Карантиндік шектеулер жеңілдеп, вокзал қайта ашылғанмен, жұмыс бұрынғы қарқынмен қыза түскен жоқ. Автобекет қызметкерлерінің айтуынша, заңсыз тасымалдаушылар елдегі төтенше жағдайды да елемей, еш үзіліссіз жұмыс істеп келген. Тіпті, олардың саны бұрынғыдан да арта түсіпті. Енді бекет жүргізушілері ресми кассадан түсуі тиіс қомақты қаржыдан қағылып отыр.
– Бізге тек Алматы облысына ғана қатынауға рұқсат берілгенмен, автобекетке Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан автобустар келеді. «Сайран» автобекетінің рейске шығаратын өз автобустары жоқ. Бірақ өзге аймақтардан келген автобустардың санитарлық норманы сақтауын қадағалаймыз. Жолаушылардың міндетті түрде маскамен жүруін, антисептик пайдалануын қадағалап, дене қызуы тексеріледі. Менің айтайын дегенім, неге пойызбен 3-4 тәулік Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарына жүруге болады да, ал автобус жолаушыларына тек Алматы облысына ғана рұқсат етіп отыр? Ұшақпен жүруге де рұқсат берілген. Біз бұл мәселе жөнінде санитарлық дәрігерлерге де, Бас прокуратураға да жаздық. Бәрі республикалық санитарлық дәрігердің шешіміне келіп тіреледі. Олар қазіргі жағдайға байланысты ешқандай жауап беріп жатқан жоқ. Біз қазір жұмыс істейтінімізді де, істемейтінімізді де білмейміз. Бұрын Ресей, Моңғолия, Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстанға автобустар қатынайтын. Бүгінде оның бәрі тоқтаған, шет елге автобустар шықпайды, жағдай белгілі. Әйтсе де, өз елімізде автобустардың жүруіне неге шектеу қойып отырғаны түсініксіз, – дейді «Сайран» халықаралық автобекетінің тасымалдау бөлімінің басшысы Ерлан Әбілдаев.
Маманның сөзіне қарағанда, жолаушы тасымалымен заңсыз айналысатын автобустар аймақтарға жүріп жатыр. Олар не медициналық, не техникалық байқаудан өтпеген, не санитарлық нормаларды сақтамайды. Олардың жүруіне неге шектеу қойылмайды? Қазір өзге аймақтарға қатынап жатқан заңсыз автобустар бекет маңайында оншақты жерден жүреді. Көше-көшенің арасында, Сайран көлінің жағасында, «Ситиплюс» сауда орталығының маңынан аймақтарға автобустар жүріп жатыр. Заңды бұзып жатқан солар. Ал оларды тәртіпке шақырып жатқан ешкім жоқ. Санитарлық дәрігерлер «Біз оған кіріспейміз» дейді, полиция ол жекеменшік жер болғандықтан қандай көлік қойса да өз еркі екенін айтады. Талапты, санитарлық норманы сақтап жатыр ма, жоқ па, сонда мұны кім бақылайды?
«Сайран» автобекетімен келісімшартқа отырған тасымалдаушы компаниялар бағытты тендерге қатысып ұтып алған. Қазір олар бос отыр. Ал заңсыз тасымалдаушылар жұмыс істеп тұр. Бірер күн бұрын үлкен жиын өтіп, оған қалалық Мобильділік басқармасы өкілдері, қалалық көлік-бақылау инспекциясы, санэпидстанса өкілдері қатысты. Осы мәселелер көтерілді. Бірақ көтерілген мәселеге нақты жауап берген ешкім болмады.
– Бізбен келісімшартқа отырған тасымалдаушы компаниялар дер кезінде салығын төлейді, билет тек қана касса арқылы сатылады. Ол жерде ешкім алданбайды. Бекет маңайынан қатынап жатқан автобус жүргізушілері салықты Түркістан облысында төлейтінін айтады, бірақ оны тексеріп жатқан ешкім жоқ, – дейді Ерлан Әбілдаев.
Тағы бір айта кетерлік жағдай – заңсыз тасымалдаушылар бағаны тұрақты ұстамайды. Әр кезде әрқалай. Әсіресе, демалыс және мереке күндері билет бағасын қолдан көтеру жағдайы үнемі болатыны жасырын емес. Егер автобустар «Сайран» автобекеті арқылы қатынайтын болса, билет құны тұрақты болар еді. Әрі 15 жасқа толмаған балаларға 50 пайыз жеңілдік болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да жеңілдік бар. Осы мәселенің ретке келуін вокзал басшылары да, тұрғындар да асыға күтіп жүргелі біраз болды. Көлеңкелі кәсіп қашанға дейін жалғасады? Көліктік бақылау инспекциясы вокзал маңында рейд жүргізгенімен, жағдай әзірге ретке келмей тұр. Карантин басталғалы 31 жүргізушіге хаттама толтырылған.