«Айқынның» алаңы
«Айқынның» алаңы
157
оқылды
Сөйтіп, 22 қыркүйекте Facebook арқылы онлайн сауалнама ұйым­дастырып,   бұқараға сауын айтып, Нұр-Сұлтан қаласынан редакциялық  дебатқа кімдердің қатысқанын қалайтынын көпшіліктен сұрадық. Нәти­жесінде, 528 пікір жазылып, редакциядағы пікір алмасуға 4 азамат іріктелді. Олар: қоғам белсендісі, ақын Ауыт Мұқибек, Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектептің директоры Сапура Төлекова,  Ұлттық спорт қауым­дастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі серіктестік де­пар­таменті директоры Расул Медетов. Басылым редакциясындағы пікір ал­масу бірнеше сатыда өтті. Алдымен үміт­керлердің өз бағдарламаларын та­ныс­тыруына мүмкіндік берілді. Одан соң «Ай­қынның» сауалдарын қойдық. Үшін­ші кезеңде қатысушылар  бір-біріне сауал қойды. Төртінші кезеңде оқырман сауа­лына кезек берілді. Біз редакциялық дебаттың қысқартылған жазбаша нұс­қасын оқыр­манға ұсындық.  

ҮМІТКЕРЛЕРДІҢ АЙТАРЫ БАР

MykibekАуыт МҰҚИБЕК: – Шетелде туған қазақпын. Қытай Халық Рес­публикасында дү­ние­ге кел­ген­мін. Атажұртқа кел­геніме 22 жыл бол­ды. Қазақ­станның саяси өміріне бел­сене ара­ласып жүр­ген азаматпын деп есеп­­теймін өзімді. Көтеріп жүрген бағытым – әлеуметтік сала. Шет­тен келген қандастар, Елбасының көші-қон саясатын қозғап жүрмін. 2011 жылдан бастап осы салаға қатысты мәселелерге араластым. Себебі көші-қон саясаты ең шулы сала. Шеттен келген қандастарымыздың құжат, азаматтық алуы, орналасуында көптеген қиындық болды. Сондықтан 2015 жылдан бастап жеке тұлға ретінде Мә­жілістегі жұмыс тобына қатысып келемін. Заң талқылауда өз ұсыныстарымды беремін. Соның нәтижесінде үш рет қатыстым. «Халықтың көші-қоны туралы» заңға түбегейлі өзгеріс енді деуге болады. Менің праймеризге қатысудағы мақсатым екеу-ақ. Біреуі сол Мәжілістегі жұмыс тобында үйренген тәжірибеммен тек көші-қонға қатысты заңдар­мен шектелмей, басқа да заңдарға өзгерістер енгізу. Өйт­кені көші-қон заңында бар кінәраттар өзге заңдарда да кездеседі. Екінші, көші-қон саясаты – үлкен саясат. Оны еліміздің демографиясы мен қауіпсіздігіне тікелей қатыс­ты сая­сат деп есептеймін.   CapyraСапура ТӨЛЕКОВА: – «Nur Otan» партия­сының прай­­ме­ризіне өзім­ді-өзім ұсыну­шы­мын. Нұр-Сұлтан қала­сындағы Әли­хан Бөкейханов атын­дағы №76 мек­теп-лицейдің ди­рек­торымын. Соң­ғы кездердегі білім саласына қойылып жатқан талап­тарға сәйкес мүмкіндігінше түрлі реформаға өз үлесімді қосып келемін. Праймеризге ұсынып отырған бағдарламам жаңадан жа­сал­ған, праймериз кезеңінде ғана пайда болған мақсат емес, бұл – менің өмірлік ұстанымым, педа­гогикалық немесе адами миссиям. Төрт бағытты қамтып отырмын. Бірінші – ұлттық мектеп моделі. Ұлттық мектеп деген оның іші-сыртын оюлап, күй ойнатып қою емес. Мұны материалдық емес, мазмұндық тұрғыдан қарастыруымыз керек. Ұлттық мектеп үшін ең бірінші кезекте құзыретті педагог керек. Одан кейінгі мәселе қазақстандық білімнің брендке айналуы үшін білім мен тәрбие біртұтас болуы керек. Ал біз әлі күнге екеуін бөліп қарастырып жүрміз. Екінші бағытым «EQ+IQ= шексіз жетістік» деп аталады. Біз қоғамда интеллекті жоғары бола тұра, эмоционалдық, психо­логиялық немесе ішкі мотивациялық жағынан қандай да бір кемшіліктері болғандықтан, жетістікке жете алмайтын, кедергіге тап болатын адамдарды кездестіреміз. Сондықтан жан мен тәнді, интеллектіні бірге дамыту жөнінде біраз ұсынысым бар. Үшінші бағыт «Бақытты балалық» деп аталады. Балалар бақытты болу үшін отбасы инсти­тутының рөлі артуы керек. Одан соң аналар ба­ласымен ұзақ уақыт бірге болуы тиіс. Аналардың кешкі 8-9-ға дейін жұмыс істеуінің өзі ауыр жұмыстағысы болсын, кеңсе қызметіндегі аналар болсын, өзекті мәселе. Төртінші бағыт – сапалы өмір. Бұл алдыңғы үш бағыт орындалған кезде өздігінен жүзеге асады.   