Бүгінде өркениет көшімен бірге медицина саласы да қарқынды дамуда. Мұның айқын көрінісі ретінде Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасында қызылордалық нейрохирургтердің бағыттауымен келген 1 жасар Ернұрдың басына күрделі ота жасалды.
Анасының айтуы бойынша, бала дүниеге келгеннен кейін бас мөлшері ұлғая бастаған. Дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлағаннан кейін жансақтау бөліміне түседі. Қызылорда қаласындағы перзентханада оған мидың ультрадыбыстық сканері жасалған. Оған декомпенсацияланған сатысындағы ішкі окклюзиялық гидроцефалия диагнозы қойылып, емдік іс-шаралар тағайындалады. 20 күннен кейін бала қайтадан Қызылорда облыстық балалар ауруханасының неонатальды хирургия бөлімшесіне түсіп, оған субгалеальды айналып өту операциясы жасалған.
Тұрақты емнен кейін үйіне шығарылып, тұрғылықты мекен-жайы бойынша невропатолог дәрігердің бақылауында болады. Дегенмен, көп уақыт өтпей сәбидің мазасы кетіп, дене қызуы түспей қояды. Компьютерлік томография нәтижесі сол жақ қарынша маневрінен кейінгі жағдайды, яғни ішкі гидроцефалияны анықтайды. Тараз қаласына әкелінген баланың басына мамандар жедел түрде хирургиялық араласу жасау керек деп шешім қабылдап, Германияда өндірілген вентрикулоперитонеальді шунтты қойып, сондай-ақ нейронавигацияның көмегімен кистаны алып тастайды.
Жамбылдық нейрохирургтердің айтуынша, мұндай жағдайларда нейронавигацияның көмегі зор, өйткені ол мидың компьютерлік томографиясының толық суретін көрсетеді, кистаның жергілікті орнын анықтауға және оған жету үшін қандай тереңдікке баруға, кіру нүктесі мен шығу нүктесін орнатуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі жоғары дәлдікпен жасалады. Сондықтан да бұл әдіс сәбидің өмірін сақтап қалды.
Отадан кейін нәрестенің жағдайы жақсарып, ұйқысы тынышталып, жағдайы қалпына түсуде. Алдағы уақытта ата-анасы невропатологтардан тұрақты кеңес алып, оңалту емін алатын болады.
Осылайша тараздық дәрігерлер өңір медицинасының тағы бір қырын ашып, 1 жасар баланың өмірін сақтап қалды.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы