Біздің сөз етіп отырған мекеме – Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті. Бұрынғыша айтсақ, СЭС-тің сесінен бәрі сескеніп отырғандай.
Жалпы, журналистер қауымы аталған мекеменің жұмысымен коронавирус пандемиясы басталғаннан кейін жақсы таныс. Оған дейін атауы мен басшысы сан мәрте ауысқан департаментке тілшілердің жолы көп түсе бермейтін. Алайда әлемдік пандемияның алғашқы айында БАҚ өкілдері бірауыз ақпарат алу үшін мекеменің есігін күзетіп, терезесіне телмірумен болды. Басшысына шықсаң, баспасөз қызметіне сілтейді, баспасөз қызметі қолында қажетті ақпарат болмағандықтан ол да үндемейді. Соңы «ақпаратты облыстық денсаулық сақтау басқармасынан алыңдар» деп, басқа жаққа жол сілтейді. Ал денсаулық сақтау басқармасына жүгінсең, бұл мекеменің құзыретіне кірмейтінін айтып, олар шыж-быж болады. Қойшы, әйтеуір екі мекеменің арасында жүгіріп ентіккен журналист соңында облыс әкімдігіне жүгініп немесе өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингін күтіп, бір ақпарат алып жүрді. Бұл мәселені жергілікті журналистер сан мәрте көтергенімен, ол мекемеге ешкімнің тісі батпады.
Осыдан бірер ай бұрын «Жамбыл–Тараз» қалалық басылымның басшысы, мәслихат депутаты Эльмира Мырза-Ғали «Жасұлан и К» дәріханасына бағаны тексеріп барғандағы ондағылардың дөрекі әрекетін ашына жазды. Артынша Жамбыл облысы бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мадина Шиналиева дәрі бағасын бақылап жүрген белсенділерді «бездельникке» теңегені қызу талқыға түсті. Тіпті, бірқатар республикалық басылым бұл мәселені көтеріп, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысында Мадина Шиналиеваның әдебін Әдеп кеңесінде қарау мәселесі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаевқа тапсырылды.
Міне, осы жайттардың барлығы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың шымбайына тиді ме, әлде шыдамның да шегі бар деді ме, облыс әкімдігінде аталған департамент басшысын сойып салды.
Жалпы, жиын қалыпты жағдайда өтіп жатқан. Жауапты мамандар коронавирустың болжамды екінші толқынына дайындық барысын баяндап, жиылғандар мамыражай күй кешіп отырған еді. Кенет кезек облыс бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбековке келгенде аймақ басшысы ашуына мінді. Мобильді топтың жұмысын барынша жақсы жағынан көрсеткісі келген департамент басшысының сөзін жоққа шығарып,іс жүзінде жұмыс жүрмей тұрғанын Бердібек Машбекұлы нақты дәлелдермен әшкерелеп берді. «20-қыркүйекке дейін карантин талаптарын сақтамаған орындарға 24 миллион теңгеге жуық айыппұл салдық» деп департамент басшысы барынша ақталғанымен, оларға қарасты Тараздағы қалалық мекеменің қызметкерлері қызметінде қалғып отырғанын бетке басты. Ал басқосуға онлайн байланыс арқылы шыққан қалалық мекеме басшысының орынбасары соңғы мәрте қай жерді, қай уақытта тексергендерін анық айтып бере алмады. Бұл сауалға жауап бере алады делінген мекеменің басшысы болса, демалысқа шығып кеткен көрінеді.
Тағы бір сорақысы – облыс бойынша Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қалалық басқармасына жүктелген 86 істің 66-сын олар «біздің міндетімізге жатпайды» деп қала әкімдігіне қайтарып жіберген екен. Мұндай «сен салар да, мен салар...» әрекетті облыс әкімі қатаң сынға алып, басқарманың басынан сипамады.
– Сіздер ешқандай ақпаратты бермейсіздер бізге. Мәлімет жоқ. Бұл сіздердің жұмыстарыңыз. Әлде, басқа жақта істейсіздер ме? Департаменттің жұмысы өте нашар. Мәселелеріңізді министрлікке жеткіземіз, – деп Бердібек Машбекұлы тоқетерін айтты.