RasylРасул МЕДЕТОВ: – Жалпы, уни­верситет бітір­гелі бері 11 жыл мем­лекеттік қыз­метте түрлі сала­да қыз­мет істеп келе­мін. Соның ішінде 6 өңірде ең­бек еттім. Соның нәти­жесінде алдыма бірнеше мақсат қойып отыр­мын. Біріншісі – демог­рафиялық жағдай. Өз басым аналарға бала туудан кейін берілетін жәрдемақыны сәби үш жасқа келгенше беру мәселесін кө­термекпін. Екіншіден, тұрғын үй мәселесі. Қазіргі үгіт-насихат кезінде бұқа­рамен кездесу барысында бұл мәселенің өзекті екені байқалады. Әрине, біз нарықтық қатынасқа көшкендіктен, мемлекет тарапынан тегін үй беру тоқтатылды. Ол мемлекет үшін тиімсіз. Алайда әлеу­меттік әлсіз жандарға, жас отбасыларға жатақ­ханалар неге салмасқа?! Ондай тәжірибе астанамызда бар. Одан кейінгі мәселе – ашықтық және қолжетімділік. Жалпы, депу­тат деген – халықтың өкілі ғой. Өкі­нішке қарай, кейбір депутаттар сайлау қарсаңында келіп, дауыс берілген соң жүзін көрсетпей кететіні жайлы халық жиі сын айтатынын байқадым. Сондықтан өз басым қазір мей­лінше ашық болуды құп көрдім. Одан кейінгі тағы бір мәселе – қоғамдағы әлеу­меттік теңсіздік, орта тап­тың аздығы. Жұмысшы азамат­тар­дың жалақысын көтеру мәселесін алға тартып отыр­мын. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықты азайту үшін бірқатар заң мен норманы өзгерту үшін үлесімді қосқым келеді.   RaxatРахат ЖАҚСЫБАЙ: – Бірінші к­е­зек­те осындай пі­кірталас ұйым­дас­тырған, бас­қаша форматта ой-пікірі­мізді жет­кізуге мүм­кін­дік берген «Ай­қын» газеті редак­циясына алғыс біл­діремін. Қазір ұлттық спорт бағытында жұ­мыс істеймін. Бұл – біздің дәстүрі­міз бен мәдениетіміздің, салауатты өмір салтының бір бөлігі. Айрық­ша атап өтетін бірнеше мәселе бар. Алдымен әлемдік пандемия көп дүниені өзгертті. Сондықтан бірінші кезекте денсаулық сақтау мәселесі өзекті болып тұр. Өзіміз бетперде киге­німізбен, қоғамдағы көп саланың пердесі түрілді. Сол себепті денсаулық дегенде бұқаралық спорт жағына назар аударғым келеді. Өйткені ауырмайтын жол іздеу бірінші ке­зекте тұруы тиіс. Президент айтқандай, кәсіби спорт емес, әуесқой дене тәрбие­сімен айналысатын адамдар са­нын көбейту керек. Ол үшін бұқаралық спорт қажет бізге. Оған алып кешендер, залдар қажет емес, керісінше ша­ғын алаңқайлар, жү­гіретін, велосипедпен жүретін жол тә­різді мүмкіндіктер бірінші орынға шығуы тиіс. Екінші – білім саласы. Бұл салаға қатысты партия­ластар көп ұсыныс айтып жүр. 2021 жылдан бастап педа­гогтердің жалақысы көтерілетін болды. Өз басым бұған қосымша қолдау керек деп білемін. Бұл спорт залдарына қосымша жеңілдіктер болуы мүмкін немесе мек­тептерде оқушыларды тегін тамақ­тан­дыратынымыздай пилоттық жоба ре­тінде қалада мұғалімдерге бір мезгіл тегін тамақ беруді ұйымдастырып көруге бола­ды. Өйткені мұғалім­дердің көп уақыты мек­тепте өтеді. Мұны ескеру керек.  

