Tengri Bank кетті жабылып...
Tengri Bank кетті жабылып...
179
оқылды
 

ТӘРТІПСІЗ БАНКТІҢ ҒҰМЫРЫ ҚЫСҚА

 Тәуелсіз Қазақстанның банк секторында түрлі-түрлі банк жұмыс істеген. Бәсекеге шыдағаны қалды, төзбегені тарих қойнауына кетті. Тіпті, кей банктердің атауын ұмыта бастадық. Иә, 1993 жылы құрылған Texakabank-ті білетіндер «міндетін мінсіз атқарған қаржы институты еді», – дейді. Содан болса керек, қазақ-америка бірлескен банкіне 2006 жылы «Сбербанктің» көзі түсіп, сатып алған. Сөйткен «Сбербанк» бүгінде Қазақстан банк сек­торының үздік бестігінде нық отыр. Бүгінгі ForteBank-тің тари­хын Темірбанкпен бай­ланыс­тырамыз, ал оның шежіресі Метро­­­комбанктен басталады. Әлгі Texaka­bank-тің бұрынғы акцио­нерлері ресейлік Метробанк қо­жайын­­дарымен бірі­гіп 2008 жылы банк ашқан. 2012 жылы реб­рендинг жүргізіп, ForteBank атанады. Бір жылдан соң Темірбанк пен Альянс банкті өзіне қосып алады. Тоқсаныншы жылдардың орта­сында құрылған «Казин­ком­банк» 2011 жылы стратегиялық инвестор табылған соң атауын Bank RBK деп өзгертеді. Бүгінгі AsiaCredit Bank 1992 жылы құрылған «Лариба банк­тің» мұра­гері. Біздің елде атауын өзгертуден рекорд жасаған БТА банк екен. КСРО Өнеркәсіп банкінің қазақ­стандық бөлімшесі болған бұл банк 1991 жылы Тұранбанк деп аталады. Сосын Alem Bank Kazakhstan, Банк­ТуранАлем болды. Атауын қанша өзгертсе де, өмірін ұзарта алмады: «Казком­мерц­банкке» «жұ­ты­лып» кете барды. Кейін Каз­ком­­мерцбанктің өзі «Халық банктің» қанжығасында кетті. 1998 жылы жұмысын бастаған HSBC банк 2014 жылы біздің елдегі жұмысын аяқ­тайтын болған соң банкті басқаруды «Халық банкке» тапсырады. Жыл соңында ол банк Altyn Bank атанады. 1993 жылы FTD деген жеке­мен­шік банкі құрылған. Кейін «Алматы халықаралық банкі» атауын алады. 2008 жылы чех ин­весторы (банк акциясының 90.01 %-і) мен гол­ландық Home Credit B.V. компа­ниясы (акцияның 9,99%-ін) сатып алып, банкті «Хоум Кредит Банк» деп атайды. 2013 жылы ресейлік Хоум Кредит энд Финанс банкі Хоум Кредит банкті басы бүтін са­тып алды. Тоқсаныншы жылдар басында елімізде «Сенім банкі» жұмыс істе­генін көбіміз білмеуіміз мүмкін. 2013 жылы Qazaq Banki деп атауын өзгерткен құрылым екі жыл бұрын сот шешімімен жабылып қалды. «Валют-Транзит Банктің» ғұмыры он жылға ғана жетті. Заманында дәуірлеген Каз­агропромбанк 2001 жылы «Наурыз банк» болып жұ­мысын жалғастыруға кіріскен еді, жолы болмады, жабылуына тура келді. Ал Батыс Қазақстандағы ірі мұнай-газ компа­нияларының бас­тама­сымен құрылған Delta Bank те, осы банктің құрдасы Қазин­вест­банк те 2018 жылы жабылды. 2008 жылы жұмысын бастаған Астана банкі де бүгін жоқ. Былтыр Эксим­банк те жұмысын тоқтатты. Көріп отыр­ғанымыздай, тәуелсіз­дік алған отыз жылдың ішінде бірнеше банк жа­былды, бірнешеуі біріктірілді. Банк­тердің жабылуы, бірігуі қа­лыпты құбылыс десек те, көп жағ­дайда бұ­ған банк саласына қатысты заң мен реттеушінің тала­бын сақ­тамау себеп болады. Tengri Bank-ті де тұң­ғиыққа тартқан сол жауап­сыздық.

