін. Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымы елдерін­дегі ахуалмен салыстырғанда, 15-19 жастағы біздің жасөспірім қыздар алты есе көбірек босанады екен. Әрі 20-24 жастағы қыздармен салыстырғанда, жасөспірімдерде жүктілік ауырлау өтеді. Мерзімінен бұрын босану, жүйелі инфекциялар жұқтыру, токсикоздың өте қатты болуы, гестоз, босанған соң көп мөлшерде қан кету сияқты көп­теген қиындыққа тап болып жа­тады. Мұның бәрі қыздар ағза­сының жас ерекшеліктеріне бай­ланысты», – дейді дәрігер.  2005 жылдан бастап әр 5 жыл сайын бірнеше рет кластерлік зерттеу жасалып келеді. Соның қорытындысына қарасақ, өрімдей жас кезінде тұрмысқа шыққан әйелдердің дені күйеуінің ұруға құқығы бар деп есептейді екен. Сауалнама жүргізіліп, сұхбат­тас­қанда түрлі тағдырға тап болуға болады. БҰҰ Халықты қоныс­тандыру қоры бағдарламасының (ЮНФПА) Қазақстандағы үй­лестірушісі Ғазиза Молдақұлова ерте тұрмысқа шыққан қыздардың көбі оқуын жалғастырмай, жол­да­сына әбден тәуелді болып қала­тынын айтып отыр. «Түрлі қыз-келіншектермен сөйлестік. Мысалы, бір кейіп­керіміз 16-ға толмай жатып тұр­мыс­қа шыққан. Бірден көтеріп, бо­санған соң тағы бір рет жүкті болады. Аяғы ауыр кезде көп қи­налған. Бірақ енесі «бәріміздің де басымыздан өткен, ештеңе етпейді» деп мән бермеген. Енді ол бола­шақта қызының ерте шық­пауын қалайтынын айтып отыр. Ал кейбірі қыз тумағанына қуа­нады екен. Өйткені келін боп түс­кеннен кейінгі өмірі құдды тозақ секілді болған. Бір қызды 15 жа­сында еркі­нен тыс тұрмысқа бер­ген. Барған жері құлша жұмсаған. 21 жасқа кел­генде үш баланың анасы атанған. Күйеуінен де, үй­де­­гі бас­қаларынан да таяқ же­ген. Анасына шағымданса, «әкең­нің ұрғанына шыдап келеміз, сен де шыда» депті. Соның ақыры не болды десеңіз, әбден қажыған ке­ліншек асылып өлген. Балалар же­тім қалды. Ең қиыны, ондай от­ба­сында өскен бала көп жағ­дай­да дәл сол мо­дельді көшіреді», – дейді сарап­шы.    yileny  

Бақыттымыз дейтіндер де бар

Әйтсе де, ерте тұрмыс құрған­дардың бәрі бірдей бақытсыз деуге болмайды. 55 жасында 4 ба­­ладан 12 немере мен жиен сүйіп отыр­ған Жанар Әбденова (кейіп­кердің өтініші бойынша аты-жөні өзгер­тілді) мәселе жаста емес, сана мен тәрбиеде деп са­найды. «17 жасымда тұрмысқа шы­ғып, 18 жаста тұң­ғышымды өмірге әкел­дім. Үй мен түздің тірлігі, қатал ене, бірінен кейін бірі өмірге кел­ген балалар, ота­ғасымен арада туатын түсініс­пеу­шіліктер бастан өтті. Ажы­расу туралы ой да келе­тін. Бірақ отбасын құрарда жаса­ған тәуекелдің тәтті нәтижесі бол­­­­ғаны жақсырақ. Сәл ғана соқ­қан дауылға бола екі жаққа кет­кен жөн емес деп ойлай­мын. Менің­ше, ерте не кеш шығудан бұ­рын отбасын құратын екі жастың арасындағы бірлік маңыз­ды. Өйткені жаңа түскен келінді біздің қоғамда қолды ұзартатын, шаруа істейтін адам көреді. Ал негізі жаңа шаңы­раққа түскен адамның бейім­делуіне біраз уақыт керек. Ондайда ең алды­мен жол­дасы түсіністік танытпаса бол­майды. Алғашқы айларда көмек­тесіп, туыстарының түрлі мінезіне үйре­нісуіне жағдай жасаса, ол кезеңді оп-оңай артқа тастайды. Одан бөлек, жаңа босан­ған келін­шекте болатын депрес­сияны жеңуі үшін тағы да жолда­сының қолдауы ауадай қажет. Ал бізде ер адамның әйеліне кө­мектесуін көбіне құп көрмей жата­ды. Үлгере алмай жатқанда ыдыс жуыс­қанда тұрған не бар? Қоғамның осы тү­сінігінен арылу керек сияқ­ты», – дейді кейіп­­­­­кер. Жастай отбасын құрған қыздардың бала да шала тірлігіне көз жұму оңай дейтін де пікір бар. Себебі жоғары оқу ор­нын тәмамдап, әжеп­тәуір қыз­метте жүр­ген қыздың келіндік шаруа­сында олқы­лық бола қалса, сынның ас­тында қалады. Әрі біздің қоғамға тән «Анасы не үй­реткен» деп бас­талатын шымшу сөз кімге бол­сын оңай тимесі анық. Мұндайда жо­ғарыдағы кейіп­кер айтпақшы, жол­дасының қолдауы керек-ақ.  