«АЙҚЫННЫҢ» САУАЛДАРЫ АСТАНА ЖАЙЛЫ 

Пікір алмасу кезінде редакция «Nur Otan»  партиясының астаналық филиалы әзірлеген сайлауалды бағдарламадағы ТОП-10 мәселе негізінде сауал әзірледі. Атап айтқанда, ең алдымен  қаладағы көлік кептелісін қалай жоюға  болатыны жайлы сұрадық. Ауыт МҰҚИБЕК: – Елордада шешілмеген мәселелердің әлі де бар екенін білеміз. Қателеспесем, 2007 жылы астананың мәртебесі жайын­да заң қабылданған. Заңда қала мәртебесі, әкімнің мін­деттері мен құзыреті тәрізді бірқатар мәселе қарас­тырыл­ған. Өз басым заң орындалып жатыр деп есептеймін. Бі­рақ қала құрылысы кезінде қателіктер кеткен болуы ке­рек. Көшелердің тар болып қалғаны рас. Алайда салын­ған дүниені қайта бұза алмаймыз. Дегенмен туындаған мә­селелерді шешу үшін бірқатар шараның қабылданғаны ке­рек. Айталық, жеңіл автокөліктерді барынша азайтқан дұ­рыс. Велосипедпен, скутермен жүруге ыңғайлы жағдай жа­саған дұрыс. Әрине, бұл жерде климат жағдайы ес­кері­лері сөз­сіз. Екіншіден, елордада ғана емес, барлық ірі қа­ла­да экология мәселесі бар. Сондық­тан жанармаймен жү­ре­тін кө­ліктерді азайтуға барымызды салға­нымыз дұрыс. Рахат ЖАҚСЫБАЙ: – Әлемдегі көптеген қалада кептеліс мәселесін шешу үшін қалаға кіретін кө­ліктерді шектеу тәрізді радикалды қа­­дамдар жасалған. Бірақ мұндай шешім­дер қабылдауға ха­лық дайын ба деген мәселені ескеру керек. Өйткені кли­матты, басқа да шарттарды айтпа­ғанның өзінде астанада қо­ғамдық көліктен гөрі өз кө­лігіңмен жүрген ыңғайлы. Сон­дықтан бұл жерде қоғамдық көлікті тартымды қылу ға­на басты шешім болуы тиіс. Өйткені радикал шешімдер, атап айтқанда Евро-4, Евро-5 тәрізді стандарттарды қа­былдап, бұл талапқа сай келмейтін көліктерді қалаға кір­гіз­­­бейік десек, мұн­дағы авто­мобильдердің тең жартысына рұқсат бе­рілмеуі керек. Себебі біздің азаматтар мінетін кө­­ліктердің басым көпшілігі 7 жылдық мерзімнен асып кет­­кен. Ал мұн­дай радикалды қадамдарға барсақ, қосым­ша әлеу­меттік мәселелер туындауы мүмкін. Шетелдерде кіш­кентай көше­лердің өзінде кептеліс аз болатыны жүр­гізуші мә­де­ниетіне байланысты. Сон­дық­тан жүргізуші мәдениетін кө­теруге көңіл бөлген дұрыс. Бұл істе ақпараттық насихат ай­рық­ша рөл атқарады. Сапура ТӨЛЕКОВА: – Қоғамда қандай кемшілік болса, соған білім сала­сының ықпалы бар, қоғам­да не жетіспей жатса, мектепке сондай пән енгізу керек деген ұсыныстардың жиі ай­ты­латыны сонша, біз оларды жаттап алдық. Күле қараймыз. Бір мысал келті­рейін, соңғы үш жылда қаладағы Мәңгілік ел даңғылы мен Түркістан көшесінің арасындағы кеп­теліске сол аймақтағы үш мектеп «кінәлі» деген «үкім» шық­­қан. Бірнеше жиында айтылды да. Бірақ қазір пан­демияға байланысты оқушылар сабақ­қа көп келіп жатқан жоқ. Сөйте тұра, әлгі кептеліс жойылмады. Дегенмен бір­не­ше жыл бұрын әр азамат өз баласын өзінің тұрғы­лықты жеріндегі мектепте оқытуы тиіс деген талап алы­нып тасталды да, ата-аналар балаларын шет аймақтардан қала орталы­ғындағы гимна­зияларға, лицей­лерге тасыды. Себебі тұр­ғындар балаларға қосымша білім бергісі келеді, дамытуды көздейді. Ол үшін шет аймақ­тардағы спорт кешендері, қосымша білім беретін орта­лықтары қалада­ғыдай болуы керек. Сонда ғана шет аймақтан қала