Жағасы жайлау бола ма?
Жағасы жайлау бола ма?
418
оқылды
Адамдар шөп жейтін болса. Қарнымыз ашқанда тау беткейлеріне жайылып кетсек. Жайыла, жайыла, кетпен тауға жетсек. Сөйтіп, қарнымыздың ашқанын нетсек... Жайылғанда, мал сияқты етпетімізден жата кетіп, күтірлетіп жей берсек.Сондағы әңгімеміз былай кетер еді. –Менің әйелімді көрдіңіз бе? –Жаңа арғы сайда жайылып жүрген. –Бір өзі ме, не? –Жоқ, қасында кластас жігіттер жайылып жүрген... –О, оңбаған, қанша  айтамын, бірге жайы­лайық деп, кетіп қала береді... Бәріміз жайылатын болсақ... Министрлер шұ­рай­лы жерлерге жайылады екен. –Ойбай, ол жаққа барма! –Неге? –Минтстрлер жайылып жүр. –Немене, қара  халық адам емес пе? Шүйгін жерлерге олар жайылады, ал біз тастақ жерде жайылып жүрміз. –Жекешелендіріп алған ғой... Осылай болса... Қарын сонша аша қояр ма еді? Қыстық шөбімізді жинап аламыз. Престеп. Құдаларымызды шақыратын болсақ: –Құдеке, жоңышқадан ауыз тисеңізші? –Жоқ рахмет, силос жеп жатырмын. –Сабанннан жасалған салат қалай? –Керемет екен! –Құдеке, айлығыңыз шөп сатып алуға жете ме? –Жеткенде қандай! Осылай, адамдар тек шөп жейтін болса... –Қарындас, аялдамада не жеп тұрсыз? –Шөптен жасалған перашки. –Тауға шығып, бірге жайылып келсек қай­теді? –Жоқ, рахмет, саябақтардағы шөпке жайы­лып келдім. –Атыңыз кім? –Жоңышқагүл, –Менің атым Сабанбек. –Қуаныштымын. Осылай адамдар тек шөп жейтін болса... Әкімдер де... –Ойбай, қаланың әкімі үкіметтен бөлінген  бес тонна шөпті бір өзі жеп қойыпты! –Қойшы? –Ол қойшы емес, әкім ғой. –Қойшы? –Қойшы емес деймін! Қайдағы чабан? –Қойшы? –Әкім деймін, әкім, әкім. –Өй, мен әшейін таң қалып жатырмын деймін! Адамдар осылай тек шөп жейтін болса... Сонда деймін, айлықтарына қызықпас па еді?Айлығы нәйеті қырық мың теңге болса да, шөпке жайылып жүре берер ме еді? Ал, ми­нистрліктердегі жауапты хатшыларды пре­зидент елге жолдауында неге сынап тастады? Өйткені, олардың айлықтары  800-830 мыңға дейін екен! Не деген батпан құйрық, министр­ліктер алдында жатқан құйрық?  Енді президент сынына байланысты  жауапты хатшылық қысқартылайын деп тұр. Заңға сәйкес Жарты миллионнан астам жалақысы бар жауап­ты хатшылардың орнын министрліктердегі аппарат жетекшілері басады. Олардың айлығы бір миллионнан асып кетпесе жарар еді?! Қазақстан премьер-министрінің орын­басары Е.Тоғжановтың мәлімдеуінше былай екен: «Жалпы еңбекақы әркімде әртүрлі. Еңбек өтіліне байланысты 815-830 мың теңгеге дейін барады. Бүгінде мемлекет басшысының тап­сырмасы күн тәртібінде тұр».  Енді 15 министрліктің жауапты хатшылары қай жайлауға барар екен? Жағасы жайлау бола қоя ма?  

Ратхұм МІРЕШ