Коронавирус инфекциясы ауа арқылы таралатындықтан, кинозалдардың ішінде нормативті параметрлер сақталуы шарт. Ауа алмасу да тиісті көлемде жүруі керек. «Театрларда көрермендердің үстінен бақылау жүргізіледі. Орындарынан қозғалмауы қадағаланады. Ал кинотеатрларда жарықты өшіреді де, сеанс басталған соң зал бақылаусыз қалады. Көрермендер емін-еркін қозғалып, орын ауыстырып жүруі мүмкін. Бұл – тәуекел. Одан қалса, театрлардағы қойылымның ұзақтығы 40-50 минут болса, фильмдер 2 сағаттап болады», – дейді ресми өкіл.Сонымен бірге азаматтар әлеуметтік қашықтық сақтауды үйреніп, бетперде тағуды әдетке айналдырса, эпидемиологиялық жағдай реттелсе, жақын арада кинотеатрлар жұмысын жалғастыруы да мүмкін. Нысанның ашылуына рұқсат беру үшін бекітілген алгоритмдер бар. Соған анализ жасау арқылы шешім қабылданады. Кинотеатрлар мына шарттар сақталған жағдайда ашылуы мүмкін: залдың 70 пайызы ғана толуы керек, вентиляция талаптары сақталып, кинозалға кіреберісте дезинфекциялық кілем төселуі тиіс. Сонымен қатар сеанстар аралығын ұзарту керек. Өйткені сол аралықта залға дезинфекциялық құралдардың көмегімен тазалық жұмыстары жүргізілуі міндетті. Залға тамақ алып кіруге болмайтынын да ескеру қажет. Алдағы уақыттағы ахуалға қарай, кинотеатр жұмысы жандануы әбден мүмкін.
Исмаил ҚУАНЫШ