10 жыл халықаралық іздеуде жүрген шетелдік Алматы облысында ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қыркүйекте Жамбыл ауданының полициясына медициналық пункт меңгерушісі терезе арқылы ноутбугының қолды болғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді.
– Жедел топ құрамында жұмыс істейтін учаскелік инспекторлар бір тәулік ішінде күдікті Өзбекстан Республикасы Қарақалпақстан автономиясында тұратын 44 жастағы шетелдік азаматты “ізін суытпай” анықтады. Ұсталған сәтте күдікті ұрланған мүлікті сатып үлгерген. Ноутбук сатып алушыдан алынды. Жеке басын тексеру барысында ұсталған азаматты 2010 жылдан бері отандастары алаяқтық жасағаны үшін іздестіріп жатқаны және халықаралық іздеуде жүргені белгілі болды. Күдікті қамаққа алынды, – дейді Жамбыл аудандық ПБ бастығының орынбасары Данияр Қыйқабаев.
Тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың басқа да ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.