Естеріңізге сала кетейік, Shymkent bike алғашқы велостансалары мегаполисте 4 жыл бұрын пайда болған. Шымкенттіктер бұрын-соңды болмаған мұндай қызмет түріне біртіндеп үйренісе бастады. Әрине, барлығы емес. Жасыратыны жоқ, көптеген велосипед қаңырап бос тұратын. Мүмкін, оған тарифтердің қымбаттығы да әсер етсе керек-ті. Қала әкімдігі тарапынан осыдан 2 жыл бұрын арнайы веложолдарды салу қолға алынды. Сөйтіп, барлық Shymkent bike велостансалары жыл басынан бері өз жұмысын тоқтатып қойған. Алайда көктемде басталған карантин жағдайы кезінде қоғамдық көліктер тоқтап қалғанда тұрғындарға велосипед қызметі ауадай қажет болды. Тіпті, бұл көлік адамдардың жеке тірліктеріне мінуі үшін ғана емес, өкпені жаттықтыруға да таптырмас құрал болатын еді. Сондықтан адамдар осы кезде Shymkent bike велосипедтерін жиі еске алып, дүкендерден көліктің бұл түрін көптеп сатып алып жатты.
Бұл кезде Shymkent bike жобасы ведомстволық тиесілігін өзгертіп, қаладағы барлық велосипедтерді қоймаға уақытша салып қойған еді. Бүгінгі таңда Shymkent bike велостансалары қалалық көлік және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінен «диспетчерлік қызмет орталығына» берілді. Енді 1 қыркүйектен бастап қала тұрғындарының велосипедтерді қайтадан пайдалануына мүмкіндігі бар. Қазір барлық 160 велосипед техникалық байқаудан өтіп, 40 велостанса арқылы қала көшелерімен жүруге дайын.
Ал велосипедті пайдаланушылар үшін қолжетімді, әрі ыңғайлы тарифтік жоспарлар да әзірленген. Вike sharing жүйесі арқылы велосипедті алғашқы 30 минут тегін пайдаланып, одан кейін тарифке сәйкес 1 сағат үшін – 100 теңге, 2 сағат үшін – 250 теңге, 3 сағат үшін – 500 теңге, ал 3 сағаттан асса 1 000 теңгеден жұмсалады.
Сондай-ақ абоненттік төлем картасының жалпы құнын төлеуге арналған тиімді жүйе әзірленген. Бір айлық абонемент – 2 500 теңге үш айлық абонемент – 6 000, ал жылдық абонемент үшін кассаға 10 000 теңге төлеуге тура келеді.
Бұл туралы өзінің әлеуметтік парақшасында хабарлаған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жыл сайын велосипедпен жүруге арналған маршрут желісі кеңейетінін атап өткен. Келесі жылы ол шамамен 30 шақырымды құраса, ал велостансалар велосипедтермен толықтырылмақ.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы