Қазір 1 000 орынды «Интеллект» деген атаумен жекеменшік мектеп салуды жөн санап отырмыз. Одан кейін ТИГУ балабақшасының кірпішін қалаймыз. Осылайша, біз баланы жалғаспалы түрде үздіксіз өзіміз тәрбиелесек деген ниеттеміз.
Студенттерге берілер жеңілдіктерге келер болсақ, бізде ең үлкен әлеуметтік пакет әзірленген. Оның біріншісі – университетке өзге өңірден білім алуға келген тұл жетімдер тегін оқиды. І және ІІ топтағы мүгедектерге де тегін білім беріледі. Спортта, өнерде республикалық деңгейде жеңіске жеткендерге ректор гранты қарастырылған. Одан бөлек, көпбалалы отбасынан шыққан, Ауған соғысы ардагерлерінің, Чернобыл апатының зардабын шеккендердің, ата-анасының бірінен айырылған балаларға да бізде әртүрлі мөлшерде жеңілдік белгіленген. Бір сөзбен айтсақ, әлеуметтік пакетке бізде жылына 35-40 миллион теңге кетеді. Осылайша, біз қолдан келгенше білімгерімізге көмектесіп жатырмыз. – Елбасының студенттерді жатақханамен қамту тапсырмасына орай, биыл заманауи студенттер үйінің есігін айқара аштыңыздар. Жатақханадаға жалпы жағдайға бір тоқталып кетсеңіз... – 2018 жылдың күз айында бұрынғы «Тараз» қонақүйінің ғимараты сатылымға шыққаннан кейін кеңесе келе оны студенттер үйіне айналдыруды жөн санадық. Ойымыз шындыққа айналды. Аталмыш ғимаратты екіжақты келісімшарт жасасып, 430 миллион теңгеге сатып алдық. Одан кейін нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін 330 миллион теңгедей қаржы жұмсадық. Қазір студенттер үйіне келгеннің көзі сүйсінеді. Біз бұл нысанды жай жатақхана сияқты емес, бәрі бір ғимараттың ішінде қамтылған бес жұлдызды қонақүйден кем емес деңгейде жабдықтадық. Біріншіден, 500 балаға шақталған әрбір бөлме жоғары санаттағы қонақүйдей күрделі жөндеуден өтті. Екіншіден, студенттер үйінде спорт алаңшалар, кинотеатр, электронды оқу залы, коуоркинг орталығы, адалдық дүкені, кеңсе тауарларын сататын орын және студенттік асхана жұмыс істейді. Ал студенттер үйінің басты ерекшелігі – ғимарат ішінен сұлулық салоны мен интернет кафе алаңшасын ашып, оны басқаруды білімгерлердің өзіне тапсырдық. Яғни, студенттік кештер мен әртүрлі іс-шаралар бола қалған жағдайда білімгер сыртқа шықпай-ақ сол сұлулық салонында бетін әрлеп, өз-өзін кешке дайындай алады. Осындай заманауи студенттер үйінде тұру ақысын, халықтың жағдайын ескере отырып, айына 5 000 теңге етіп белгіледік. Бұл тұста тағы бір айта кетерлігі, бетперде кимеген және дене қызуы бар қызметкер мен білімгер, яғни сақтық шарасын сақтанбаған адамды студенттер үйінің компьютерленген есіктері ішке кіргізбейді. Олар арнайы дәрігерлік тексерістен кейін ғана ішке кіруге рұқсат алатын болады. Осылайша, біз заманауи қондырғыларды қолдана отырып, сақтық шараларына да баса көңіл бөліп отырмыз. – Әлемдік пандемия елімізге оңай тимеді. Десе де, жұрт болып жұмылып, кәсіпкерлер мен демеушілер мұқтаждарға көп көмек көрсетті. Соның бірі – өзіңізсіз. Айтыңызшы, карантин кезінде қара халыққа өз есебіңізден нақты қандай жәрдем жасадыңыз? – Коронавируспен өзім де ауырып тұрғандықтан, бұл індеттің қауіптілігін жан-тәніммен сезіндім. Сондықтан ем қабылдай жүріп, өзгелерге де қол ұшымды беруге тырыстым. Ең әуелі Ерқанат Манжуов, Талғат Жолтаев сынды азаматтармен бірлесе сәуір айында ауруханадағы дәрігерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз етіп тұрдық. Одан кейін Мойынқұм аудандық ауруханасына хабарласып, 20 жылдан бері жөндеу көрмеген өкпені жасанды тыныстау құрылғысының толық жүйесін 2 миллион теңгеге күрделі жөндетіп бердім. Одан бөлек, өзім туып-өскен Мойынқұм ауданы Құмөзек ауылындағы емхананы өкпеге ауа беретін аппаратпен қамтамасыз еттім. Ал облыстық туберкулез ауруханасына 1,5 миллион теңгеге қорғаныш киімдері мен респираторлық бетперде алып берсем, көпбейінді облыстық ауруханаға індетпен күресу үшін 1 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеттім. Осылайша, қолдан келгенше қол ұшын созудамыз.Былтыр біз 1993-1994 жылдан бері игерілмеген Мойынқұмның 150 гектар жеріне көпшіліктің сұранысы бойынша жүгері еккенбіз. Содан 600 тоннадай өнім алып, оның да ырыздығын көппен бірге көрдік.