орта­сы­на қарай ағылуға мәжбүрлік болмас еді. Кептеліс мәселесінің айтылып жүр­геніне көп болды. Бұған дейін де болған, қазір де бар. Мұның бәрі әріптестер айт­­қандай, қаланың жоспарындағы қателік­тердің зардабы. Өз басым шағын аудан­дарды жоспарлаған кезде бас жос­парға өзгеріс енгізуге болады деп ойлаймын. Қажет кезінде Конституцияға да өзгеріс енгіземіз ғой, сол сияқты қаланың бас жоспарына да өзгеріс жасалуы керек. Ал жоспардағы қателік мемлекет қаржысын екі рет шашу деп білемін. Мәселен, тамыз айынан бастап Мәңгілік ел даңғылында жолдың ортасындағы бөлігін алып жатыр. Әу баста соны жоспарлағанда ортаңғы бөлігін қалдырмай-ақ қоюға болар еді. Енді екі жұмыс, екі рет қаржы шашу болып тұр. Сондықтан тиісті мекемелердің жауап­кершілігі бірінші орында тұр. Екін­шіден, халықтың мәдениеті маңызды. Мә­дениетті қоғам құра алсақ, көп мәселе шешіледі. Ай­талық, қоғамдық көліктерде жеке көліктен де комфорт жағдай жасалып, олар уақытымен жүріп тұрса, елдің бәріне сол ыңғайлы болар еді. Расул МЕДЕТОВ: – Қалаларда теміржол орналасқан аудандарда кептеліс көп болады. Өйткені пойыз жүргенде шлагбаум жабылады да, көліктер күтіп тұрып қалады. Мәселен, біздің Байқоңыр ау­да­нында сондай орын өте көп. Сондықтан ондай жер­лерге арнайы көпірлер салу керек. Сонда кептелістің бір мә­селесі шешіледі. Екіншіден, кептелістерді жою үшін қо­­ғамдық көліктер санын көбейту керек. Шетелдерде солай. Оларда қоғамдық көлік дәл уақытында келеді әрі жиі жүреді. Біздегідей лық толы болмайды. Сондықтан бұл тәжірибе бізге де керек. Астанамызда қоғамдық көліктерді көбейтуді сұраған азаматтар көп. Автопарк қызметкерлері де сондай өтініш айтты. Тұрғындардың да өтініштері солай. Айталық, қаланың шет аймақтарының тұрғындары ав­тобус­тарды жарты сағат, бір сағатқа дейін күтіп тұратынын айтады. Alan1 Редакцияның келесі сұрағы шет аймақ мәселесін қамтыды. Өйткені Нұр-Сұлтан қаласы ғана емес, еліміздегі кез келген ірі қаланың төңірегінде дамуы кенжелеген аудандар бар. Олар болашақта «жатаққа» айналуы да ықтимал. Үміткерлердің бұл мәселеге қатысты көзқарастарын қысқартып ұсынамыз. Расул МЕДЕТОВ: – Өкінішке қарай, шет аймақ­тарда қыл­мыс деңгейі қала орта­лығына қара­ғанда жоғары болып келеді. Өйт­кені шет аймақтарда скверлер, сая­бақ­тар тым аз. Спорт­тық кешендер жоқ деуге де болады. Сондықтан қа­ла­лық бюджеттен қаржы бөлінгенде ау­дандарға про­порционалды түрде бө­лінуіне назар аударылуы керек. Рахат ЖАҚСЫБАЙ: – Қателеспесем, елордада 24 мың оқушыға орын жетпейді. Астанамыздың өзінде үш ауысымды 8 мектеп бар. Бас қаланың өзінде жағдай осындай болғанда, аймақтарды ойлай беріңіз. Үш ауысымды түгілі, екі ауысымды мектептердің өзі халықаралық стандарт бойынша құпталмайды. Батыстық білім беру жүйесінде бала таңертең мектепке кетеді де, түстен кейін қосымшаларға қатысып, сабағын түгел оқып, күндізгі 3-те үйіне қайтады. Сондықтан аудан бюджеттеріне мұқият көңіл бөлу керек. Шет аймақтарда жатақтар немесе қосымша конгломерат қа­лып­таспауы үшін мұны ескеру қажет. Меніңше, мемлекеттік-жеке­меншік әріп­тестік арқылы қаланың шет аймақтарына түрлі нысан салуға әбден мүмкін. Сөй­тіп, аймақтардың дамуына серпін беруге болады.  

