«Навальный-гейт»: Еуропа Ресейді қыспаққа ала ма?
«Навальный-гейт»:  Еуропа Ресейді қыспаққа ала ма?
© коллаж: Елдар Қаба
207
оқылды
Жақында ғана есін жиған Алексей Навальный әлеуметтік желіде алғашқы жазбасын жариялады. Батыс БАҚ-тарының хабар­лауынша, саясаткер оның улануына қатысты тергеу жұмыстарына Ресейдің араласқанын қаламайды екен. Бүгінде Балтық жағалауы елдері, Польша саясаткерлері Германияға теңіз табанымен жүріп өтетін Солтүстік еуропалық газ құбырына санкциялар қолданып, Ресейге миллиардтаған доллар пайда әкелумен қатар, Еуропадағы ықпалын күшейтетін жобаны тоқта­туды ұсынып отыр. Құрылысы 95 процентке біткен жобаны шектеу мүмкіндігін канцлер Ангела Меркель де жоққа шығармады. Әу бастан бұл жобаға қарсы шыққан АҚШ тарапы соңғы жаңалықтарды қуанышпен қабылдағанға ұқсайды. Қалай десек те, әр ел өз мүддесін қор­ғаумен әлек. Сарапшылар «Навальный-гейттің» салдары, әсіресе Ресей мен Германияға қатты тиюі мүмкін деген пі­кірде.  

АҚШ – Германияның, Ресей Украинаның ықпалын азайтпақ па?

Nord Stream, яғни «Солтүстік құбыр» туралы біз не білеміз? Бұл – Солтүстік Еуропа құбырының Бал­тық теңізінің табаны арқылы өтетін газ құбыры. Дәлірек айтсақ, Ямал-Еуропа газ құбыры жүйесі тарам­дарының бірі саналады. Жобаға Германия, Ресей, Нидер­ланд және Франция қатысады. Бұл бастамаға әу бастан-ақ газ транзиті өтетін мемле­кеттер, Балтық жағалауы ел­дері мен АҚШ қарсы шықты. Бірақ 2010 жылы құрылысы басталған құбыр аяқталуға шақ тұр. Бұл газ құбырын салудағы мақсат Еуропа нарығына көбірек газ тасымалдау мен тран­зиттік елдердің ықпалын азайту еді. Жалпы, бұл жоба – әлемдегі газ экспортының теңіз табанымен жүріп өтетін ұзындығы ең үлкен құбыр. Осыған дейін Германия мен Ресей OPAL газ құбырын Еуро­одақтың үшінші энергопакетінен шығаруға тырысқан еді. Оған сәйкес, газ құбы­рының 50 проценті үшінші тарапқа берілуі керек. Ал Ресейдің «Газпромы» OPAL құбы­рын толты­руы тиіс Солтүстік еуро­палық құбыр­дың жал­ғыз газ тасы­малдаушысы болып тұр. Әрине, мұнда Ресейдің басты мүд­десі – қыруар қаржыға кенелуден бөлек, Еуропаны «газ инесіне» ұзақ мер­зімге отырғызу болса, тағы бір көз­ге көрінбес мақсаты – Украи­наның газ тасыма­лындағы транзит­тік ел ретіндегі рөлін азайту. Тіпті, бола­шақта оның терри­тория­сынан өте­тін жолдарды айналып өту. Ресей үшін тағы бір тиімді тұсы – Атлант мұхиты арқылы танкер­лермен Еуро­паға газ тасымал­дай­­тын АҚШ ықпалын әлде­қайда тө­мендету мүм­кіндігі. Батыс сарап­шылары АҚШ-тың өз мүддесі бар дейді. Олар­дың Герма­нияны Еуро­паның ең ірі газ хабы ретінде мойын­­­­­­­дауы қиын, яғни, амери­калықтар бұл қызметті бірнеше мем­лекетке бөлу арқылы мүдделер балан­сын сақтап отырмақ ниетте. Болжамдарға сенсек, 2030 жы­лы Еуроодақтың табиғи газ им­порты 512 млрд шаршы метрге дейін артуы керек. Ресейдің газ кен орындары қосымша газ импорты­ның төрттен бір бөлігін қамтамасыз ете алады. Бүгінде Еуропа елдерінің жасыл экономиканы барынша қол­дап, әсіресе Париж конвен­ция­сындағы талаптардың орында­­луы­на атсалы­сып жүргені белгілі. Бұл орайда табиғи газдың қоршаған ортаға тигізер зияны да аз. Мәсе­лен, таби­ғи газ көмір­қышқыл га­зын аз шы­ғарады. Оның үстіне, бұл зиянды газды 50 процентке артық шығара­тын көмірден әлдеқайда тиімді. Сондықтан климаттың өзге­руіне байланысты БҰҰ кон­вен­циясымен үндесетін еуропалық бағдарла­малардың да талап-мін­дет­теріне сай келеді.  

Еуропарламент қандай шешімге келді?

