Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде Шымкент қаласында Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан Бәйдібек би кесенесі алдында түнгі уақытта жасөспірім қыздардың шар, гүл сатып жүргені жөнінде әңгіме тарауда. Осыған байланысты Шымкент қаласының Қаратау ауданы бойынша полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлесіп, сол маңда рейд жүргізді.
Нәтижесінде, кәмелетке толмаған жасөспірім қызды ұстап алды. Ол түн қараңғысында сонда гүл сатып жүрген.
Осы оқиғаға байланысты оқушының заңды өкілі, яғни оның анасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-бабы 1-тармағына сәйкес жазаланды. Яғни, оған қатысты белгіленбеген жерде сауда жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Осы орайда, құқық қорғау органдары ата-аналарға қалаларда күн сайын түнгі мезгілде рейдтік іс-шара жүргізілетінін, оның барысында кәмелетке толмағандардың ересексіз, өз бетінше сыртта жүргені анықталса, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 442-бабы 2-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әке-шешесіне айыппұл салынатынын ескертеді.