БІР САРЫНДЫ САЯСИ ӨМІР, ЖЕМҚОРЛЫҚ, КІТАПХАНА...

Әдетте ресми дебатқа қа­тысу­шылар бір-біріне де сауал қойып жа­тады. Сол дәстүрден аттамау үшін праймеризге қатысу­шы­лардың өзара сұрақ-жауап ал­масуы­на мүмкіндік жасалды. Ауыт МҰҚИБЕК: – Расул мырза, сізге бір сауалым бар. Жемқорлықтың зар­да­бын тартып отырған елміз. Мұны қайтсек тыя аламыз?  Расул МЕДЕТОВ: – Жалпы, жемқорлықты ауыздықтау үшін бірқатар жаңа бас­тама қолға алынды. Былтырдан бері қоластындағы қыз­меткерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты екені анықталса, бірін­ші басшылар да жауапкершілік арқалайтын болған. Кү­ні бүгінге дейін бірнеше облыс әкімінің орынбасары қыз­меттен кетті. Алдағы уақытта құқық қорғау органдары қыз­меткерлері сыбайлас жемқорлықпен айналысса, олардың жазасы өзгелерге қарағанда ауыр болуы керек деген пікірдемін. Өйткені құқық қорғаушылар азаматтардың бос­тандықтары мен құқын қорғауы керек, егер олар өздері сыбайластыққа барса, оларға жаза ауыр болуы тиіс. Екіншіден, халықтық декларация керек. Өйткені ха­лық көп сын айтады. «Белгілі бір мемлекеттік қызмет­шінің қымбат көлігі, зәулім үйі бар екенін, шетелге баратынын біле тұра, оларды неге ұстамайсыздар? Олар қаражатты қайдан тауып жатыр?» деп сұрайды. Өкінішке қарай, шетелдегідей заңсыз баюды анық­тайтын институт бізде жетіспей тұр. Шет ел­­дерде бір адам қаржыны, мүлікті қайдан алғанын дәлелдей алмаса, жауапкершілікке тартылып, мүлкі тәркіленеді. Біз де осы институт пен жал­пыхалықтық дек­ларацияны енгізсек, сыбай­лас­тық арқылы байыған мемлекеттік қызметшілер туыстарының атына жазып қойған мүліктерді жария­лайды, әйтпесе оларды қолдана алмайды. Сонымен қа­тар келесі жылдан бастап мемле­кеттік қыз­мет­шілерге, депутаттар мен судьялар­ға шет­елдік банк­тер­де есепшот ашуға тыйым са­лынады. Осындай шаралар арқылы жем­қор­лықты азайтамыз. Бірақ мемлекеттік қыз­метшілердің жалақысын көтеру керек. Өйт­кені арзан мемлекеттік аппарат халық үшін қымбатқа түседі.  Сапура ТӨЛЕКОВА: – Осында отырған әріптестерге қояр сұра­ғым жоқ, тілегім бар. Праймеризге қа­тысу­шылардың арасынан жақсы леп кө­ріп жүрмін. Ам­бициясы бар, өзекті мәсе­ле­лерді көтеріп жүрген жастар бар. Өзім өтпе­сем өтпей-ақ қояйын, осы жастар өтсе деп тілей­мін. Себебі мәс­ли­хатта да, Мә­жілісте де құ­рам жаңаруы ке­рек. Өйткені бір сарында, порт­фе­лін біреу көтеріп жүретін, он бес кө­мекшісі бар депутаттарды кө­ріп жүрмін. Сон­дықтан праймеризге үміткер ретінде қатысып, он шақ­ты кө­мекші ертіп алғандар емес, осы күнге