Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мерейтойлық 75-сессиясында өткен жалпысаяси дебаттарында бейне байланыс форматында сөз сөйледі, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-жылдығы аумалы-төкпелі әрі күрделі сын-қатерлерге толы кезеңде өтіп жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі ең басты проблема – жаһандық экономикаға орасан зор зиянын тигізген COVID-19 пандемиясы. Бұл індеттің ауыртпалығынан әлем халқы зардап шегуде.
– Адамзат тарихындағы осындай нәубетке қарсы тұрып, бізді ауыр індеттен қорғау үшін алғы шепте болған дәрігерлерге барша отандастарымның атынан шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сауда протекционизмі мен саяси ұлтшылдықтың белең алуы халықаралық ынтымақтастыққа кері әсер етіп, «жаһандық тоқыраудың» күшейе түсуіне алып келді деп санайды. Бұл жағдай орнықты дамудың келешегіне нұқсан келтіріп, миллиардтаған адамның жарқын әлемге деген үмітін үзді.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесін ойлануға шақырып, қазіргі таңда адамзат үшін маңызды тарихи өзгеріс жасайтын кез келді деген пікір білдірді.
Мемлекет басшысы табысты жаһандық ықпалдастыққа қатысты өз формуласын ұсынған қазақтың ұлы ақыны, данышпан Абай Құнанбайұлының нақыл сөздерінен қазақ тілінде үзінді келтірді. Бұл ерекше есте қалатын сәт болды.
– «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек, қарекет қылмақ, жүгірмек, ақылмен ойлап сөйлемек». Ақынның бұл ой-пікірінің мәнін «өзара үйлесімге қол жеткізу үшін адамзатқа сүйіспеншілік, рақымшылық, батыл әрекеттер және байыптылық керек» деп түсінуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, халықаралық қоғамдастық пандемиямен күреске бұдан да көп күш жұмсауы керек.
Ең алдымен, оның айтуынша, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақытылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердегі ұлттық институттар мен медициналық мекемелерді жаңғыртуға басымдық беру қажет.
Қазақстан Президенті коронавирус індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеуді айтты. Осы ретте, жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізетін инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге келу қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, сондай-ақ, пандемияның алдын алу және оған қарсы күрес саласында жекелеген мемлекеттердің әлеуетін арттыру мақсатында Халықаралық медициналық-санитарлық ережелерді қайта қарау қажет деп санайды.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынды. Президент осындай орталықтың бірін Қазақстан аумағына орналастыруға дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы биологиялық қаруға бақылау жасайтын жүйе әзірлеп, оны іске қосудың өзектілігін атап өтіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік экономиканы қайта қалпына келтірудің перспективаларына қатысты өзінің ой-пікірін ортаға салды. Президент БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің әлемдік экономиканың 10%-ын құрайтын ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасын жүзеге асыру қажет деген үндеуіне қосылатынын жеткізді. Сонымен қатар оның пандемияға қарсы күрес баршаға бірдей және мол мүмкіндік жасауға бағытталған Жаңа ғаламдық келісім әзірлеу керек деген пікірін қолдады.
Президент 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібін жүзеге асыру мәселелеріне де арнайы тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, әлемдегі аштықты толық жою аталған бағыттың басты мақсаты саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бастамасымен құрылған Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының ауқымды халықаралық гуманитарлық науқан өткізу үшін азық-түлік қорларын құруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бүкіл әлем халқының ынтымақтастығына серпін берген волонтерлік қозғалыстың қосқан үлесін атап өтті.
– Еріктілердің айрықша рөлінің белгісі ретінде БҰҰ-ға Даму мақсатында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ядролық қаруды таратпау және қарусыздану дағдарысының жалғасып жатқанына тоқталып, барлық мүше мемлекеттер адамзатты ядролық апаттан құтқаруға бағытталған қажетті әрі кезек күттірмес барлық шараны қабылдау туралы Қазақстанның ядролық держава саналатын елдерге жолдаған үндеуін қолдайтынына үміттенетінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «ядролық бестікке» кіретін елдерді Ядролық қарудан таза аймақтар туралы шарттың тиісті хаттамаларын, соның ішінде Семей шартын ратификациялауға шақырды.
Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, әсіресе, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаға назар аударды. Оның пікірінше, бұл жағдай басқа қатерлер үшін «қозғаушы күш» қызметін атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазба отынына аса қатты тәуелділікке және Климат жөніндегі Париж келісіміндегі мақсаттарға қол жеткізудің ұзаққа созылуына қарамастан, Қазақстанның көміртексіз экономиканы дамытуға қолдау көрсете беретінін жеткізді.
– Біз экономиканы және кәсіпорындарды жаңғырту есебінен 2030 жылға қарай парниктік газдардың қалдықтарын 15%-ға азайтамыз. Сонымен қатар алдағы бес жыл ішінде елімізде екі миллиардтан астам ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлап отырмыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы көпжақты институттар арасындағы өзара сенімді қалпына келтіру және дәйекті түрді нығайту арқылы ғана қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге болатынын мәлімдеді.
– Бүгінде мемлекеттердің бір-біріне деген сенімі жоғалып барады. Бұл халықаралық қатынастардың дамуына кері әсерін тигізеді. БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен қағидаттарына бейілділік таныту – біздің ортақ моральдық міндетіміз, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық терроризмге қарсы тұру үшін үлкен альянс құру қажеттігіне тағы да назар аударып, барлық мемлекетті Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу тәртібі Кодексіне қосылуға шақырды.
Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлер мен қауіптердің себебі туралы айта келіп, оның барлығы мемлекеттік басқару жүйелеріндегі нақты мәселелердің салдары деген пікір білдірді.
– Халықаралық тиімді шараларды және ұлттық деңгейдегі қуатты күш-жігерді үйлестіру арқылы ғана адамдардың бойындағы үміт отын жағып, шын мәнінде әділетті әрі жаһандық әлемге қол жеткізуге болады, – деді Президент.
Осы ретте Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық жағынан қуатты, демократиялық тұрғыдан дамыған және әрбір азаматтың қажеттілігін қанағаттандыруға мән беретін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруға ниетті екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, өркендеген, қуатты және біртұтас Орталық Азия өңірлік және жаһандық тараптардың мүдделеріне сай келетініне сенім білдірді.
Қазақстан Президенті трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану мақсатында Өңірлік су және энергетикалық консорциум құруды ұсынды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Орталық Азияны дамыту бағытындағы күн тәртібін үйлестіру үшін Алматы қаласындағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын институтқа айналдыруға ниетті екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жалпысаяси дебаттарындағы сөзін аяқтай келе, Қазақстан барлық ұлтты жарқын әрі бақытты болашаққа бастайтын БҰҰ-ның тұрақты мүшесі болып қала беретінін айтты.