– Жаңа егіннің сапасы жоғары көрсеткішке ие. Мәселен, астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 83,8%-ы – 1-3-санаттарға жатқызылды. Мысалы, бұл көрсеткіш 2019 жылы 67,2%-ды құраған. Тиісінше, 4-5 санатты және санатсыз бидайдың үлесі 2019 жылғы 32,8%-дан 16,2%-ға дейін төмендеді, – деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.Тағы бір проблема: отандық астық шетелдік нарықтан орын таба алмауы ықтимал. Себебі Астық жөніндегі халықаралық кеңестің тамыз соңындағы есебіне сәйкес, астық Ресейде, Канадада, Аустралияда бітік шығып, рекорд орнатты. 2020 жылғы әлемдік рекорд – 2,2 трлн тонна болады деп бағалануда. Демек, көрші Ресей жоспарланған бар астығын сатып бітпей, ар жағындағы нарыққа шығуы үшін қазақ одақтасының астықшыларына вагондарды ұсынбайды. Содан болса керек, АШМ басшысы еліміз Орталық Азия мен Ауғанстан нарығына экспорттауға басымдық беретінін мәлім етті. Аталған халықаралық ұйым Қазақстанда 2020 жылы 17,7 млн тонна көлемінде дәнді дақыл жиналады деп болжауда, АШМ болжамы – 18 млн тонна. Сыртқы нарық шектелгендіктен, амалсыз астықты мемлекеттің өзі сатып алуда. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін алдын ала, форвардтық сатып алуға кірісті. Оған республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінді. 516 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға келісімшарт жасалды.
Айхан ШӘРІП