Жиында сенаторлар ұзын-сонар аты бар, «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартты, ЕАЭО құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Жалпы, бұл хаттаманы осы одаққа мүше барлық 5 мемлекеттің парламенттері ратификациялауы шарт. Сонда ғана күшіне енеді. Заңға сәйкес, 2021 жылғы 15 тамызға дейін Қырғызстан одақ талаптарына сәйкес Қазақстанмен шектесетін шекарасындағы барлық ескі өткізу пунктін жаңғыртып шығуы тиіс. Соның аясында мысалы, ветеринарлық, санитарлық, фитосанитарлық, радиациялық бақылау жүргізуге арналған жабдықты және кедендік бақылау жүргізуге арналған тасымалданатын жабдықты, оның ішінде тексеріп қарауға арналған рентген техникасын орнатуы қажет. Бұл істе оған Қазақстан көмек көрсетуде. Мысалы, бауырлас көршісінің кедендік өткізу бекеттерін, санитарлық және ветеринарлық жүйесін жақсартуға қазақ елі 2017 жылы 100 миллион доллар бөлгені хабарланды. Сонда қырғыз тауарлары еш кедергісіз одақ нарығына шыға алады. Сондай-ақ палата «Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдап, Президенттің қол қоюына ұзатты. Шарт бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өз Отанында одан әрі өтеу үшін екі мемлекет арасында сотталған адамдармен алмасу мүмкіндігіне байланысты мәселелерді реттейді. «Қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде біздің 6 азаматымыз, оның ішінде 5 ер адам және бір әйел адам қамауда отыр. Тиісінше, осы заңға ел Президенті қол қойған кезде Қазақстанның Бас прокуратурасы уәкілетті орган ретінде оларды Отанына қайтару шараларын қабылдайтын болады», – деді депутат Сәуле Айтпаева. Сонымен қатар Сенаттың жалпы отырысында депутаттық сауалдар жолданды. Сенатор О.Перепечинаның сауалы 4-деңгейдегі бюджетті және жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық тәуелсіздігін енгізуге қатысты болды. Н.Төреғалиев интернетте балаларды қорлаудан қорғау қажет деп мәлімдеді. Ә.Құртаев ҰОС тұтқындарын оңалту туралы ұсынысын жеткізді. А.Лукин отандық тауарларды аккредиттеуге және сертификаттауға байланысты мәселелерді қозғады. Д.Нұржігітова балалардың құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдау керегін тағы да еске салды. Еліміздің батысындағы республикалық жолдардың құрылысына байланысты проблемалар депутат Ғ.Дүйсембаевтың сауалында айтылды.
Айхан ШӘРІП