Коронавирустың ауыр түріне шалдыққандардың есте сақтау қабілеті төмендейді – нейрохирург
Коронавирустың ауыр түріне шалдыққандардың есте сақтау қабілеті төмендейді – нейрохирург
Фото: Интернеттен алынды
208
оқылды
Коронавирустың ауыр түріне шалдыққан адамдардың есте сақтау қабілеті төмендейді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында нейрохирург Мыңжылқы Бердіходжаев айтты. «Коронавирустың ауыр түріне шалдыққан науқастарға оттегі жетіспейді. Салдарынан ол жүйке жүйесіне, оның ішінде мидың жұмысына теріс әсер етеді. Сондықтан дертті ауыр өткерген адамдардың есте сақтау жады нашарлайды. Бұл науқастардың жас ерекшелігіне қарамайды. Дегенмен аталған патология коронавирусқа шалдыққандардың 10%-да ғана кездеседі. Сондай-ақ індет дәм, иіс сезу мүшелерінің нервтің жүйелерін зақымдайды. Одан толық сауығу үшін кемінде 2 ай, ал ең ұзақ дегенде 6 ай уақыт керек. Кейбір деректер бойынша, иіс сезу мүшесі дерттен айыққан соң да мүлде қалпына келмеуі мүмкін», – деді нейрохирург Мыңжылқы Бердіходжаев.

Маман  коронавируспен ауырған адам сауығуы үшін не істеу керегі туралы да айтты.

«Инфекцияның жеңіл түрімен ауырған азаматтардың өкпесі шамамен 6 ай көлемінде толық қалпына келеді. Ал ауыр түріне шалдыққандарды емдеуге одан да көп уақыт кетеді. Оған қоса, ем-домнан кейін олардың өкпесінде тыртық қалады. Сондықтан бұл категориядағы науқастарға ерекше күтім қажет. Себебі олардың иммунитеті нашар, тиісінше оның өзге де ауруларды жұқтыруы қауіптілігі жоғары. Мұндай адамдарға жеңіл гимнастикамен айналысқан, қосымша В1, В6, В12 және Д дәрумендерін ішкен өте тиімді. Жүгіру, секіру және т.б. ауыр жаттығулар жасаудың қажеті жоқ. Олардың өкпесі көп күш түсетін қимылдарға әлі дайын емес. Ең пайдалысы – караокемен ән айту. Бұл сәтте өкпеде вибрация болады. Ол клеткаларды тез қалыпқа келтіреді және ән айтқан адамның көңілі көтеріледі», – дейді ол.