Опындырған орынбасарлар
Опындырған орынбасарлар
197
оқылды
Иманды болғыр марқұм ағатайларымыз Алдар көсе мен Қожанасыр адасып жүрген бе, әлде ішкі түйсікпен білген бе, өздері айта жатар, Атыраудың ақ айдыны жағалауында  түйісіпті. Көптен көрмегендіктен бе, бірін-бірі құшақтап әбден сүйісіпті. Насыбай атып, әңгіменің қызығына батып, ақырында әрнені шатып отырып, «осы күлкі көмбесіне келгенде сен үлкенсің бе, мен үлкенмін бе?» деген салмағы ауыр сұрақтың жауабын таппай өзара қырықпышақ боларманға барыпты. Алдар аға қашан да сөз тауып кете берген ғой: -Қадірлі Қожаеке! Сізді әлем біледі. Мені қазақтар ғана біледі. Сондықтан Күлкі корпорациясына Сіз бастық болыңыз да, мен орынбасарыңыз-ақ болайын,-деп ізеттілік танытыпты. Інілік ізетке кімнің іші жылымайды? Қожанасыр жәкеміздің көңілі босап, шыланған жанарын шапанының жеңімен сүрткіштепті. -Алдарым-ай! Айналайыным-ай! Жүйке-жүйкемді жидітіп жібердің-ау,-деп  теңізге қарап ұзақ ойланып отырып қалыпты. Әлден соң орнынан алабұрта тұрып, жағалауды  бірінен соң бірі ұрғылап жатқан толқындарға қарап ауыр күрсініпті. -Қожа аға! Неге ауыр күрсінесіз?- деп Алдар ағасының алдына тізерлеп отыра кетеді. -Күрсінбей қайтейін? Бүгінде орынбасар біткеннің жолы оңғарылған емес. Әсіресе осы Атырауға орынбасар құтаймай-ақ қойды. Соған қарап сенің де жолын болмай қала ма деп уайымдап отырмын,-деп Нәсіредин ағатайымыз құмға отыра кетіпті. -Япырай, қатты айттыңыз-ау. Мұнда не болып еді сонша?-деп Алдар шошынды. -Е, ешкім білмей-ақ қойсын. Осы жерде қалсын. Мен айтқан жоқпын, сен тыңдаған жоқсын,-деп тағы бір күрсініп алған Қожа аға әңгімесін былай ағытты. Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова сырт көзге сыпайы көрінетін кербез келіншек еді. Бір күні оның құлағына шайтандары сыбырлады ма, әлде алақандары жыбырлады ма, кім білсін, оңай олжаға белшеден батып қалғысы келді. Сосын шеттеп шығып, мықты демалыс орындарының біріне жатып алғысы келді. Жемекке деген құлқынға жемқорлық деген көмекке келеді емес пе, тап осы кезде мектеп асханаларына жиһаздар таратылып жатты. Осы жиһаздардың жалпы құны 34 миллион теңге еді. Миллиондарды қойша маңыратып текке жібергені жақсы ма, әлде жырымдап бір бөлігін «шетке» жібергені жақсы ма? Әрине, шетке кетсе де қой сияқты етке кетпейді. Қалтаға түседі. Қалтаға түсіп малтаға айналады. Малтабар деп осыны айтады. Енді Нұрсәуле нұрлы бастамасын жүзеге асыруға шындап кірісті. Несіне отыр, бітіре алмаса бір істі? Сосын ол жиһаз жеткізуші кәсіпкерлермен келісті. Олар «міне, сіздің үлесіңіз» деп орынбасарға 5 миллион теңге бөлісті. Өтірік айтып не етейін, дәл осы оқиғаны Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Жанна Бастарова хабарлады. Артынша Нұрсәуленің бес миллионға көзі түскені, сөйтіп өзіне тиесілі емес құдықтан су ішкені үшін екі жылға бас бостандығынан айырылғаны белгілі болды. Хош деңіз. Атыраудағы алармандық мұнымен де шектелмейді. Сайып келгенде, ретті жерде жонып жегенді ешкім де кім жек көрмейді. Осы облыстағы білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиев пен оның орынбасары да теңге десе өңге дүниені ұмытып кете ме дерсің. Олар мемлекеттік сатып алу шараларына қолдау көрсетеміз деп кәсіпкердің қалтасына түскен. Түскенде де 10 миллион теңгесін  тартып алғандай болған деседі. Олай болмаса қаржы полициясы індетіп іздеріне түспес еді ғой. Бұлардың да ісі сот алдында жауап берулерімен бітті. Тап осы облыста бір аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімінің басшысы мердігерді бопсалап, пара алғаны үшін сотты болғаны әлі ұмытыла қойған жоқ. Құдуанда, тап осы оқиға айна-қатесіз тағы қайталанып отыр. Бір бөлекшелігі, бұл жолғысы олардан бір саты жоғары. Яғни, облыс әкімінің бірінші орынбасары мен құрылыс басқармасының басшысы. Нақтылайық. Таяуда ғана Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтандағы арнайы өкілдері Атырауға жедел ұшып келіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровты  182 миллион теңге көлемінде пара алғаны, әлде алуға оқталғаны үшін тұтқынға алды. Бұлтартпас дәлелдермен сотқа дейін екі айға қамауға тоғытты. -Қожа аға, мына айтқандарыңыз рас болса, сұмдық екен ғой,- деп Алдар аландады. -Шындық болғанда да шыңғырған шындық. Бұл фактілерден қашып құтыла алмайсың. Сосын ресми дерек көздері соңғы жылдары Атырау облысында сыбайлас жемқорлықтың белең алып кеткенін растайды. Санап тауыса алмайсың. Сенбесең, қаржы полициясынан дерек алып берейін,-деді Қожанасыр жәкеміз жөткірініп қойып. -Қайтесіз. Сіздің сөзіңізге сенбеске шара бар ма? Ағатай, осы жерден кеткім келіп тұр,- деді Алдар Көсе алақтап. -Неге? -Өзіңіз емес пе ылғи «бүлінген жерден бүлдіргі алма» деп отыратын. -Япырай, солай деп пе едім? Ендеше, кетелік,- деп Қожа орнынан көтерілді. Япырау, Атырау не болып кеткен өзі? Қожанасыр мен Алдар ағадан ұят болды. Зәуімен бір келіп қалып еді,қайта оралар ма екен?..  

               Сабырбек ОЛЖАБАЙ