дейін нақ­ты іс ат­қарғандар алға шықса. Осы отырған аза­маттарды редакция әлеу­меттік желідегі сауалнама ар­қылы таңдады. Демек, олардың таң­далуы бекер емес, себебі әлеумет қолдап отыр. Баршаңызға тілек­шімін! Рахат ЖАҚСЫБАЙ: – Бір оқиғаға қатысты пікірлеріңізді біл­сем. Елімізде 10-15 пайызға мемлекет­тік қызметшілерді қысқарту мәселесі кө­тері­ліп жатыр. Жуырда қаламызда даулы әң­гіме қозғалды. Кітапханаларды қыс­қар­туға байланысты. Оңтайландыру кітап­ха­на­л­арды қамту керек пе, әлде ұсыныс айт­қан азамат ойын дұрыс жеткізе алмады ма? Сапура ТӨЛЕКОВА: –Балаларды кітапханаға баруға, адам­дарды кітапты парақтап оқуға ша­қыра алмай отырғанда, кітапхана ар­қылы қаржы үнемдейміз дегенге өз ба­сым үзілді-кесілді қарсымын. Бірақ кі­тап­­ханалардың жұмысын жандандырып, есепке, кабинетті жауып алып отыруға құрылған қызмет формасы өзгеруі керек шығар. Сонда халық басқаша ойлайды. Тіпті, өз басым академиялық кітапханаға барғанда сондағы бюрократиядан шар­шап кетемін. Сондықтан кітапхана жұ­мысын жандандыруды қолдаймын. Бірақ кітапханаларды жауып қаржы үнемдеуге қарсымын. Әрі қаржы үнемдеу үшін әр адам өзі жауапты қызмет пен атқаратын жұмысын сапалы орындауы керек. Ауыт МҰҚИБЕК: – Өзім кітапханада жұмыс істедім. Бі­раз кітапханалардың жағдайын біле­мін. Ол – ғылым ордасы. Бірақ біздегі кі­тапханалар шоуға көп бейім. Түрлі шара өткізеді де жатады. Анау азаматтың кеші, мынау кітаптың тұсаукесері деп күнде жиналады, БАҚ өкілдері қаптайды да жүреді. Осының бәрін доғарып, адам­дардың кітап оқуына мүмкіндік жасауы керек. Расул МЕДЕТОВ: – Кітапханаларды мүмкіндік болса, қысқартпаған дұрыс. Әр ауданда, шағын ау­дандарда кітапхананың болғаны дұ­рыс.     P.S.

Әлбетте, пікір алмасу кезінде әлеуметтік желілер арқылы оқырмандардан келген сауалдарды да праймеризге қатысушыларға қойдық. Оқырмандарды елордадағы LRT құрылысы, көлік кептелісі тәрізді мәселелер мазалайтынын байқадық. Сонымен қатар «праймеризге қатысу үшін ғана әлеуметтік мә­селелерді көтеру қажет пе?» деген сауал қойғандар да болды. Біз өз тарапымыздан «праймеризден соң осы белсенділіктеріңіз жалғаса ма?» деп сұрадық. Қатысушылар бірауыздан праймериз кезінде бастаған істері мен қоғамдық жұмыстарын одан әрі жал­ғастыратынын жеткізді. Бірақ бір сағаттан астам уақытқа созылған пікір алмасуды газет бетіне толық сыйғызу мүмкін емес. Сол се­бепті қысқартуға мәжбүр болдық. Кез­десудің толық видеосын «Айқын» газетінің Facebook парақшасынан көруге мүмкіндік­теріңіз бар.

 

Дайындаған Амангелді ҚҰРМЕТ