«Мемлекет басшысы 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша шамамен сағат 19.45-тен кейін бейнеконференция форматында сөз сөйлейді деп жоспарланған.
Президент сөзін қазіргі әлемдегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлерді, соның ішінде коронавирус пандемиясымен күреске, жаһандық экономиканың өсімін қалпына келтіруге, ядролық қарудан бас тартуға және таратпауға, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаларды шешуге арнамақ.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықты нығайту және өзара сенім білдірудегі БҰҰ-ның рөлін күшейтуге назар аударады.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібін жүзеге асыру, жасыл экономиканы дамыту және Орталық Азиядағы өңірлік іс-қимылдарды жандандыру мәселелеріне мән береді.
Мемлекет басшысы елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді де қамтиды, соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуына да тоқталмақ.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті бірқатар халықаралық бастама көтереді. Солардың бірі – бүкіл әлемдегі волонтерлердің еңбегін мойындауға, құрметтеуге бағытталған» деп жазды Б. Уәли.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің тікелей трансляциясын БҰҰ веб сайтынан немесе Facebook парақшасынан көруге болатынын жазды.