Балық «барымтасы» тыйылар емес
Балық «барымтасы» тыйылар емес
212
оқылды
Балық өнімдерін заңсыз тасы­малдауды анықтау, автокөлік құралдарын тексеру үшін респуб­ликалық және облыстық маңызы бар автожолдарда, атап айтқанда «Шеп» бекеті, Астрахан, Ақтөбе, Орал бағытындағы автожолдар және қала аумағындағы Дамба елді мекендерінде мобильдік топтар құрылды.  Каспий теңізі, Жайық, Қиғаш өзендері жағалауында және облыстың айналма жолдарындағы автокөлік құралдарының қоз­ға­лысын бақылау бойынша да мо­бильдік топтар  құрылып, жұ­мысқа кірісті. Іс-шара басталғалы балықтың заң­сыз айналымына байланысты 37  құқықбұзушылық анықталды. Атырау облыстық полиция де­партаменті баспасөз қызметінің мә­ліметіне сүйенсек, құқық бұ­зу­шылардан барлығы 195 келі ба­лық, оның ішінде 61 келі бекіре тұқымдас балық,  2  су құралы және 37 өзге құрал тәркіленген.  Іс-шара кезінде балықты заңсыз аулауға қатысты және  жануарлардың си­рек кездесетін түрлерін заңсыз сау­­далау бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.  Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру  жүргізілуде. Балық аулау қағидаларын бұз­ғандарға  35 әкімшілік хаттама  тол­тырылып, оның ішінде 1 әкімшілік құжат сотқа жолданды. Анықталған әкімшілік құқық­бұзушылықтар бойынша 472 260 теңге айыппұл салынып, өндірілуде. Бұл күзгі шара басталысымен анық­талған заңсыздықтар. Ал жыл басынан бергі 8 айда  балық және балық өнімдерінің заңсыз ай­налымына байланысты 395 құ­қықбұзушылық тіркелді. Балық аулау заңдылықтарын бұзу бойынша 365 әкімшілік  хат­тама толтырылыпты. Ішкі істер ор­гандарының қызметкерлері  құ­қық бұзушыларға барлығы 4 мил­­­лионнан астам айыппұл сал­ған. Мемлекет пайдасына оның 2 272 005 млн теңгесі өндірілген. Жыл басынан құқық бұзу­шылардан барлығы 9 тонна 916 келі  балық тәркіленді. Оның ішінде 1 тоннаға жуығы  бекіре тұқымдас балықтар. Бекіре тұқымдас болған соң оның уылдырығы да болуы заң­дылық. Құзырлы органдар ба­лықты заңсыз аулаушылардан 1 келі уылдырық тәркілеген. Құқық бұзушылардан табиғат қорғау заңының талаптарына сәй­кес келмейтін, қолдан жасалған суда жүзуге арналған 3 және әр­түрлі 373 құрал тәркіленген. Са­йып келгенде, Каспий теңізін айт­­пағанда, Жайық пен Қиғаш өз­­ендеріне иелік етіп, бағалы ба­лықтары мен қара балыққа дейін ау­лап дәніккендерге қарсы   54 қыл­­мыстық іс қозғалды. Сотқа  27 қыл­­мыстық іс жолданды. Мемлекетіміздің  шекарасын күзетіп тұрған шекарашылар жасағы да Каспий теңізінің солтүстік бө­лігінде, Атырау облысы Исатай ауданы аумағында «Байда» және «Бу­дарка» жүзу құралдарында  екі аза­матты ұстады. Ресми деректерге сүйенсек, жүзу құралдарын қарап-тексеру кезінде шекара жасағы жалпы салмағы 245 келі бекіре тұқымдас балықты анықтады. Құқық бұзушылардан  ауларды орналастырған жерлерді оңай анықтау үшін қолданатын браконьерлік аулау құралдары мен GPS навигаторлары табылды. Атырау облысы бойынша Ше­кара қызметі департаменті шекара жасағы құрамының үйлесімді іс-қимылдарының арқасында мем­лекетке 100 миллион теңге зиян шектіретін істің жолы кесілді. Біз келтірген деректер құ­зыр­лы органдар мен табиғат қор­ғаушылардың жұмыла әрекет ет­кеніне қарамастан, балық қорын заңсыз аулау тыйылмай тұрғанын айғақтап тұр.  Оның себебі де белгілі. Табиғаттың жаратылысы адамзатқа ортақ. Оны аулауға да, сатуға да тыйым салу жөн емес деген қағиданы ұстанғандар баршылық. Дегенмен балықты тағылықпен аулап, олардың уылдырық шашып, көбеюіне мүмкіндік бермей отыр­ғандардың өз ұрпағына да табиғат бай­лығын қалдыруды ойламауы түңілдіріп тұр.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы