Әділетті және өркендеген әлем құру – ортақ міндет
Әділетті және өркендеген әлем құру – ортақ міндет
300
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы ұйымының 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шарада бейнеүндеу жасады. Аталған шара коро­на­вирус індетіне байланысты онлайн форматта өтті. Мемлекет басшысы өз сөзін БҰҰ бұрынғы Бас хатшысы Даг Хаммаршельдтің: «Біріккен Ұлттар Ұйымы бізді жұмаққа жеткізу үшін емес, тозақтан құт­қару үшін құрылған» деген қа­натты сөзімен бастады. Президенттің айтуынша, бастапқыда бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі ретінде құрылғанымен, іс жүзінде әлем халықтарын ортақ мақсаттар мен қағидаттар төңіре­гіне біріктірді. Қа­лып­тасқан бел­сенді әрі кең ау­қым­ды халықа­ралық ынты­мақ­тастық дәуірі – соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысы бүгінгі күннің жаһандық сын-қатер­леріне алаңдаушылық білдірді. Атап айтқанда, мультилатерализм қағидаттарына төнген қатер­лерге, коронавирус пандемиясын ауыз­дықтаудың қиындығына, жаппай қаруланудың жаңа бә­секесіне қатысты қатерге, даму­дың страте­гиялық мақсаттарына қол жеткізу­дегі құбылмалы жетістіктеріне назар аударды. Сондай-ақ Президент БҰҰ Жарғысында бе­кітілген мұрат-мақсаттар тиімсіз деген пікір­лерге қатысты өз көз­қарасын білдірді. – Мен өз елімнің Президенті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіспеймін. Бұған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаула­туымыз керек; ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін бе­руіміз қажет; анархияға жол бермей, халық­аралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғас­тыруға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдықта 2030 жылға дейінгі мерзімге арналған ор­нықты да­мудың күн тәртібін жүзеге асыру үшін бірге жұ­мылудың өте ма­ңызды екенін атап өтті. Прези­денттің айтуын­ша, осы ауқымды мақсаттарға қол жеткізу үшін күш-жігерді біріктіріп, ортақ жауап­кершілікті арттыру қажет. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гу­терриш­тің сенімді көшбасшылық қыз­метіне ризашылық білдіріп, оның бүкіл­әлемдік ұйымның тиім­ділігін, ашықтығын және ай­қындығын арттыруға бағыт­талған іс-қимыл­дарын қол­дады. – Қазақстан БҰҰ-ның мис­сиясы мен Жарғысын берік ұста­на­ды. Сонымен қатар еліміз тұ­рақ­ты, әділетті және өркен­деген әлем құру жолындағы ортақ мін­детті жүзеге асыруға атса­лысады, – деді Президент. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның, шын мәнінде бірден-бір, әмбебап әрі баламасы жоқ халықаралық өкілетті ұйым деп есептейтінін білдірді.