Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры Ақан Әбдуәлиевтің халық алдында онлайн есеп беру жиыны өтті. Шараға Мәдениет және спорт министрлігі өкілдері, еліміздің жетекші ЖОО ректорлары, театр және өнер мектептері басшылары, БАҚ өкілдері, академия ұжымы, ата-аналар мен студенттер қатысты.
Болашақ мәдениет саласы өкілдерін дайындайтын білім ордасының ректоры А.Әбдуәлиев көпшілік алдында өткен оқу жылында атқарылған жұмыстар жайымен бөлісті. Аталған шара барысында академияның алға қойып отырған жоспарлары да кең ауқымда талқыланды.
Ақан Жылқышыбайұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алдағы 5 жылда кемінде 90 мың жатақхана орны салынуы керек. Жатақхана өте өзекті әрі өмірлік мәні бар мәселе», – деген тапсырмасына орай, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА 300 орындық жатақхана салуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, ректор өз баяндамасында бірқатар өзгерістерге де тоқталды. Ол өткен оқу жылының басында оқу ісін ұйымдастыру және бақылауды жақсарту үшін оқу процесін мониторинг жасау бөлімі құрылғанын атап өтті. Академияның әкімшілік жұмысын ұйымдастыруды және басқаруды жақсарту үшін Ректор офисі, 1 шілдеден академияда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бөлімі, 15 мамырдан бастап Қашықтан оқыту бөлімі енгізілгенін жеткізді.
Ректордың берген есебінен 2019-2020 оқу жылдары академия үшін жеңісті де жемісті жыл болғанын аңғару қиын емес. Академия басшысы студенттердің жетістіктеріне де тоқталды. Атап айтсақ, Академия студенті Бексұлтан Кенішқалиев «Славян базары» байқауында жүлделі 3 орынды иеленсе, ал ағайынды Зауре және Асан Нарботаевтар Ресейдегі «Ренессанс гитары-2020» фестиваль-байқауында үшінші орынды қанжығаларына байлаған. Хореграфия факультетінің студенті Ботакөз Камбаева Белгородта (Ресей) өткен «Созвездие творчества» атты Халықаралық хореографтар байқауында «Халықтық-сахналық би» номинациясында 1 орын иеленген.
«Қашықтан оқыту жағдайында студенттердің білім сапасын арттыру үшін электронды кітапхана іске қосылды. «Қазіргі кезеңде 5 мыңға жуық кітаптың электронды нұсқасы жасалып, электронды кітапханаға жүктелуде», – деді А.Әбдуәлиев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің және ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы жарлыққа өзгеріс енгізген болатын. Осы өзгерістерге сай бейнеконференция байланысын, әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарда және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ақпараттық интернет-ресурста онлайн-трансляциялар ұйымдастыра отырып, жұртшылық өкілдерімен есеп беру кездесулерін өткізу туралы тапсырма берілген еді.
Аталмыш жиын барысында оған қатысу мүмкіндігімен қатар, ректорға сауал жолдауға да жағдай туғызылған. Әлеуметтік желілер арқылы есеп беру жиынының уақыты мен өтетін платформалары, сұрақтар қоюға арналған байланыс нөмірлері алдын ала хабарланған.