Егін ысырап болуы мүмкін
Егін ысырап болуы мүмкін
629
оқылды
Ендігі міндет – астықты ысырап етіп алмау. Елде астық сақтау орындарының жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды, оның 12,1 млн тоннасы – астық қабылдау кәсіпорындарында, 16,7 млн тоннасы – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің иелігінде. Биыл орылған егіннен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 3 млн тонна астық түсті. Бұл өткен жылғы ұқсас мерзімдегіден 2,1 есе көп. Бұдан бөлек, 18 қыркүйектегі жағдай бойынша элева­торларға 2,4 млн тонна бидай жеткізілді: бұл былтырғыдан 2,8 есе артық.
– Жаңа егіннің сапасы жоғары көр­сеткішке ие. Мәселен, астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 83,8%-ы – 1-3-санаттарға жатқызылды. Мысалы, бұл көрсеткіш 2019 жылы 67,2%-ды құраған. Тиісінше, 4-5 санатты және санатсыз бидайдың үлесі 2019 жылғы 32,8%-дан 16,2%-ға дейін төмен­деді, – деді Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Сапархан Омаров.
Тағы бір проблема: отандық астық шетелдік нарықтан орын таба алмауы ықтимал. Себебі Астық жөніндегі халық­аралық кеңестің тамыз соңындағы есебіне сәйкес, астық Ресейде, Канадада, Аустра­лияда бітік шығып, рекорд орнатты. 2020 жылғы әлемдік рекорд – 2,2 трлн тонна болады деп бағалануда. Демек, көрші Ресей жоспарланған бар астығын сатып бітпей, ар жағындағы нарыққа шығуы үшін қазақ одақтасының астықшыларына вагондарды ұсынбайды. Содан болса керек, АШМ бас­шысы еліміз Орталық Азия мен Ауғанстан нарығына экспорттауға басымдық беретінін мәлім етті. Аталған халықаралық ұйым Қазақстанда 2020 жылы 17,7 млн тонна көлемінде дәнді дақыл жиналады деп болжауда, АШМ болжамы – 18 млн тонна. Сыртқы нарық шектелгендіктен, амал­сыз астықты мемлекеттің өзі сатып алуда. Азық-түлік келісімшарт корпо­рациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін алдын ала, форвардтық сатып алуға кірісті. Оған республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді. 516 мың тонна ауыл шаруа­шы­лығы өнімін сатып алуға келісімшарт жасалды.  

Айхан ШӘРІП