1000 күбінің күрпілі Сәкеннің мерейтойына сән берді
1000  күбінің күрпілі Сәкеннің мерейтойына сән берді
416
оқылды

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы мен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы мерекесі аясында және «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы шеңберінде елімізде алғаш рет қымыз пісу бойынша әлемдік рекорд орнатылған болатын. Бір мезетте 10 000 литр бие сүті пісі­ліп, 1000 күбінің күрпілі сайын даланың сәнін кел­тір­­­ген еді. Көңіл тойдырып, көз сүйсінткен әсем көрініс әлі көптің көз алдында. Осы атау­лы шараның идеясы қайдан туындағанын білу мақсатында аталған жобаның авторы әрі ұйымдастырушысы, Nur Otan партиясы Жаңа­арқа аудандық мәслихатының депутаты Нұргүл Оқасқызымен әңгімелескен едік.

– Қымыз пісуден әлемдік рекорд орнату Қазақстанда алғаш рет тіркеліп отыр. Мұндай идея қашан, қалай келді?

– Былтыр Cәкен Сейфул­лин­нің 125 жылдығы келе жатқанын есі­мізге алып, осыған орай, ерек­ше дүние жасағымыз келді. Сөй­тіп, айналамызбен ақылдас­тық. Басында құрақ құрау туралы ой болған. Біздің аудан тұрғын­дары көбіне бие сауады. Негізгі күн­көріс көзі – қымыз. Осыны назар­ға алдық. Басты мақсатымыз ата салтымызды жаңғырту болды.

Осы шараны өткізу үшін «Ата­ме­кен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасына барып, сол жердегі маман­дармен сөйлестік. Ол кісілер бірден қолдап, кеңес берді. Одан кейін бұл ұсынысты қазақстандық рекордтар кітабы мамандарына, аудан әкімі Юржан Асанұлына, әкімнің идеология жөніндегі орынбасары Қанат Қожықовқа айттық. Ол кісі идеяны бірден ұнатып, көмектесуге ниет білдір­ді. Ауыл әкімдеріне хабарласып, түсіндірді. Сонымен, жақын маңдағы ауыл тұрғындарында қанша бие, күбі бар екенін санай бастадық. Бір қуанатын дүние – бір үйде 2-3 күбіден бар екен. Жалпы, аудан орталығында 12 ауыл, 2 кент бар. Халық саны – 34 мың. Бірінші күн­нің өзінде 4 ауылдан 700 күбі шықты. Ары қа­рай идеяның іске аса­ты­нына сенімді болдық. Ауылдарға барып, тұрғындармен кездестік. Оларға ұлттық нақыш­тағы киім киюлерін өтіндік. Сатып алуды міндетте­ме­дік. «Үйде бар дүниелеріңізді киіп келе беріңіздер» деген болатын­быз. Ауыл тұрғындары ақылда­сып, ауызбіршілік танытты. Халықтың ықылас-ниетіне риза бол­дым. Осы ретте С.Сейфул­лин­нің 125 жылдығын және Жаңаарқа ауданының 90 жылдық мерей­тойын кең көлемде атап өтуге атсалысқан, қолдау білдіріп, көмектескен әкімдікке, аудандағы «Атасу» қайырымдылық қорына алғыс білдіргім келеді.

– Әлемдегі ең танымал кітап­тардың бірі саналатын Гиннестің рекордтар кітабы мамандарымен қалай байланыстыңыздар? Олар бұл ұсынысқа бірден келісті ме?

– Ұлым ағылшын тілін жақсы біледі. Ұлыбританиядағы Гиннес­тің рекордтар кітабы мамандары­мен хат алмасуға сол көмектесті. Хатты 28 маусымда жібердік. Басында олар түсінбеді. «Күбіден май шығарасыздар, әрқайсысын­да 200 грамм май болу керек» деді. Сөйтіп, «10 мың литр сүтті бір мезет­те пісті» деген титул бер­мек­ші болды. Біз оған келіс­пе­дік. Күбідегі сүт емес, қымыз екенін, осындай сусын бар еке­нін айтып, түсіндірдік. Олардан халықаралық сарапшы арнайы келіп, қатысты. Қымыз­дың дә­мін татты. Әкімнің орын­ба­сары өлшеуге ыңғайлы болу үшін қы­мыз­ды 5 литрлік ыдысқа құйып, сыртына арнайы заттаңба жаса­ған жөн екенін айтты. Күбі жүз рет пісілді.  


– Осы шарада өзіңізге ерекше әсер сыйлаған сәтті айта аласыз ба?

– Бәрімізді таңғалдырған, естен кетпестей шара болды. Тұрғындарды орындарына тұрғы­зып, алдын ала дайын­далғанның өзі керемет! Бастарыңызға ақ орамал тартсаңыздар деген едім. Биікке шығып қарағанда, көлге қонған шағалаларды көргендей ғажап сезімде болдым.

Әлеуметтік желіде өзге ұлт өкілінің: «Бұл не армия деп таң­ғалмаңыздар. Бұл – бейбіт­ші­лік армиясы!» деп жазып қойғанын көріп, кеудемді мақтаныш керне­ді. Қымыздың бәрін жинал­ған жұртқа бөліп бердік. Қонақтары­мыз риза болып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Тұрғындардан «шар­шадым» деген сөзді естіме­дік. Бәрі жұдырықтай жұмыла білді.

– Аудан халқының күнкөріс көзі қымыз екенін айтып қалдыңыз. Бизнеске бет бұрған тұрғындар көп болар?

– Қымызды сатудың өзі – ауыр жұмыс. Бұл жақтың жусаны ащы. Жылқылар жақсы жайы­лады, шөпті таңдап жейді. Зауыт салынса, ауылға инвестор тартыл­са және қымызбен емдейтін шипа­жай ашылса, мұндағы жұрт­тың жағдайы оңалар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