Пневмония күшейді: кезекті сынаққа дайынбыз ба?
Пневмония күшейді: кезекті сынаққа дайынбыз ба?
5,177
оқылды
23 қыркүйек күні Денсаулық сақ­тау министрлігі аймақтағы пн­евмонияға шалдыққандардың нақ­ты статистикасын жариялаған еді. 1-23 қыркүйек аралығындағы статистика бойынша, Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Шығыста – 4 382 адам, Нұр-Сұлтанда – 3 845, Алматы қала­сы – 3 072, Қостанайда – 2 815, Қа­ра­ғандыда – 2 101, Павлодар­да – 1 877, Атырауда – 1 392, Ал­ма­ты об­лысында – 1 530, Жамбыл об­лысын­да – 1 747, Түр­кістан об­лысында – 1 472, Ақтөбе об­лысында – 1 281 адам. Министрлік елде эпи­демиология­­лық ахуал тұрақты дегені­мен, пнев­монияға шал­дыққандар саны артқан секілді. Статистика құбылып тұр. Ден­саулық сақтау министрлігінің рес­ми өкілі Бағ­дат Қожахметов бол­са, пнев­монияның күшеймегенін, көрсет­кіштер тұрақты екенін айтады.
«Ұлттық ғылыми медицина ор­талығы» АҚ басқарма төрағасы Абай Бай­генжин: «Емделгеннен кейін ден­саулыққа ерекше қарау ке­рек. Бұл ретте респираторлық ау­ру­ларды жұқ­тырмауға тырысу керек. Иммундық жүйе назарда болғаны жөн. Жақын адамдар мен туыстардың өміріне алаңдау, экономикалық саладағы үрей, үйреншікті өмір сүру режимінің күрт өзгеруі – осының барлығы соңғы бірнеше айда адамдарды айтарлықтай өзгертті. Адамдар көңілсіз жүрсе, аталған вирусқа және басқа да кез келген ауруға шалдығу мүмкіндігі артады. Ал кез келген ауру ағзаны әлсірететінін ескерсек, оған коронавирус қо­сылса, науқас адамға қиын бо­лады. Сондықтан да көтеріңкі көң­іл күйде жүріп, қолды жиі жуып отыру тәртібін ұстанған жөн» деген пікірде.  Ғалым жаңадан келген індеттен ешкімнің сақтандырылмағанын, соған қарамастан медицина же­тістіктері арқасында, аурудың ба­сым бөлігі бақылауда тұрғанын айтады. «Каран­тинді тоқтату – эпи­демияның аяқ­талғанын біл­­дірмейтінін түсіну керек. Әзір­ге індетке қатысты жағдай бұ­дан кейін қалай болатыны бел­гі­сіз», – дейді ғалым. Ал дәрігерлер күз кезінде пнев­­мо­нияның күшеюі қалыпты жағ­дай деген пікірде. Дәрігер Алмаз Шарманның айтуынша, COVID-19 эпидемиясына көп­теген фактор әсер етеді. «Олардың бірі – мау­сымдық. Күз бен қыс ай­ларында ин­фекцияның асқы­нып ке­тетінін ешкім де жоққа шығармайды. Мә­селен, солтүстік жарты шардағы ел­дерде ең тө­мен көрсеткіш тамыз айында байқал­ғанымен,  керісінше ақпан айында жоғарылауы мүмкін деген қауіп бар. Ал біздің елімізде тамыздың соңынан ақпан айының басына дейін инфекция күшеюі мүмкін деген болжам айтылуда, – дейді. Күз айларында екінші толқын­ның басталуына себеп болатын нәрсе – адамдар эпидемия аяқ­талды деп ойлайды, өйткені оның саны азайғанын көріп отыр. Сон­дықтан «адамдар немқұрайды бола бастайды, жиі араласады, бетперде киюді тоқтатады», – дейді дәрігер Алмаз Шарман. Керісінше, мұның бәрі өсімді көбейтетіні анық. «Ең бірінші кезекте дұрыс та­мақ­танып, дұрыс режим ұстанған жөн. Одан кейін кез келген адам анализ тапсырып, қан құрамын тексерткені дұрыс. Сол кезде ғана пневмонияның белгілері бар ма, жоқ па, нақты анық­тай алады», – дейді дәрігер-им­му­нолог Мағжан Зиябек. Дәрігерлер тұрақты витамин ішіп жүрген адамдардың көп­шілігі вирус жұқ­тырудан сақтана алатынын ай­­тады.  Мағжан Зиябек: «Ағзаға қажетті витаминдер қа­былдап отыр­ған адам көп ауыра бермейді.  Тұ­рақты витаминдер тұтынатын ад­ам­дарда иммунитет өз жұмысын дұрыс атқарады. Со­ның ар­қасында кез келген ви­рустан сақтана ала­ды», – дейді. 
Адамды қорғауда басты рөлді оның иммундық жүйесі атқарады. Оның негізгі қызметі – ағзаның генетикалық даралығын сақтау. Сондықтан кез кел­­ген инфекцияға қарсы тұру үшін иммундық жүйені қалыптастыру керек. Сонда ғана індетті оңай жеңе аламыз. Әрі оқ­шаулануды да ұмытпаған лә­зім. Арақашықтықты ұстанып, бетперде тағып жүрсе, дерттен сақтанудың мүм­кіндігі бар. Дәрігер Алмаз Шарман: «Әр адам мұқият болуы керек және өзін,  отбасын қорғай білуі тиіс. Үй­­ден тыс жерде үнемі бетпер­де киіп жүру керек, басқа адам­дар­мен мүм­кіндігінше тығыз бай­ланыста болудан аулақ бол­ған жөн» екенін айтып отыр. Денсаулық сақтау министр­лігінің соңғы мәліметіне сүй­ен­сек, қазір коронавирус инфекция­сынан 3 611 адам ем қабылдап жатыр. Олардың арасында 36 жеткіншек бар. Стационарда 1 897 нау­қас болса, 1 714 адам амбу­­латориялық жағдайда ем­делуде. Жалпы, науқастардың арасында 100 адамның халі нашар. 19 нау­қас өкпені жасанды желдету ап­паратына қосылған.  

ГулзиГүлзина БЕКТАС