Тоғыздағы бала таудан құлап кетті
Тоғыздағы бала таудан құлап кетті
224
оқылды
Оқиға 20 қыркүйекте болған. Сағат 13.36-да Фурманов шыңынан 109 құтқару қызметіне шақырту түседі. Тоғыз жасар бала биіктен құлаған. Оқиға орнына апаттық-құтқару жасағы құтқарушыларының экипажы, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы мен Медеу аудандық Полиция басқармасының жедел-тергеу тобы жіберілген. Құтқарушылар  жолдың ортасына көлікпен жетіп, кейін тау жолының тарлығы мен қиындығына байланысты Фурманов шыңына жаяу көтеріле бастады. «Оқиға орнына жеткен құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетті, шынтақ бөлігінен жоғары ішкі сынық болуы мүмкін деген күдікпен зақымданған оң қолына медициналық шиналар салды. Осыдан кейін құтқарушылар тобы зардап шегушіні жедел жәрдем көлігіне дейін эвакуациялады. Құтқару жұмыстары сағат 18.20-да аяқталды» деп түсіндірді әкімдікте. Ауруханаға барар жолда бір келеңсіз оқиға болған. Бетон қоршаудың жанында белгісіз біреулер Toyota маркалы авто­көлігін қалдырып, жедел жәрдем көлігінің шығуына кедергі келтірген. Құтқарушылар жедел-құтқару автокөлігіне арқан іліп, бетон қоршауды байлап, жол ашты, содан кейін дәрігерлер баланы шұғыл медициналық көмек орталығына жатқызған. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бала қазір травматология бөлімінде жатыр. Оны хирург, травматолог, нейрохирург мамандар қараған. Тиісті зертханалық тексеріс жүргізілген. Ем-дом шаралары да атқарылған. Қазіргі таңда баланың жағдайы қалыпты.  

Айша ЕРСҰЛТАН