– Көптеген мәселе көтердіңіздер. Бірақ облыс орталығы Талдықорған қаласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан әлі де хабардар емес екендеріңіз білініп қалды. Мысалы, көпбалалы аналарға уақытша баспана беру қажет деп есептейсіздер. Қалай сонда? Кеңес Одағы кезінде болғаны рас, қазір ондай жоқ. Оны қалай шешеміз? Көтерілген мәселенің шешімін тауып беру сіздердің еншілеріңізде. Сондықтан өзекті тақырыпты көтергеннен кейін оны реттеудің жолдарын ойластырған жөн. Сіздерді естіген кейбір кісілер қалалық не облыстық әкімдіктің алдына келіп: «Уақытша тұратын пәтер тауып беріңіздер!» – деп талап етсе қайтеміз? Сөйтіп, бір проблемадан тағы бір мәселені туындатып аламыз. Көтерер мәселелеріңізді әбден ойланып, толғанып, пысықтап барып, ұсынғандарыңыз дұрыс, – деді облыс әкімі. Сонымен қатар әкім өзіне бірқатар пікір мен ұсыныстардың ұнағанын да атап өтті. – Маған экологияға, тұрмыстық қалдықтарды үйде іріктеуге, қоқысты жинауға қатысты айтылған ойлар ұнады. Швейцарияға барғанымда осы мәселенің мәнісін сұрап білгенім бар еді. Сонда тұрмыстық қалдықты іріктеудің, шығарудың нақты тәртібі бекітілгені анықталды. Сол үшін халықтың санасына қоқысты реттеп тастаудың мәдениетін сіңіруіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта нәтижесін көреміз, – деді Амандық Баталов. Әрі праймеризге қатысушылардың «Nur Otan» партиясының негізгі бағыттарына назар аударуы керегін ескертті. – Партия ең алдымен халықтың қамын ойлайтынын назарда ұстап, праймериз арқылы қоғам белсенділерінің ұсыныс-тілектерін тыңдауды қолға алуы мемлекет мүддесі үшін екені ұмытылмауы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған негізгі бағыттар еліміздің өркендеуі үшін қызмет етеді. Сондықтан сіздер осы жолға түсіп, өз бақтарыңызды праймериз арқылы сынап көруге бет алғанда ниет түзу, жүрек таза, көңіл шынайы болуы керегін естен шығармаңыздар! Баршаңызға табыс тілей отырып, істеріңіз берекелі болсын дегім келеді, – деді облыс басшысы өзінің сөзінде.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы