Ілеспе газды өндеу уақыт күттірмейді
Ілеспе газды өндеу уақыт күттірмейді
297
оқылды
Атырау облысындағы газ өн­деу зауытының құрылысына қа­тысты қоғамдық талқылау Жұмыскер кентінің мәдениет үй­ін­де өтуі керек болатын. Алайда аймақтағы карантин талабы оған мүмкіндік бермеді. Сондықтан газ өндеу құрылысына қатысты қоғамдық тыңдау Zoom арқылы онлайн ұйымдастырылды. Шараға аймақтағы экология мәселелерін көтеріп жүрген белсенділер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты. Атырау облыстық Таби­ғи ресурстар және табиғат пайда­лануды реттеу басқармасы­ның басшысы Қадыржан Арыстан жоба жетекшілерін таныстыра келе, оның өзектілігі туралы атап өтті. Атырау облысы әкімінің орын­басары Е.Әбілханов Үкімет басшысының өңірге іссапары кезінде айтылған жобаның ма­ңыздылығын айтып, осындай түсіндіру және талқылауларға қоғамдық ұйымдардың белсенді қатысуын сұрады. Газ өңдеу зауытының құ­рылысы туралы баяндаған жо­баның техникалық басшысы Болат Сақтағановтың сөзінше, зауыт жылына 1 млрд текше ме­трге дейін газ өңдеумен қатар, Қашаған кен орнындағы мұнай өндірісін 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта іл­еспе газды өңдемей, мұнай өндірісін арттыру мүмкін болмай тұр. Жобаны қаржыландыру ин­вестордың қаражаты мен қаржы институттарынан тартылатын кредит есебінен жүргізіледі. Жо­балық жұмыстар жүргізілетін аумақ Атырау қаласынан 60 ша­қырым жерде Атырау облысы Мақат ауданында орналасқан. Ал аудан орталығы – Мақат кенті солтүстік-шығысқа қарай 63 ша­қырым. Үкімет бекіткен газ өндеу за­уыты құрылысына инвестор ретінде GPC Investment ЖШС таңдап алынған. Сонымен бірге жобаны жүзеге асыру үшін отандық және шетелдік білікті мамандар тартылады. Зауыт құрылысы кезеңінде 2 500-ге дейін, ал іске қосқан­нан кейін 600-ге жуық адам тұ­рақты жұмыс орнымен қам­та­масыз етіледі. Қазіргідей пан­демия салдарынан өңірдегі мұ­най сервистік компания­ларда қыс­қартулар жүріп жатқан шақта атал­мыш жобаның өзектілігі айтпаса да түсінікті. Жоба  экологиялық және эко­номикалық жағынан да тиімді. Экологиялық тұрғыда тиімдісі қоршаған ортаға зияны бар іл­ес­пе және табиғи газды жағу тоқ­татылады. Ауаға зиянды күкіртті ан­гидрид газының таралуына жол бермейтін SCOT технологиясы қолданылады. Сонымен қатар BASF және Dow Chemical атты әлемге әйгілі фирмалардың озық жетістіктері де пайдаланылады. Шырақ қондырғысының жа­бық түрі қолданылатындықтан шу, жел, жылу радиациясы ауаға таралмай, ашық оттан қорғайды. Жалын жабық болғандықтан, ауа­ға жылу шығармайды, демек оның айналасында жұмыс істеу қа­уіпсіз. Ал газды өңдеуге көшу ел экономикасына үлесін қосады. Жобаны құрастырушылардың мәліметі бойынша, құрылыс кезінде және зауытты іске қосқаннан кейін шығатын қалдықтар көлемі тиісті нормалардың шекті деңгейінен аспайды. Қондырғының сани­тар­лық қорғаныш аймағы – 1 200 метр. Қорғаныш аймағының ше­гінде елді мекендер жоқ. Атмосфералық ауа сапасына ерекше талап қо­йыл­атын қорық, шипажай секіл­ді құрылыстар салынбаған. Жобалау­шылар кеніштен құбыр арқылы жеткізілетін ілеспе газ бірнеше са­тыда тазаланып, тұтынушыға даяр тауар ретінде ұсынылатынын айтады. Нысанды сумен «Астрахан–Маңғышлақ» су құбыры жабдық­тайды. Барлық өндірістік және жаңбыр суы жабық түрдегі су жи­нағышқа жиналады. Бұл ре­з­ервуардан өндірістік жаңбыр ағындарын тазартатын блокқа бе­ріліп, бекітілген сапа деңгейіне дейін тазартылған соң зауыттың өндірістік қажеттіліктері үшін қай­та пайдаланылады. Жабық ци­кл арқылы су үнемделіп, шығын азай­тылады. Жобаны іске асыру әлеуметтік-экономикалық тұғыдан оң нә­тиже береді десек те, қоғамдық тың­дауда өңірдің экологиялық ах­уалына немқұрайды қарамайтын азаматтық қоғам белсенділері өз ойларын ашық айтты. «Атамекен Эко» ҚҚ-ның төра­ға­сы Арман Хайруллин күні кеше Қашағанның ауаға лас қалдықтар шығарып, ауа бүлінгенін,  жаңа зауыт салынса оның да қоршаған ортаға кері әсері болатынын айт­ты. Оның айтуынша, Мақат ау­данында болған қоғамдық тың­дауда мә­селелер жан-жақты са­раланы тиіс болған. Дегенмен әлі де талқылатын тұстар бар­шылық. Мақат ауданынан келген «Ақи­қат» ҚҚ басшысы Ғазиз Ғабдуллин аудан тұрғындарының талабын баяндады. Оның айтуынша, за­уыт салынған жағдайда Мақат ауданы халқының әлеуметтік жағ­­дайына жауапты болатындай  мін­деттемелер алса деген пікір бар. «Жайық-Каспий Орхус» орта­лығының жетекшісі Шы­нар Ізтілеуова, «Глобус» ҚҚ бас­шы­сы Галина Чернова және өзге де табиғат жанашырлары су мен көгалдандыру мәселесін сұрады. Олар жоба ие­лері  жаңа зауыттың құрылыс жо­ба­сын тағы да пысықтап, ай­мақ халқының денсаулығына, ай­мақтың экологиясына зияны бол­майтын мәселені қамтуды ескеруі тиіс деген ойларын айтты. Сайып келгенде, ауаға жанып тұрған ілеспе газдың өнім болуына, ел экономикасы үшін қосар үлесін халық қолдайды. Орасан көлемде инвестиция  өңірге ауадай қажет. Дегенмен қоршаған ортаға тигізер әсері барынша аз болғаны жөн.    width=     Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ Атырау облысы