ҮШ БАНК ДЕФОЛЬТҚА ҰШЫРАЙДЫ

Биыл маусым айының соңында Ұлттық банктің ресми сайтында еліміздегі екінші деңгейлі банктер­дің пруденциалдық нор­мативтерге сәйкестігі туралы есебі жа­­рия­­ланды. Сол есепте 27 банктің 3-і тиісті ере­желерді бұзуды жалғас­тырып жат­қаны айтылды. Соның бірі – Tengri Bank. Есте болса, бұл банк сәуір айында әртүрлі сыл­таумен клиент­терге қаражат қай­таруды тоқтатып, салымшы­лардың наразы­лығын ту­дырған. Банктің негізгі акционері – үндіс­тандық Пенджаб ұлттық банкі­­нің көме­гінен кейін ғана са­лым­шы­ларға қаражат біртін­деп қайта­рыл­ды. Мерзімі өткен несиелер көр­сет­кішінде де Tengri Bank кері кетті. Барлық қарыздың 62%-і бойынша берешегі жиналып қалды. Radius Advisory Lab консалтинг компа­ниясы биыл мамыр айында еліміздегі екінші деңгейлі банктер жұмысына жасаған шолуында Tengri Bank-тің дефольтқа ұшырай­тынын болжаған болатын. Болжам дәл кел­ді. Аталған рейтингте «Шин­­хан Банк Казахстан», «Al Hilal» ислам банкі», «Ситибанк Қазақстан», «ТПБ Китая в г. Алматы», «Қазақ­стандағы Қытай банкі» А- рейтингін алған, яғни аталған банктерге төнген қауіп «төмен». Ал «Қазақстан халық банкі», Altyn Bank, «Сбер­банк», «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», Альфа-банктің тәуекел деңгейі «орташа» деп бағаланып еді. ForteBank, «Банк Хоум Кредит», «Kassa Nova Банк», «Қазақ­стандағы Пәкістан ұлттық банкі», «КЗИ БАНК», «Банк ВТБ (Қазақ­стан)» тәуекелі «жоғары» банктер деп танылса, «Заман-Банк», «Нұрбанк», Jysan Bank, «Банк Центр­Кредит», Bank RBK, «АТФБанк», «Евразийский Банк­тің» тәуекелі «өте жоғары» деп көрсетілді. Ал Tengri Bank, AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan дефольтқа ұшырайтыны айтылған. Консал­тинг компаниясы бұл болжамды Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігінің ресми мәлі­мет­тері негі­зінде түзгенін айтады. «Біз реттеуші тұрақсыз банк­терге қатыс­­ты нақты шешім қабыл­дауымыз керек, нарыққа банктер пруденциалдық нор­ма­тивтер мен реттеушінің талабы мен ұсы­ным­дарын орын­дауға мейлінше байып­ты қарау керек деп бірнеше рет айттық. Бұл жағдайда банк (Tengri Bank – ред.) туралы қабылданған шешім дұрыс. Рет­теуші жет­кілікті дипло­матиялық қатынаста болып, пробле­маларды жоюға уақыт берді. Банк ол мүм­кіндікті пайдалана ал­мады. Атал­ған банк­тің тараты­луын банк сек­торын тұрақсыз банктерден та­зар­тудың бастауы деп санауға бола­ды», – дейді консалтинг компа­ния­сының өкілі Тимур Әбілқа­сы­мов. Оның айтуынша, Tengri Bank салым­­шылары енді процессуалдық шешім­­дерді күтеді. Бірақ банк ша­ғын болған­дықтан, Депозиттерге кепілдік беру қорын­да салым­шы­ларға төлем жасауда проблема бол­мауы тиіс. Tengri Bank-ті тарату туралы хабарламадан кейін қазақстандық Депозиттерге кепілдік беру қоры салымдар бойынша төлемдерді қа­зан айының бірінші жартысында бас­­тайтыны белгілі болды. Т. Әбіл­қасы­мовтың айтуынша, мұндай жыл­дам төлем бұрын-соңды бол­маған. Қалай десек те, Tengri Bank-тің таратылуы AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan-ға берілген белгі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-ті жабу арқылы AsiaCredit пен Capital-ды жабуға дайындық жасап жат­қандай. Депо­зиттерге кепілдік беру қоры да са­лымшылардың қаржы­сын төлеу механизмін әзірлеген соң қалған екі банкті таратуға дайын болады. Банк секторының сарапшылары аталған саланы та­зар­ту бұрын­ғыға қарағанда жан-жақты ойласты­­­­рылған­дықтан, же­дел жүреді деп санайды. Реттеуші осылай қалпына келмейтін банк­терді жауып болған соң қалған банктерді сауықтыруды бастайды, ал сауықтыру банктер үшін жеңіл болмайды. Сон­дықтан барлық банк корпо­ративті басқаруды, тәуе­келдерді басқару жүйе­­сін жетілдіруі керек. Сонымен қатар директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшелерін таңдау тәсілін өзгертуі қажет. Реттеушімен бірге олардың құзырет­­тіліктерінің ең төменгі дең­­гейін анықтауы да маңызды. Банк секто­рындағы ашық­тықтың және қаржылық есеп­тілікте халық­аралық қаржылық есептілік стан­дарты бойын­ша ашық­тықтың жо­ғары дең­гейін қамтамасыз етуді әдетке айнал­дыруы тиіс. Тағы бір маңызды эле­мент – банктерді стресті тестілеу­ден өткізу және оның нәти­жесін талдау. Сонда ғана отандық банк нарығында ойдағыдай жұмыс істеуге болады. Айтқандай, есте болса, AsiaCredit Bank пен Capital Bank Kazakhstan және Tengri Bank бірігеді екен деген болжам болған. Алайда Tengri Bank бірігуге келіспеді. Ортақ өгізден оңаша бұзауды жөн көрді ме, әйтеуір банк секторында жеке жұ­мыс істегісі кел­ген. Жұмыла көтер­ген жүк жеңіл екенін мойын­дағысы келмеді, сөйтіп лицен­зия­­сынан айы­рылды. Мұндайда «бөлінгенді бөрі жейді» деген сөз де еске түседі екен...  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