Батпан құйрық
Батпан құйрық
307
оқылды
Бүгінде шым-шытырықты Шым­кентте шу шықпаса  ад­амдарының басы ауыратын бо­лды.  Талай тартыс болып жатыр. Қайсыбірін айта берейік. Бірақ, мынаусы енді айтқызбасқа қой­майтын шынымен де шыжық  оқиға. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров көзі тірісінде Шымкентті қайтсем абаттандырамын деп жанталасып өтті. Күл-қоқыс алаңын аршытып, қалаға тыныс беретін ден­дросаябақ салдырды.  Шаһардың өкпесі болып тұрған осы ден­дросаябақ болмаса қала тұр­ғындары бүгінде  противогаз киіп жү­рер ме еді деп те ойлаймыз.Асанбай ағадан мұра болып қал­ған зообақ пен атшабар (иппо­дром) да қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуаныштары. Бір ошақтың үш аяғындай осы үш игілікті қала тұрғындары ешнәр­сеге де айырбастығысы келмейді. Бірақ, майлы да жайлы жер көрсе қона кететін шыбынға ұқсап көрікті де керекті маңай көрсе иектеп жүріп алатын майшелпек іздегіштер қазір құ­мырсқадай өріп жүр. Басқа-басқа емес, бір дәудің көзі тап осы атшабарға түсіпті. Атшабарға қай бәтшағардың көзі түскенін кейі­рек айтамыз, бірақ тап осы жерді басқаға көзі қиып ешкім де бергісі келмейтіні анық. Өйткені, мереке күндері  Наурыз алаңында, этно­ауылда салтанатты шараларды тамашалаған көпшілік іргедегі атшабарға оңай жетеді. Одан әрегірек таяқ тастам жерде дендробақ жатыр. Ипподром көшірілсе көркем де келісті суреттің бір бүйірін әлдекім жұртып алғандай  көңіл шіркін құлазып, жетімсіреп қалатындай . Иә, қашан да бүтінді бүлдіру оңай, қайта қалпына келтіру қиын. Алайда, Шымкент қаласының әкімшілігіндегілер бұған қарсы дау айтады. «ВI Group» компаниясы  Шымкентке анау-мынау емес, 135 миллиард тең­генің инвистиясын салмақ көрінеді. Құрылысқа алты мыңға тарта құрылысшы тартылады. 2500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жаман ба осы? Әрине, жақсы. Бек жақсы. Компания өкілдері  өз тұжырымдамалары аясында осы жерден ерекше балаларға арналған «Жұлдыз-ай» оңалту орталығын салуды мойындарына алған. Мұндай орталық Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан басқа ешжерде жоқ көрінеді. Компания басшылары қала­ның солтүстік бөлігінде 500 мың шаршы метр аумақта заманауи әкімшілік-тұрғын үй кешенінің құрылыс жобасын ұсынғанда оған Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, Шымкент қала­сының әкімі Мұрат Әйтенов, компания басшысы Айдын Рахымбаев қатысқан. Қала әкім­інің орын­басары Бауыржан Мамытәлиевтің айтуынша, әкім­шілік-тұрғын үй  кешенінің жо­басы мақұлданса, ипподромды аталған компания өз қаражатына салып бермек. «Ал­тын шыққан жерді белден қаз» демей ме қазақ. Осы келісім үстінде қала басшылығы «тұрғын үй салынатын аймаққа мектеп пен емхана да салып бересіздер ме?» деп сауал тастамайды ма? Сонда компания бұған бірден келіскен көрінеді. Бұдан бөлек компания «Тұлпар» көлінің аумағын абат­тандырып беруге де міндеттелген. Япырмау, бұл не қылған батпан құйрық? Айдалада не қылып жатқан құйрық?  Ат­шабардың астына біреу алтын кө­міп кеткен бе?  Осынша құ­рылыс­тарды сала берсе компания­ның өзіне не қалады? Иә, әр кәлла­да бір қиял. Әзірге естігеніміз, қала сырты­нан жаңа атшабарға 24 гектар жер бөлінген. Демек, ерте ме, кеш пе атшабар қала сыртына көшеді. Ал, зообақ ше? Ол жаңа құрылыс салынатын жерге иек сүйеп тұр ғой. Ал талап бойынша тұрғын үйлердің маңына зообақ салуға  болмайды. Сонда зообақты да қала сыртына шығаруға тура келер. Қаланың қақ ортасындағы зообаққа оқушылар келе алмайды. Ол қаланың шетіне «жер ау­дарылса», жануарлар әлемінен балалар тіптен жырақ қалады десеңші. Зообақ демекші, осы мекемеге  әу баста 52 гектар жер бөлінген. Зообақтың айналасынан  әлдебір әкімнің тұсында тұрғын үйлер үшін 22 гектар жер сатылып кеткен. Тістеген жерінен тастай қатып айырылмайтын сасық күзең деген аң болады. Сол секілді ипподром орналасқан жерге көзің қадап, айырылмай отырған компания басшыларының көздегені не? Қала тұрғындары осыны айтып шуласады. Ал, қазір қала әкім­індегілер қоғамдық тыңдау өт­кізілмегенін айтып, халықты ты­ныштандырып отыр. Қоғамдық тыңдау қалтарыста өтсе ше?.  

Тутанбалы ДӘНІҚҰЛ