– Туған топырақ жайлы айтып қалдыңыз. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бір тармағы «Туған жерге ту тігуге» бағытталған. Осы үндеу аясында туған өлкеге қандай көмек көрсеттіңіз? – Ауылдың жайын алғаш 30 жасымда ойлай бастадым. Содан қолдан келгенше 1 қыркүйекте мектеп оқушыларын қажетті кеңсе тауарымен қамтамасыз ете бастадық. Кейін бұған баса көңіл бөліп, Кіші Қамқалы ауылында орналасқан «Құралай сұлу» кесенесін 8 миллиондай қаржы жұмсап, қайта қалпына келтірдік. Одан кейін облыстық мәслихаттың депутаты ретінде мінберде көкейдегі мәселені көтере жүріп, Құмөзек ауылында 40 жылдан бері жөндеу көрмеген Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің күрделі жөндеуіне атсалыстым. Сондай-ақ мектеп түлектері бірлесіп, мектеп жанынан саябақ салдырдық. Балабақшаның да мәселесін назардан тыс қалдырмай, оны да жөндеуден өткіздік. Кеңес үкіметі тұсынан бері ауылда қалған мәдениет үйін бұздырмай, 2015 жылы мемлекет меншігіне өткізіп, оны да ел игілігіне тапсырдым. Ендігі ойым Мойынқұм ауданына кіреберіске «Құралай сұлудың» еңселі ескерткішін қойсам деп отырмын. Бұл жөнінде аудан әкімі мен мүсіншілермен келіссөз басталып кетті. Тағы бір айта кетерлігі, өткен аптада Мойынқұм ауданында жұртшылықпен жүздесіп, мұң-мұқтажын тыңдадым. Солардың өтініштері бойынша ауылға тағы 2-3 миллион теңгеге көмек көрсетсем деп отырмын. Былтыр біз 1993-1994 жылдан бері игерілмеген Мойынқұмның 150 гектар жеріне көпшіліктің сұранысы бойынша жүгері еккенбіз. Содан 600 тоннадай өнім алып, оның да ырыздығын көппен бірге көрдік. Енді келер жылы Биназар ауылынан шағын сүт фермасын ашуды жоспарлаудамын. Бұл жерлестерім үшін қосымша жұмыс орны болады. Осылайша, Елбасының үндеуіне үн қосып, «Туған жерге ту тігіп» жатырмыз. – Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде қара халық өзіңізге қандай мәселемен хабарласады және оны шешіп бере алдыңыз ба? – Мәслихатқа «Ауыл» партиясының атынан өткендіктен, жұмысым ауылдағы ағайынмен тығыз байланысты. Бұрын халықты жеңілдетілген несие, кепілге қоятын мүлік, мемлекеттік субсидия сынды мәселелер толғандырса, қазір қара халық ауылдан дәріхана ашып беруді сұрайды. Шынында, ауылда медициналық пункт болғанымен, дәріхана жоқ екен. Ауыл тұрғыны бір дәрі алу үшін бәленбай шақырым жатқан аудан орталығындағы дәріханаға баруға мәжбүр. Осы мәселені зерттеп, медициналық пункттің жанынан дәріхана ашуды депутат сауалы ретінде жолдасам деп отырмын. Осыған дейін ауыл шаруашылығы мәселесіне қолдау білдіріп келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та бұл түйткілді назардан тыс қалдырмайды деп сенемін. Өзім сайланған округ Тараз қаласының орталығында орналасқандықтан мұнда мәселенің негізі шешілген. Алайда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сұранысы бойынша облыс орталығынан заманауи қондырғылармен жабдықталған тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған орталық ашсам деген жоспарым бар. Бұл бастамаға да облыс әкімі қолдау білдіреді деп үміттенемін. – Қазақ журналистикасының қара нары – Шерхан Мұртазаның көзі тірісінде еңбектерін насихаттап, қорын жинақтаған бірден-бір университетсіздер. Сіздерде «Шерағаның мүлде жарық көрмеген жазбалары да сақтаулы тұр» деген әңгіме айтылып жүр. Айтыңызшы, оның бүгінде қоры қанша? – Университет қабырғасынан 2009 жылы «Шерхантану» орталығы ашылып, оның қадамына Шерағаның өзі батасын берген болатын. Одан бөлек, Шерхан Мұртаза оқу орнының қабырғасында дәріс оқып, шеберлік сабақтарын беріп, университетпен өте тығыз қарым-қатынаста болды. Нәтижесінде, ұлы жазушы өзінің барлық қолжазбаларын мұрағатқа да, мұражайға да өткізбей, бізге тапсырды. Осы қолжазбалардан біз 10 томдық жинақ шығардық. Әлі 15-20 томға жетерлік қор бар. Бұйыртса, осы құнды дүниелерді жылда жарыққа шығарып, оқырманға жолдайтын боламыз. – Жұрт білмейтін тағы қандай жаңалығыңыз бар? – Жуырда облыс әкімі Бердібек Машбекұлына таныстырып, келісімін алып шыққан құпия бір бастамам бар. Алайда сұхбат беріп, оған қоса жер телімі белгіленіп, негізгі жұмыс басталғандықтан көпшілікті хабардар етейін. Биыл біздің университет ғалымдары облыс бойынша тұңғыш рет форель балығын өсіретін шаруашылық ашқалы отыр. Бұл жобаға жан бітіру үшін 1 ай бойы Қордай ауданынан бастап, Жуалы ауданына дейінгі тау суларының көзін қарап шықтық. Нәтижесінде, форель балығы өмір сүре алатын бір су айдынын таптық. Ол орын әзірге құпия қалсын. Алайда қараша айында алғашқы балықтардың жүзіп жүргенін көріп қаласыздар. Бұл өңір өндірісі үшін жаңа тыныс қана емес, жұртшылықты жұмыспен қамтитын бірден-бір шаруашылыққа айналмақ. – Әңгімеңізге рақмет! Алдағы бастамаларыңызға тек жеміс тілейміз!Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы