Таразда жаңа нысандар ашылды
Таразда жаңа нысандар ашылды
211
оқылды
Ең алдымен «Қазақ халқына мың алғыс» монументінің лента­сы қиылды. Өңіріміздегі ұлт пен ұлыстардың қазақ еліне де­ген кіршіксіз ризашылығы мен алғысының белгісіне айналған монументтің ашылуына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, аталған нысан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай бой көтергенін атап өтті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында көпұлтты елімізде халықтар дос­тығы, бірлік, татулық пен тұ­рақтылық салтанат құруда. Әри­не, 29 жыл тарихи қас-қа­ғым сәт. Дегенмен еліміз осы уа­қыт аралығында толайым та­бысқа, үлкен жетістікке жетті. Мем­лекетіміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі – көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтай білу. Біз қуғын-сүргін кезінде  миллиондаған қоныс аударушыларды  қабылдап, аштық пен соғысқа қарамастан олармен барымызбен бөлістік. Бүгінде олардың ұрпақтары Қа­зақстанды өздерінің туған үйлері, өз Отанымыз деп санайды. Біздің басты байлығы­мыз – ел­де­гі тыныштық пен тұрақ­тылық. Шүкір, еліміз егемендік алғалы бейбіт өмір сүрудің өне­гесін көрсетіп келеді. Тату­лық пен бейбітшілікті, қо­ғамдық тұрақтылықты нығайту мақсатында қыруар жұмыс ат­қарылуда. Бүгін ашылып отыр­ған  «Қазақ еліне мың алғыс» монументі де осы сөзімнің  айғағы. Осыдан 2 жыл бұрын Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздегі барлық облыс орталықтарында «Қазақ еліне мың алғыс» мону­ментін салу туралы тапсырма берген болатын. Монумент – барлық ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген ризашылығының белгісі. Егемен елдің бірлігін көздің қарашығындай сақтау – сіз бен біздің қасиетті парызымыз. Әр­бір қазақстандық осы міндетті  мүлтіксіз орындап, бірлігімізді бойтұмардай қорғап, сақтай білейік,– деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев монумент құрылысын жүргізген серік­тестікке де  алғысын білдірді.
Ал «Днепро» украин эт­номәдени бірлестігінің төрағасы Федор Клименко барша ұлт пен ұлыстардың  атынан қазақ халқына алғысын жеткізді.
– Бүгінгі ұрпақ сонау бір қиын-қыстау шақта қазақ хал­қының талай ұлт пен ұлысқа құ­шағын айқара ашып, қамқор бо­лғанын білгенімен, осы бір тарихи оқиғаның мән-мазмұнын сезіне бермейді. Қиын шақтарда қолындағы бір үзім нанын өз­гелермен бөлісіп, мейірімділік көрсеткені үшін барша қазақ жұртының алдында басымды иемін. Қазақ халқы бізге дос­тықты бағалаудың  үлгісін көр­сете білді.  Одан кейін де 15 од­ақ­тас мемлекеттен құралған Ке­ңес үкіметі тарап, қазақ елі тәуелсіздігіне қол жеткізген сәт­тен бастап ұлтаралық ке­лісім мен татулықтың туын жық­пай, қолында берік ұс­та­ған Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа да айтар алғысымыз шексіз. Ел­басы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы эко­номикалық қиыншылықтарға қарамастан Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Киелі Әулиеата өңірінде де этносаралық келісім мен жарастықтың мысалын көп­теп кезіктіре аласыз. Өзге ұлт өкілдері сан түрлі салада жер­гілікті тұрғындармен иық тірестіре жемісті еңбек етуде.  Біз осы бір бауырластық жайында бүгін де, ертең де айтуымыз керек,– деді Ф.Клименко.
Жалпы, монумент құры­лысын «Темір-Байлық» жа­уапкершілігі шектеулі  серік­тестігі жүргізген. Биіктігі 30 метр нысанның жобалық құны –  158 миллион теңге. Бұл күні тараздықтарға тағы бір теңдессіз тарту жасалды. Құрылысы 3 жыл  бойы жүргізіл­ген  «Арбат-1» де­малыс орны көпшілікке есігін ай­қара ашты. «Темір-Байлық» серіктестігінің бригадирі Еркін Ержанұлының айтуынша, құ­рылыс барысында 200-ге жуық қала тұрғыны жұ­мыспен қам­тылған. Демалыс орнында құр­ғақ және ұзындығы 20 ме­трге созылған сазды  су­бұрқақ ор­натылған. Бұдан  бөлек, мұн­да қала тұрғындары мен қо­нақ­тарының тынығып, бос уақытын тиімді өткізуіне   бар­лық жағдай жасалған. Тараз төрінде Қазақ хан­дығының 550 жылдығы аталып өткен тұста «Тараз» қонақүйінің алдынан саябақ ашылған бо­латын. Бұл – Маңғыстау облысы­ның тойға тартуы. Міне, осы демалыс орнынан кеше ұлт­тық аспабымыз «Домбыра» ес­керткішінің ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып,  Елбасының  шешімімен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленгенін  атап өтіп, бұл мерекенің ұлттық ру­ханиятымызға қосар үлесі орасан екенін  жеткізді. – Биыл  Ұлттық домбыра кү­нін барынша ұлықтадық. Алай­да  әлемдік пандемияға байланысты оны ресми атап өте алмадық. Дегенмен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің оқытушылары мен студенттерінің қолдауымен жатақхана алдындағы саябақта домбыраға ескерткіш ашылып отыр. Мұндағы мақсатымыз – университетте оқып жатқан жас­тар домбыра пернесіне төгілген күй мен жыр арқылы өздеріне күш-жігер алып, сапалы білім алуына себеп болу. Баршамызға қазақта мықты күйшілердің өткені тарихтан белгілі. Сол се­кілді біздің өңірден жыр алыбы Жамбыл да шыққан. Бүгінде сондай тума таланттарымыздың өнерін жалғастырып келе жат­қан елімізге танымал күйші Әбдімомын Желдібаевтың бір күйінің өзі әлемге таралып, дү­ниежүзі қазақ деген ұлт пен Қа­зақстан деген мемлекеттің бар екенін таныды. Айта кетерлігі, саябақта орын тепкен алып домбыраның биік­­тігі – 7,5 метр. Ол ұлттық өнер­ге бейжай қарай алмайтын де­меушілердің көмегімен бой кө­тер­ген. Міне, осылайша Тараз қаласы тағы түрлене түсіп, рухани һәм мәдени нысанмен толықты. Бұл сөз жоқ, кейінгі ұрпаққа бү­гінгіміз бен өткенімізден сыр шер­тіп, мол мұра болатыны дау­сыз.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы