«Ата жолының» мақсаты не?
«Ата жолының» мақсаты не?
906
оқылды
 

Дәстүр дінге арқау ма?

Әділет министрлігінің мәлі­меті бойынша, 2017 жылғы 1 қаңтардағы тіркелген ресми дерекке көз жү­гіртсек, Қазақ­станда 18 конфес­сия атынан өкілдік ететін 3 658 діни бірлестік бар екен. Ел аумағында 13 кон­фессияның 531 мис­сионері бар. Одан бөлек, 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жек­сен­білік мек­тептер жанын­дағы 400 бастауыш курс, ғибадат үйінен тыс діни іс-шараларды өткізуге арналған 383 үй-жай, оның ішінде намазхана, ғибадат бөл­месі және шіркеулер бар. Бірақ біз айтып отырған «Ата жолы» діни ұйымына заңмен тыйым салынған. «Ата жолы» демекші, бұл ағымның өзі ішінен «Ақ­қулар», «Сұңқарлар» секілді бо­лып бірнеше тармаққа бөлінеді. Дін­танушылар тарапынан мис­тикалық ұйым деген атау алғанға ұқсайды. Себебі алдына келгенді «әруақтар аян береді, емші бола­сың, Сүйінбай мен Жамбыл болып сөй­леймін» деп жоққа нандырады. Сондай-ақ елдегі есебі жоқ емшілердің көбі осы ұйымға мүше көрінеді. Сонымен қатар кесене мен зиратқа барып зиярат етуде осы ұйым өкілдеріне тән. Көбіне «Ата жолы» мүшелері ұсталған жағдайда 50 АЕК (132 мың теңге) көлемінде айыппұл төлеп сытылып кетеді. Себебі адам өміріне қауіп төндіретін экстре­мистік нышаны бай­қал­маған. Жыл басынан бері Сол­түстік Қазақстан облы­сында да 50 жастағы тұрғын ағымның діни кітаптарын сатып жүргенде құ­рықталды. Ал Орал қала­сын­дағы жағдай бұл ағымның екінші рет бас көтеріп отырғанын аң­ғартады. – Заңмен тыйым салынса, ол діни ағымның жұмысы тоқта­тылуы керек. «Ата жолы­ның» радикализмдік сипаты жоқ. Идеологтары да болмайды. Бұл ағым тек ақша табудың көзіне айналып отыр. Діни сауаты аз адамдардың бәрін азғырды. Зиярат ету үшін ақша жинайды, сол ақша діни ағым жетекшісінің қалтасына кетіп жатыр. Дәс­түрлі әңгімелерді өздеріне икем­деп кітап жазған. Бір жағынан қа­рағанда, «нағыз қазақ болуға» ша­қырады. Дегенмен оның бәрі мистикалық дүниелер. Ха­лық­тың діни сауаты ашыла келе бұл үрдіс тыйылады, – дейді теолог Кеңшілік Тышқанұлы.  

Діни араздық тумай ма?

Елімізде қоғам арасындағы дінге қатысты даулы мәселелер әлі де жалғасып жатыр. Қара­пайым «хиджап пен орамал» дауы соның бір айғағы. Facebook желісінде ұйымға қарасты «Ата жолы дәстүрлері» мен «Ата жолы хикметтері» атты екі парақша бар екен. Жазылушылар саны 1 800 адамнан асады. Көбінде «әруақ пен ата-бабаны зиярат етуді» насихаттап, бүгінгі мол­даларды «арабшыл» деп кінә­лайтынға ұқсайды. Онымен қоса atazholy.kz сайты да ашылған. Дегенмен сайт әкімшілігімен байланысқа шығу мүмкін бол­мады. Қазақстан Қылмыстық істер ко­декісінің 174-бабында «Әлеу­меттiк, ұлт­тық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық не­месе дiни алауыз­дықты қоздыруға, аза­маттардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни се­­зiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана әрекеттер, сол сияқты азаматтардың дiнге көзқарасы, тектiк-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсiл­дiк қатыстылығы белгiлерi бойынша олардың айырмашылығын, артықшы­лығын не толыққанды еместігін насихаттау, егер бұл іс-әрекеттер жария немесе бұқа­ралық ақпарат құралдарын немесе теле­ком­муникациялар желілерін пайда­лана отырып, сол сияқты әлеу­меттiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыз­дықты насихаттайтын әде­биетті немесе өзге де ақпарат жеткiз­гiштердi дайындау немесе тарату жолымен жасалса, екi жылдан жеті жылға дейiнгi мер­зiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бос­тандығынан айыру жазасы кесіледі»   деп көрсетілген. Демек, «Ата жолы­ның» діни алауыздық тудыру қаупі бар екені анық. Қорыта айтқанда, экстре­мистік ныша­ны жоқ діни ағым­дардан түбегейлі қауіп төнбейді деп айту қисынсыз. Себебі діни алауыздық радикализмнен де қатерлі болуы мүмкін. Ал «Ата жолының» желіде парақ­шалар мен ғаламторда сайт ашуы сол қатерге бастайтын жол секілді.  

Мадияр ТӨЛЕУ