Міне, «СЭС» пен мобильді топтардың осындай салғырт жұмысынан кейін карантин кезінде тойханалар мен сауда орындары еркінсіп кеткен. Атап айтсақ, карантин шараларына қарамастан, Қазыбек би көшесі бойындағы Bora сауда үйі, Жамбыл даңғылындағы Mart Magnat, Лермонтов көшесіндегі «Бейбарыс» сауда орны, Қаратау шағынауданындағы «Гаухар» сауда кешені, Қонаев көшесіндегі Adora me сауда үйі, Әйтеке би көшесіндегі Mansаrd түнгі клубы, Желтоқсан көшесіндегі «Ақ орда» мейрамханасы, Абай даңғылындағы Enigma клубы, әл-Фараби көшесіндегі «Арал» моншасы ешқандай сақтық шараларын сақтамаған. Бұған қоса, қаладағы «Алма-ата», «Гаухартас», «Үміт», «Сәтті», «Тараз Холл» сынды мейрамханалар да карантин талаптарын бұзып, той-томалақты тоқтатпаған. Т.Рысқұлов, Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм және Талас аудандары карантинді көзге ілмеген. Облыс әкімі Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған карантинде той тойлап жүргендердің суреттерін слайд арқылы көрсетіп, жаза басқандардың ақталуына еш мұрсат бермеді.
– Әкімдіктегі қызметкерлер күні кеше ғана «Інжу-Маржан», «Грант Шырын» мейрамханаларына телефон шалып, той жасауға тапсырыс беру жөнінде сөйлессе, олар қазан айына дейін мейрамханада орын жоқ екенін айтып отыр. Барлығында той өтіп жатыр. Ал той өткізуге біз рұқсат берген жоқпыз. Міне, сіздерге дерек керек болса. Осыны қадағалап отырған жоқсыздар. Маусым айында не болғанын ұмытпайық. Карантин талаптарын бақылауға басымдық беріңіздер. Ауылдарда ақсақалдармен сөйлесіп, көпшілік шараларға тыйым салу қажет, – деді аймақ басшысы.
Жиында Бердібек Машбекұлы дәрі-дәрмек мәселесіне де мән беріп, бірқатар сын-ескертпе айтты.
– «Садыхан» дәріханасында қарапайым аспирин жоқ. Дәріханаларда қазірден дәрі болмаса, ертең екінші толқын басталғанда не істейміз? Жағдайды қатаң бақылауға алыңыздар.
Қажетті дәрілерді қадағалау – «СҚ-Фармация» ЖШС-нің негізгі міндеті. Тіпті, 2021 жылға осы бастан дәріге тапсырыс берулеріңіз керек. Қажетті дәрілерді зерделеу үшін тікелей денсаулық сақтау басқармасымен байланысып жұмыс істеңіздер. Келесі жылы биылғы кемшіліктерді қайталамауға тиіссіздер.
Әсет Әскербекұлы, сіздердің жұмыстарыңыз таңертең аурухана мен дәріханалардан басталуы қажет. Мобильді топтар да басқармамен бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Жақында тағы жедел жәрдем көліктері келеді. Мойынқұмда науқастанып қалған адам не себепті Тараздағы жедел жәрдемнің орталығынан рұқсат сұрап, уақыт жоғалтуы керек? Бұл жақтан хабар жеткенше, ол науқас өмірден озып кетсе қайтесіздер. Олай болмайды. Аудандағы жедел жәрдем қызметі сол ауданның бас дәрігеріне қарауы тиіс, – деп, «СҚ-Фармация» ЖШС-нің облыс бойынша уәкілі Айжан Тортаева мен денсаулық басқармасының басшысы Әсет Қалиевке ескерту жасады.
Айтпақшы, денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Әсет Қалиевтың бұл көпшілік алдында облыс әкімінен алып отырған алғашқы ескертуі. Басқарманы басқарған Марат Жұманқұлов өз еркімен қызметтен кеткеннен кейін енді коронавирустың болжамды екінші толқынына дайындықты пысықтау жаңа басшыға жүктеліп отыр. Әйтеуір Әсет Әскербекұлы «СЭС»-тен сескенбей, керек жерде «жүнін қомпайтады» деп сенеміз.