Бейсенбіде Еуропалық парла­мент Ресей саясаткері Алексей На­вальныйдың жағдайына байла­нысты отырыс өткізді. Еуро­пар­ла­ментке тиісті резолюция қа­был­дау туралы бірнеше депутаттық топтан ұсы­ныстар түскен болатын. Атап айтсақ, «Жа­сылдар – Еуро­палық Еркін альянсы (оған 705 депутаттың 67-сі кіреді) Навальный басқарған Кор­руп­циямен күрес қорының тергеу­лерінде аты аталған саясаткер­лерге қарсы жеке тұлға­лық санкция­лар қолдануды ұсы­нып отыр. Сон­дай-ақ резолюция жобасында Ук­раи­наны аттап өтетін «Солтүстік құ­быр – 2» жобасының құрылысын тоқтатып, Ресейді Еуропа кеңесі парламенттік ас­самб­леясының құ­ра­мынан шығару туралы баста­малар бар. Бұдан тыс әсіре солшылдардың депутаттық тобы Навальныйдың улануын айыптаса да, бұл істі Гер­мания үкіметінің Ресеймен бірге тергеу қажетін сөз етеді. Сон­дай-ақ Мәскеумен жақсы қарым-қаты­насты үзбеуге кеңес береді. Еуропарламент депутаттары Алек­сей Навальныйдың ісі бойын­ша тәуелсіз тергеу жүргізу қажет дейді, сонымен қатар Ресейге қар­сы санк­цияларды күшейтуді қол­дап отыр. Нәтижесінде, еуроде­путаттар РФ-тің Солтүстік еуро­палық газ құбырын тоқтату туралы резолю­циясын қабылдаған еді. Әрине, депутаттар­дың резолю­ция­сы қазір­ше ақыл-кеңес ретінде жария­ланып отыр. Бұл құжатты қолдап 532 депутат дауыс берген, 84 депутат қарсы болса, 72 депутат қалыс қалған. Бұдан бөлек резо­люцияда Еуропалық одақ пен Ресей ара­сындағы қарым-қаты­насты қайта қарау, Мәскеуді халық­ара­лық аре­надан, оның ішінде Үлкен жетілік форумдарынан алас­тату сияқты бастамалар бар. Ал саясаткерге қатысты істі БҰҰ, Еуропа кеңесі, Еуроодақ, Хи­миялық қаруларды жою ұйымы­ның аясында тергеу ұсынылып отыр. Еуропарламент 21 қыркүйекте өтетін Сыртқы істер министрлері кеңесінің бұл істе нақты мығым позицияны ұстанып, Ресейге қар­сы шектеу шараларының жылдам қабылдануын талап етуде. Резолю­цияға сәйкес, Алексей Навальный­дың Жемқорлықпен күрес қоры анықтаған коррупциялық қылмыс­тарға қатысы бар тұлғалардың еуро­палық активтерін бұғаттап, қатал санкциялық механизмдерді қосу бекітілген.  

Ресей не дейді?

Ресейдің Мемлекеттік Думасы Еуропаның «жазалау әрекеттеріне» сын көзбен қарап отыр. Жалпы, ресейлік саясаткерлер үшін На­вальный қатардағы блогер болып саналса, Еуропа үшін ол Немцовпен бір қатарға қойылатын, үлкен саяси оппозиционер. Әрине, Кремль де істің насырға шабатынын күтпесе керек. Қазіргі жағдай ресми Мәс­­кеуді де мазалап отыр. Мем­ле­кетттік Дума өкілдері еуропар­ламенттің резолю­циясын Батыс­тың «русо­фо­биялық саясаты» деп бағалап отыр. Сондай-ақ бұл мәсе­ле РФ-ның ішкі ісіне араласу деп мәлімдеді. 17 қыркүйек күні Алексей На­валь­­­­ныйдың Instagram-аккаун­тында Томскідегі қонақүй нөмі­рінде қалған бөтелкенің ішінде «Новичок» тобы­на жататын удың табылғаны жария­ланған болатын. Ресей басы­лым­дары «Новичок» химиялық қа­руын ойлап тапқан­дардың бірі Леонид Ринктің мә­лімде­­­месін жарыса жазуда. Онда химия ғылы­мының докторы «егер удың бөтелке­ден табыл­ғаны рас болса, онда оны ұстаған адамдар­дың бәрі қайтыс болар еді» деп мәлімдеген сыңайлы. Риа Новости келтіріп отырған мә­лімдемеде Ринк «кез кел­ген хи­мия­лық зерт­ханада адамды улай­тын зат шығару оңай ғой» депті. Химиялық қаруларға тыйым салу ұйымы Алексей Наваль­ный­дың қан талдамасының нәти­­­­же­сін Гер­мания­ға жақын арада ұсынуы тиіс. Бірақ Ресей жағы бұл ұйым­ның жұмысына да сынмен қарайды. Оның үстіне, Ресей билігі үлкен геосаяси бастама – «Сол­түстік құ­быр-2» жобасының басқа-басқа, дәл Навальный ісінің кесірінен тоқтап қалғанын қала­майды. Бұл тұста Ресей жағы бұл ұйымның Си­риядағы жұмыстарын еске түсіреді. Олардың пайымынша, кезінде бұл ұйым Асад үкіметінің өз халқына қарсы химия­лық қару қолданғаны жайлы жалған ро-ликтер түсірген. «Ақ каскалардың» сирия­лық плац­дармде фактілерді ашық бұрма­лауға жол бергенін де алға тартады. Сол себептен бұл ұйымның мәлімде­мелеріне сеніммен қарауға болмай­ды деген ұстанымда. Соған қара­мастан, еуропалықтар бұл ұйым­ның Наваль­ныйға қатысты зерттеу нәти­желерін күтіп отыр. Егер Ре­сейдің әлі де хи­мия­лық қаруды оппо­зицияға қарсы қолданып жүр­гені анықталса, бұл істің жақ­сы­лықпен бітпесі анық. Екі­жақты те­кетірес экономикалық, саяси дау-жанжалға ұласып отыр. Кә­рі құр­лықтың алдында да екі таңдау: не адам құқық­тары мен демократия жеңіп, газ құбырына қатысты мега­жоба аяқсыз қалады, не Еуропа эко­­номикалық, эко­логиялық маңыз­­­ды жобаны жал­ғас­тырып, Навальный ісінде тек жеке саясат­керлерге қарсы санк­циялар­мен шектелуі бек мүмкін.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