Праймериз үміткерлері арасындағы 47-дебат
Праймериз үміткерлері арасындағы 47-дебат
252
оқылды
Дебатқа жеребе арқылы анық­талған 6 үміткердің 4-еуі ғана қа­тысты. 2 үміткер отбасылық жағ­дайына байланысты кейін қатысатын болды. Додаға облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. – Бұл праймериз – нағыз мық­ты­ларды анықтайтын дода. Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Назарбаев праймеризді әділ әрі жоғары деңгейде өткізуді тапсырған болатын. Праймеризге қатысушылардың барлығы елдің ертеңіне сеніммен қарайтын нағыз майталмандар деп үміттенемін. Баршаңызға саяси додада сәттілік тілеймін, – деді ол. Жария пікірсайыс ашық әрі жоғары деңгейде өтті. Әрбір үміткер 5 минут ішінде бағдарламалары мен өзекті мәселелердің шешілу жолдарын баяндаса, екінші бөлімде сұрақ-жауап арқылы пікір алмасты. Өңірдің ахуалын жіті зерттеген үміткерлер бағдарламаларына түрлі мәселелерді арқау еткен. Бірі коммуналдық қызметтерге қатысты тарифтерді арзандату, білім сала­сын цифрландыру мәселесін алға тартса, енді бірі әрбір өңірдің ерек­шеліктерін ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақ­тайтын қойма салу, аналар мәр­тебесі туралы заң қабылдау, мүм­кіндігі шектеулі азаматтарды жан-жақты қолдау және оларды «Қайсар жандар» деп атау секілді ұсыныстарды ортаға салды. Қызылорда облысы бойынша жалпы праймеризге 502 үміткер тіркелсе, бүгінгі күнге 47 дебат ұйым­дастырылып, олардың 248-і жария пікірсайысқа қатысты. Аталған жария пікірсайыстар пар­­тия филиалдарының ресми ак­­каунтында тікелей эфирде көр­сетілуде. Ес­теріңізге сала кетейік, жария пікірсайыс 14 қыркүйекте бас­талып, 28 қыркүйекте аяқталады. Осы мақсатта «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы тарапынан дауыс беруге және дебаттарды өткізуге арналған 133 орын белгілеген. 1-3 қазан ара­лығында үміткерлерге дауыс бері­леді. Оған «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалының 43 мыңнан астам мүшесі қатысады деп жоспарлануда. Олар 239 бас­тауыш партия ұйымына біріккен.  

Әбілмансұр ЖАСАН