Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, оқушы қыздар төбелесіне қатысты тергеу жүріп жатыр. Балалар мен ата-аналарға қандай шара қолданылатыны тергеу аяқталып, сот шешімі шыққан кезде белгілі болады.
Естеріңізде болса, оқиға 20 қыркүйек күні Кеңқияқ ауылында болған. 21 қыркүйекте облыстық білім басқармасына бұл жағдай туралы мәлімет түскен. Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, аудандық білім бөлімі, ішкі істер бөлімі мен прокуратураның зерделеу жұмысына байланысты облысқа ақпарат кеш жеткен. Үш директор өз еркімен жұмыстан кету туралы арыз жазғанымен, оларды орнынан босатпаған. Себебі директорларды жұмыстан босату негізсіз екен. Алдағы аптада облыстағы аудан мектептерінде тәрбие жұмысы жүргізіледі. Егер тергеу аяқталған соң директорлар қызметін толық атқара алмаса, тиісті шешім қабылданады.
Үстінен қылмыстық іс қозғалған қыздар төбелесі әлеуметтік желідегі ортақ чаттан бастау алған. Олар мессенджерде бір-бірімен сөзге келіп, арты төбелеске ұласқан. Кейіннен қыздардың кешірім сұраған видеосы желіде жарияланып, талқыға түскен еді.