Тұрмысқа ерте шығатындар статистикасы нақты емес

Соңғы 5 жылдағы деректерге көз жүгіртсек, Қазақстанда жылы­на шамамен 1 200-ге жуық қыз ерте жаста тұрмысқа шығады екен. Бұған қатысты статистика нақты емесін де ескеру керек. Өйт­­кені көп жағ­дайда жасырын ұсталады. Одан қалса, некені рәсім­­деу тек 18 жастан кейін ғана рұқсат етіледі. Сондықтан бұл ша­ма әлдеқайда көп болуы мүмкін. «Рухани жаң­ғыру» қазақ­стандық Қоғамдық даму институты сарап­шыларының сөзіне сүйен­сек, ЭКО-ға квота бөлгендей, жасөс­пірім қыздардың жыныстық тәр­бие тура­лы сауатын жетілдіру маңыз­ды. Жы­ныстық сауат деген­де айтуға ұят саналатын тақырып­тар ғана емес, отбасы болу­дың үлкен әрі маңызды қадам екенін еске салу қажет. Әлемдегі ахуалды да шолып шы­­ғайық. Кәмелетке толмаған қыздар­ды тұрмысқа беру деректері көбіне Африкада тіркеледі екен. Одан кейінгі орында Оңтүстік Азия, Латын Америкасы елдері тұр. UNICEF-тің мәліметінше, 2030 жыл­ға қарай 120 миллион қыз 18-ге толмай тұрмысқа шығуы мүмкін. Өйткені қолда бар ақпарат бойын­ша, жыл сайын шамамен 12 мил­лион жасөспірім қыз дәуре­німен қош айтысады екен. Ал жал­пы есеп бойынша, бүгінде ерте тұрмысқа шыққан әйелдердің саны 650 мил­лионға жуық. Отбасы институтын зерттеу ор­талығының жетекшісі Әйгерім Әші­мова ерте жастағы некенің көбі тұрақсыз екенін айтып отыр. «Жүр­гізілген әлеуметтік зерттеу нәти­жесінде белгілі болғандай, ерте жаста некелескендер көбіне ажы­расып кетеді. Себебі жас жұ­байлар арасында түсініс­пеушілік көп бо­лады екен. Оған қоса, жаңа түскен келіннің үй шаруасы мен бала тәр­­бие­сіне шектеліп қала­тыны бар. Ерте жастағы некелер­дің түрлі фак­торын зерттеп, Қа­зақ­стандағы гендерлік кемсіту­шілік пен марги­налдықтың дең­гейін анық­тауға бо­лады», – дейді са­рапшы. Гендерлік кемсіту демекші, ке­ліннің құқығын шектейтін жайт­тар жиі кездеседі. Білім алуға, жұмыс істеуге рұқсат бермеуден басталып, ойын ашық жеткізуге де тыйым салып, адам санатына қос­­паумен аяқталады. Яғни, шай құю­­шы, тамақ істеп, бала туушы адамның рөлін таңу – қоғамда бар індет. Бірінші кезекте осы дертпен күрес жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар қазақы отба­сыда жиі кез­де­сетін жайт – келін­шектің сөзін сөйлейтін ешкім­нің табыл­мауы. Ал қолдаудан құр алақан болған адамның басына бұлт үйіріл­ген күйі сейілмей қояды. Мұндайда айрандай ұйыған отбасы, бақытты бала туралы әңгіме қайдан қоз­ғалсын? Сондықтан отбасын құру ойыншық емесін кім болсын құ­ла­ғына құйып өскені дұрыс. Ол үшін шаңырақты шайқалтпаудың жолда­рын санаға сіңіретін зама­науи әдіс керек.  

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР