«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы осы сипаттағы озбырлыққа тосқауыл қою саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың құқықтық тетіктерін ретке келтірмек.
Бұдан былай егер үйдегі қорлау қарекеттері кәмелетке толмаған балалардың көзінше жасалса, отбасылық агрессор үшін жаза қатайтылатын болады. Өйткені ол тек жұбайының ғана емес, жас ұрпақтың да сана-психикасына жара салады. Айта кету керек, бұл талап тек ерлерге ғана емес, жанжалшыл әйелдерге де қатысты.
Жәбірленушілерді қорғауды күшейту үшін депутаттар жеке норма ұсынды: оған сәйкес, полицей енді қорғау нұсқамасын (защитное предписание) енгізу туралы шешімді өз бетінше қабылдайды. Мысалы, сабалған әйел тәртіп сақшысын шақырғанымен, ол келгенде оның көмегінен бас тартып, күйеуін қорғаштай бастауы мүмкін. Жаңа заң жобасы бойынша егер құқық қорғау органының қызметкері жәбірленушінің бет-аузы көгергенін, жарақат алғанын көрсе, онда зардап шегушінің айыпты туралы оң пікірімен санаспай, отағасын отбасынан уақытша қуатын құжатты толтыра береді. Ал қолданыстағы заң бойынша құқық бұзушының мінез-құлқына талаптар тізбесінен тұратын қорғау нұсқамасы тек зәбір көрушінің сұрауы бойынша ғана ұсынылады.
Осы жаңа қорғау тетігінің қажеттілігін атап өткен Мәжіліс Спикері депутаттар ұсынған норма құрбанды қорқыту арқылы тәртіп бұзушылардың әділ жазадан құтылып кетуіне жол бермейтініне сенім білдірді. Нұрлан Зайроллаұлы бұл норманы жүзеге асырудың айқын әрі түсінікті тетігін құрудың маңызына екпін түсірді.
– Полицейлер де әртүрлі: бірі табандылық танытып, нұсқаманы толтырады, ал басқасы қолын бір-ақ сілтеуі мүмкін. Құқық пен тәртіпті қорғайтын органдар өкілдері тарапынан адами фактордың ықпалын мейлінше азайту керек, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Оның байламынша, заң нормасы заңға тәуелді актілерде нақты реттелуі және барлық меморгандардың жұмысы үйлестірілуі қажет.
Сонымен, заң жобасына сәйкес, отбасын ойрандаушыға жәбірленушімен және балаларымен 30 күн бойы байланысқа шығуына, кездесуіне, тілдесуіне не басқа жолмен қудалауына тыйым салынады.
Қазақстандағы отбасылық-тұрмыстық күш көрсету проблемасына тоқталған Н.Нығматулин бұл мәселенің кешенді шешілуі керегін нықтады. ІІМ дерегінше, оқшаулану жағдайында отбасылық-тұрмыстық сипаттағы құқықбұзушылықтар 25%-ға артқан. Мәжіліс Спикері жыныстық зорлық, әйелдерге және тұлғаға қарсы ауыр қылмыстар үшін жазаны қатайту туралы ел Президентінің тапсырмасын депутаттық корпустың жедел орындағанын еске салды. Мысалы, жұбайына қол көтерген адамдар 15-тен 20 тәулікке дейін темір торға қамалуы мүмкін.