Шамалғандағы шарадан соң Амандық Ғаббасұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында жүзеге асырылған «Нұр-Аман» денешынықтыру-сауықтыру кешенінің тұсаукесер рәсіміне қатысты. Райымбек ауылында бой көтерген ғимарат өңірдегі салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спорттың өркендеуіне үлес қосары анық. Салтанатты шарада сөз алған өлке басшысы ең алдымен 2020 жылы денешынықтыру мен спорт саласын дамыту мақсатында облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылғанын атап өтті.
– Биыл «COVID–19» пандемиясына байланысты карантин жағдайына қарамастан, облысымызда ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның айқын бір дәлелі – бүгінгі Райымбек ауылында пайдалануға берілгелі отырған денешынықтыру-сауықтыру кешені. Облыстың кәсіпкер азаматтары бұқаралық спортты дамытуға, туған жерін көркейтуге белсене атсалысып келеді. Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар, спортқа қолдау көрсетуі – өскелең ұрпаққа қызмет еткені. Осындай игі істің атқарылуына үлес қосқан Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевқа, сондай-ақ осы спорт кешенінің құрылысын жүргізген «Элитстрой проект» құрылыс компаниясының төрағасы Бекзат Сарманов пен Қайрат Оразбековке ризашылығымызды білдіреміз. Аталған нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып, құрылысына 1,8 млрд теңге жұмсалды. Кешен заманауи жабдықтармен жабдықталған. Спорт кешенінде бокспен, күреспен, дзюдомен, таэквандомен, ауыр атлетика және футболмен айналысуға болады, – деген облыс басшысы жаңа ашылған спорт кешені тұрғындарға қызмет етіп, мұнда еліміздің абыройын арттыратын республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өтетініне сенім білдірді.
«Нұр-Аман» спорттық кешенінің салынуына мұрындық болған облысымыздың құрметті азаматы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев кіндік қаны тамған ауылға қамқорлық жасауды перзенттік парызы санайтынын айта келіп, осы кешеннен болашақта еліміздің көк байрағын желбірететін спортшылар шығатынына үміт артты. Соңында Амандық Ғаббасұлына атақты спортшылардың қолтаңбасы бар волейбол добын тарту етті.
Кешеннің лентасы қиылғаннан кейін салтанатқа жиналған қонақтар ғимараттың ішін аралап көріп, волейбол, бокс, күрес, гимнастика залдары мен шахмат-дойбы бөлмесінің жұмысымен танысты. Өлке басшысы мен спорт меценаттары боксшыларға былғары қолғаптар, балуандарға арнайы киімдерін сыйлап, тағы бір берекелі шаруаны бастап жіберген. Амандық Ғаббасұлы мен Амангелді Смағұлұлы облысымыздың абыройын асқақтатып жүрген «Жетісу» волейбол командасының ойыншыларына арнайы медаль табыстаса, сайыпқыран спортшылар жиналған қауымға тамаша ойын үлгісін тарту етті.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы